"БИІКТІГІ - 33 МЕТР": ҚЫТАЙМЕН ШЕКАРАЛАС АУДАНҒА АЛЫП КӨК ТУ ОРНАТЫЛДЫ

Уақыты: 02.10.2020
Оқылды: 1458
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Үшарал қаласындағы «Даңқ» аллеясына алып Ту тұғыры орнатылды. Тұғырдың биіктігі - 33 метр, Ту көлемі - 3:6 метр. Алыстан көрінетін мемлекеттік нышан шаһарымыздың көрнекті орындарының біріне айналары сөзсіз.

Шараның шымылдығы Гимніміздің орындалуымен ашылып, алып байрағымыз өз биігіне көтерілді. Жүрек тебірентіп, патриоттық сезімімізді ұлғайтар кереметтей сәтті тамашалаған тұрғындар да алақан соғып, ыстық ықыластарын білдірді.

Құттықтау сөз алған Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев:

- Үшарал қаласының бүгінде сәні мен салтанаты жарасып, уақыт өткен сайын көркейіп келе жатқаны мәлім. Ал бүгінгі жаңа нысан шаһарымыздың келбетіне әр беріп, сәулеттендіре түсетініне сенімім мол. Кеше ғана жоспарда болған дүние бүгін, міне, жүзеге асып, барлықтарыңыз осы маңызды сәттің куәгері болып отырсыздар. Мемлекеттік Туымыз көкке көтеріліп, ауданымыздың айбынын асқақтата түсті. Ендігі кезекте осы маңға Ата заңымыз бен қалған Мемлекеттік рәміздерімізді орнатуды жобалап отырмыз, - деп, Үшарал көгінде желбіреген жалауымыздың тұғыры теңселмесін деген тілек білдірді.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы