АУДАН БАСШЫЛАРЫ ЕСЕП БЕРДІ

Уақыты: 12.06.2021
Оқылды: 1239
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ  тағайындалғанына көп бола қоймаған  аудан әкімдерін қабылдап, қолға  алған  және алға қойған мақсаттарымен танысты.  Алдымен тау бөктеріндегі  Райымбек ауданының әкімі Нұржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТЫ тыңдады.  

Ауданда биыл ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың  90 жылдық мерейтойы тойланбақшы. Осыған орай  көптеген құрылыс жұмыстары қолға алынуда.   Нарынқол ауылында Мұқағали Мақатаевтың ескерткіші орнатылмақшы. Қарасаз ауылындағы А. Барманбекұлы атындағы  орта мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп,  ауызсу жүйелері қайта жаңғыртылып, орталық көшелерінің шарбақтары, көше жарықшамдары жаңартылады. Сарыжаз ауылындағы «Райымбек баба» ескерткішіне ағымдағы жөндеу жүргізілмек. Қарасаз ауылындағы иесіз тұрған үйлер, ғимараттар бұзылып, ретке келтіріледі. 
Амандық Ғаббасұлы  Мұқағали ақынның  90 жылдығын тойлауға арналған бағдарламаны пысықтады. Тойдың сәні мәнінде екенін еске салды. «Республика  көлемінде өтетін мерейтой халықтың рухын көтеруі тиіс. Шақырылған қонақтардың ақын шығармаларымен сусындауына  барынша назар аударылсын», –  деді әкім.  Екі күндік шарада  «Мұқағали – ғасыр ақыны»,  «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты ғылыми-танымдық конференция өтетіні айтылды. 
Айдынды Алакөл ауданына да жақында жаңа әкім Алмас АБДИНОВ тағайындалған.  Оған жүктелген міндетті пысықтауды облыс басшысы  болашақта қант зауытының іске қосылуымен байланыстырды.  «Мен сені Алакөлге әкім етіп тағайындағанда  қант зауытын іске қосу мен туризмді дамытуды тапсырғанмын. Содан кейін шегаралы аймақтың тыныштығы мен  Қытай елі азаматтарына  жақын жерде жұмыс істейтіндердің  қарым-қатынасын назардан шығармауды қайталап айтамын.  Әуежай салуға  тартылатын жұмысшыларды әскери қалашыққа орналастырыңдар», – деді Амандық Ғаббасұлы. Аудан әкімі: «Сіздің бастамаңызбен қант зауытын іске қосқанда 500 тұрақты жұмыс орны құрылатын болады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 3 есеге ұлғаяды. Қант зауытын  шикізатпен қамтамасыз ету үшін 7 мың гектар жерге тәтті түбір егуіміз керек», – деді аудан әкімі. Ол инвестиция тарту барысында ірі тауарлы-сүт фермасының салынатынын айтты. Болашақта бұл серіктестік  май шығарумен де айналысады деген жоспар бар.  Аудандағы «Тентек энердж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  Жоңғар қақпасынан жел диірменін салуды жоспарлап  отыр.   Аудандағы  іргелі ауылдың бірі – Ақтүбек. Мұнда егістік жер көлемі 41 мың гектарды құрайды.  Бүгінде оның 31,5 мың гектары  игерілген.  Су каналдары жөнделсе,  егістік көлемі бұрынғыдан да артпақшы.  «Ислам Даму» банкі арқылы каналдарды тазалайтын бағдарлама қолға алынбақ. Аудан әкімі банк қаржы бөлсе суармалы жер 5000 гектарға ұлғаятынын айтты. Өткен жылы індеттің белең алуы салдарынан Алакөл көліне туристердің келуі азайған. Жергілікті  басшылар биыл  демалушылардың келуіне  барлық жағдайдың жасалатынын айтты. 
Жуырда Жамбыл ауданына  Нұрлан ЕРТАС әкім болып  тағайындалған. Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы  атап өтілді.  Көптеген нысандар жаңартылады. Ауыл,  аудан, облыс, республикалық маңызы бар жолдардың біраз бөлігі жөнделеді.  Бүгінде облыстағы негізгі мәселенің бірі – газдандыру. Бұл орайда аудандағы  61 елді мекеннің 28-і газбен қамтамасыз етілген. Қалғанында газдандыру шарасының жүргізіліп жатқаны айтылды. Ұзынағаш ауылында көпқабатты тұрғын үйлер салынуда. Мәтібұлақ пен Шиен ауылында Мәдениет үйлері салынбақшы.  Аудан әкімі ауыл ақсақалдарының облыс әкіміне айтқан сәлемін жеткізді.  Ақсақалдар Ұзынағаштағы тарихи-өлкетану мұражайын жаңартуға қаржы берсе деген екен.  Амандық Ғаббасұлы: «Мұражайдың сыртқы сәулеті әдемі.  Ғимаратты бұзбаңдар. Ішін жаңартып шығыңдар», – деді. Тарихи құндылықтар жинақталатын ғимараттың сырт келбеті  сүйкімді, жинақы. Бояуының өзі  талғаммен таңдалған. Бұзудың өзі қиянат. Бүгінгі құрылыс нысандарының сәулетіне ұқсамайды. Ерекше! Сонымен аудан ақсақалдарының өтініш-тілегі орындалып, мұражай іші жаңартылатын болып шешілді. Сондай-ақ, жергілікті басшы ауданға коммуналдық көліктер сұрады.  Облыс басшысы  оның барлығын  күзге қарай беретінін айтты. 
Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ Талғар ауданының әкімі Қайдар АБДЫХАНОВҚА ауданды дамытуды индустриалды бағытқа  бұру керектігін айтты. Өңірде жалпы құны 1 млрд. 535 млн. теңге болатын 4 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.  Алматы қаласы мен аудан тұрғындарын көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында  9 меншік иесі және  18 жылыжай шаруашылығы жұмыс істеп тұр.  Бүгінге дейін 650 тонна өнім жиналып, сатылымға жіберілген.   Бес айдың қорытындысы бойынша өндірісте 4 мың тонна ет, 26,2 мың тонна сүт,  9,2 млн. дана жұмыртқа өндірілген. Аудан әкімінің айтуынша, 113 тонна ет өнімі Қытай еліне экспортталған. 
Кербұлақ ауданының әкімі  Ғалиасқар САРЫБАЕВ ауданның тыныс-тіршілігін жан-жақты айтып өтті.   
Бүгінде 40 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үйдің құрылысына 546 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.  Сондай-ақ, 50 тұрғын үй мен 40 пәтерлі 5 қабатты үйлердің абаттандыру және инженерлік-коммуникациялық желісінің құрылысын жүргізуге мердігермен келісімшарт жасалған.   Қызылжар, Қоғалы, Жоламан ауылдарына «Газ құбырын салу мен газ желілерін тартуға» жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.   Аудан әкімі Ғалиасқар Сарыбаев ауданның өзекті мәселелеріне де тоқталды. Мысалы, облыстық маңызы бар «Алматы – Өскемен» тасжолындағы Қарағаш ауылына кірме жолда орналасқан көпір апатты жағдайда және  «Сарыөзек – Көктал – Қоғалы – Көксу – Қарабұлақ» жолының 69 шақырымында орналасқан көпірдің апатты жағдайда екендігін айтып,  жөндеу жұмысын жүргізуге қаражат керектігін жеткізді.  Сарыөзек ауылындағы №49 орта мектептің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге 712 млн. теңгеге сұраныс берді.  Билікте тәжірибесі мол жаңа әкім аудандағы өзекті мәселелерді кезекпен қолға алып жатқаны белгілі болды.  
Қаратал ауданының әкімі Ерлан ШОЙҰЛЫ облыс басшысының алдындағы есеп беруін инвестиция тарту және инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында бірқатар инвесторлармен кездескенінен бастады. Мысалы, Қаратал өзенінің төменгі ағысындағы балық зауыты  жобасының құны – 362 млн. теңге.  Жаңадан 10 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, 5000 басқа арналған ет фермасын ашу, сонымен қатар,  QAZAQOIL брендті автожанармай құю стансысының құрылысын жүргізу қолға алынған. 
Аудан әкімі өз сөзінде күнделікті атқаратын жұмысына  қоса жеке  бақылауға алып отырған  жобалардың барын айтты. Олар: Кемел Тоқаев атындағы орта мектептің қосымша ғимараты мен колледжінің құрылысы, «Шаңырақ» шағынауданындағы 30 пәтерлі үйдің салынуы, Үштөбе қаласындағы теміржол бекеті маңында сквердің құрылысы, қала мен ауылдардың көшелеріне  асфальт төсеу,  гравий себу жұмыстарын қадағалау. Азаматтардың жеке шағымдарына толық, сапалы,  уақытылы жауап беру.
Ескелді ауданының әкімі Рустам ӘЛИДІҢ жаңа қызметке барғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ, басқару ісінде тәжірибе жинақтап алған жас әкім өзін жаңашылдығымен таныта білді. Ол аудан орталығын  Талдықорған шаһарындай көгалдандырып, жаңартқысы келетінін айтты. Шағын саябақ, сквер,  алаңқайлар жасамақшы.  Биыл балалар әдебиеті жылы екенін ескеріп, Қоңыр ауылындағы мектептен осы жердің тумасы, жазушы Сайын Мұратбековке арнап  класс ашуды көздепті.  Ескелді ауданының әкімі Рустам Әли  ауылшаруашылығын дамыту барысында белгілі, тәжірибелі ауылшаруашылық мамандары Виктор Хильниченко және Серік Сариевтермен бірлесе еңбек етіп жатқанын айтты.  Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Ескелді  ауданының жаңа әкімінің барлық бастамасын қолдайтынын айтты. 
Сонымен, облыс басшысының қабылдауында болған аудан әкімдері беталыстарын аңғартты.  Жоспар, жобалары бойынша атқарған істері алдағы уақытта назарға алынады.

Гүлжан ТҰРСЫН