ЖАҢА СЕРПІН ӘКЕЛЕДІ

Уақыты: 11.06.2022
Оқылды: 1155
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қоғам дамуының әр кезеңінде жаңа бағдар белгілеп, тың бастаманы жүзеге асыру ел өркениетіне серпін береді. Осы тұрғыдан келгенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  жаңадан Жетісу облысын құру тапсырмасы елді өркендету жоспарын жеделдетудің сәтті қадамы деп қараймын.

Естеріңізде болса, осыдан жиырма бір жыл бұрын Алматы облысының орталығы Талдықорғанға көшіріліп, ел еңсесін көтеруге үлкен ықпал еткен болатын. Содан бергі кезеңде  Талдықорған төрт құбыласы теңелген қалаға айналып, сол шешімнің дұрыстығын дәлелдеді. Ендігі жерде Жетісу облысының құрылуы елді мекендердегі толғақты мәселелерді түбегейлі шешеді деп сенемін.

Жерұйық өңір - ауыл мен мал шаруашылығы тел өскен, туризмді өркендетудің мүмкіндігі мол киелі аймақ. Сондықтан облысты басқаратын басшы болып сан саланы жақсы меңгерген адам таңдалса деген үмітте едік. Жетісу облыстық мәслихат депутаттарының таңдауына ұсынылған екі үміткер де тәжірибелі, жұмыс бабын, елдің жайын жақсы білетін білікті азаматтар болғаны қуантты.

Халық қалаулылары кандидаттардың білімін, білігін, қызмет жолын терең зерделеп, Жетісу облысының әкімі лауазымына   Бейбіт Исабаевтың кандидатурасы үйлесімді деп тапты. Сонымен жаңадан құрылған облыстың ең алғашқы әкімі анықталды.  Бұл да дұрыс таңдау болды деген ойдамын. Өйткені, жоғары оқу орнын бітіргеннен бері еліміздегі түрлі салада басшылық қызмет атқарумен қатар, еліміздің дипломатия саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып мол тәжірибе жинаған Бейбіт Өксікбайұлы Жетісу облысы тұрғындарының кірісін еселеп, өңір экономикасын өркендетіп, жаңа облыстың дамуына тың серпін әкелетініне сенімдімін. 

Жеңіс Жолдыбаев,
Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы