ЖЕТІСУДА ЖАҢА ӘКІМ

Уақыты: 11.06.2022
Оқылды: 2379
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Жетісу облысы әкімін тағайындауға келісім беру бойынша барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиыны өтті. Оған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ қатысты.

Жетісу облыстық мәслихатының хатшысы Гүлнар Тойлыбаева ҚР Президентінің биылғы 8 маусымдағы № 912 Жарлығымен бекітілген облыс аумағында орналасқан мәслихаттар немесе республикалық маңызы бар қалалар мен астана мәслихаттары депутаттарының облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімін лауазымға тағайындауға келісім беру қағидаларына сәйкес, Жетісу облысы әкімінің кандидатурасын келісу үшін жиналғандарын және аталған қағиданың 2-бабына сәйкес облыс әкімі лауазымына тағайындау келісімі, облыс аумағында орналасқан мәслихат депутаттары жиынында берілетінін айтып өтті.

Үкімет басшысы Әлихан Асханұлы Президенттің Жарлығымен Жетісу облысының құрылғанын тілге тиек етіп, өңір жұртшылығын осынау тарихи оқиғамен құттықтады және бұл жолғы әкім таңдауы аймақ дамуы үшін маңызды шешім болатынын назарға салды. ҚР Президентінің Жетісу облысының әкімі лауазымына Бейбіт Исабаев пен Бағдат Қарасаевтың кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді. Екі үміткердің де  Жетісу аймағын басқару үшін тәжірибесі мол әрі ұйымдастырушылық қабілеттерінің жеткілікті екенін атап өтті. Келесі кезекте кандидаттар өздерінің болашақ қызметі бағдарламасының тезистерін ұсынды.

Ашық дауыс беру қорытындысына сәйкес 141 депутаттың 106-сы Бейбіт Исабаевтың кандидатурасына, 35 депутат Бағдат Қарасаевқа дауыс берді. Мемлекет басшысының Жарлығымен  Бейбіт Исабаев жаңадан құрылған Жетісу облысының әкімі болып тағайындалды.

Айгүл Байбосынова