АЛҒАШҚЫ СЕССИЯ ӨТТІ

Уақыты: 19.06.2022
Оқылды: 1145
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы облыстық мәслихатының кезектен тыс XXI сессиясы өтіп, өңірдің өркендеуіне қажетті тақырыптар талқыланды. Қонаев қаласында алғаш өтіп отырған сессияны ашып, жүргізіп отырған облыстық мәслихаттың хатшысы Дәулет Жарасбаев алдымен мәслихат құрамындағы медицина қызметкерлерін мерекелерімен құттықтап, облыстық мәслихат депутаттары Әлия Ақжолтаеваны, Гүлнар Құраметованы облыстық мәслихаттың «Құрмет грамотасымен» марапаттады.

Одан соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысуымен өткен сессияның күн тәртібінде үш маңызды мәселе қаралды. Атап айтқанда, Алматы облыстық мәслихатының тұрақты комиссияларын құру; облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының сан құрамын белгілеу және олардың құрамын сайлау; облыстағы барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерінің 2022 жылға арналған күнтізбесін келісу сынды тақырыптар облыстық мәслихаттарының қолдауына ұсынылды.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 12 бабына сәйкес облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, құқық тәртібі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттік және этика мәселелері бойынша тұрақты комиссиясын; Денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау және мәдениет, дін, тілдер, этносаралық қатынастар, ішкі саясат мәселелері бойынша тұрақты комиссиясын; Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясын; Ауылшаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясын; Индустриялық-инновациялық, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнесті, туризм мен спортты қолдау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясын құруды қарастырған депутаттар ашық дауыс беру арқылы ұсыныстарға өз таңдауын білдіріп отырды. Одан соң жаңадан құрылған тұрақты комиссиялардың сан құрамын айқындап, төрағалары мен мүшелерін сайлауға қатысқан халық қалаулылары мәселелерге бірауыздан қолдау көрсетті.
Кезектен тыс ХХІ сессияда облыстық мәслихат депутаттары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының 2-тармағына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерінің 2022 жылға арналған күнтізбесіне келісім беріп, ұсынысқа қолдау танытты.

Мәди АЛЖАНБАЙ
Алматы облысы