АЛҒЫС АЛҒАН АРЫМАС

Уақыты: 19.06.2022
Оқылды: 753
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ақ халатты абзал жандарға деген құрмет әрдайым жоғары болуы тиіс. Ауруынан айыққан жандар дәрігерлердің тынымсыз еңбегінің арқасында қатарға қосылды. Сондай жандардың қатарында мен және менің отбасым да бар.


Талдықорған қалалық ауруханасының 28-учаске дәрігерлері жасы болсын, кәрісі болсын, алдына келгенді ауруынан айықтырмай, емін таппай жібермейді. Науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құштарлығын арттырған, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғысын алып жүрген ақ халатты абзал жанның бірі, бөлім меңгерушісі Ғалия Қожахметованың еңбегі орасан зор.

Ал 28-учаскенің  терапевт дәрігері Мөлдір Шынжырбай мен ревматолог дәрігері Марина Омарова алдарына келген науқастың жазылып кетуі үшін көңіл-күйіне қарап, ем-дом алуына үздіксіз көмектесуде.Медбикелер Айнұр Ыстықбаева, Айгүл Жәнібекова мен Любовь Полетаева болса айналасына нұрын шашқан, аса жауапты мамандықтың қадірін білген абзал жандар. Учаскенің әр дәрігерінің  кәсіби шеберліктері, өздеріне жүктелген маңызды міндетті жауапкершілікпен атқаруы мақтауға тұрарлық.

Сондай-ақфтизопульманология орталығының мен пульмонолог дәрігері Эльмира Сахтаповаға рахметім шексіз.

Жанды шүберекке түйіп, жүрек соғысы баяулап, тыныс тарылғанда аурудан айықсаң– нағыз бақыт емес пе?! Сол бақытқа біз дәрігерлер арқылы қол жеткізетінімізді ұмытпайық. Сондықтан жауапкершілігі сан сынақтармен сыналатын сала иелері қандай да болсын құрметке лайық. Осы орайда тынымсыз қызмет етіп жүрген барша ақ желеңді абзал жандарға өз атымнан, отбасымның атынан үлкен алғыс білдіремін. Еңбектеріңіз жемісті болып, шаңырақтарыңызда құт-береке арта берсін. «Алғыс алған арымас» демекші, әрқашан халық алғысын арқалай бергейсіздер.

Рауза БОҚАШ,

Талдықорған қаласының тұрғыны