ГРАНТҚА КІМДЕР ИЕ БОЛЫП ЖҮР?

Уақыты: 08.07.2022
Оқылды: 845
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткен жылы облыстық кәсіпкерлік басқармасы тарапынан сәуір және желтоқсан айларында екі рет  «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған гранттық байқау өтті. Нәтижесінде Алматы және Жетісу облысы бойынша 255 кәсіпкердің әрбіріне 5 млн. теңгеге дейінгі мемлекеттік қайтарымсыз грант берілген. 

Осы грантқа ие болған кәсіпкерлерді өңірлер бойынша бөлетін болсақ, Талдықорған қаласынан 55, Талғар ауданынан 32, Қарасай ауданынан 30, Еңбекшіқазақ ауданынан 21, Іле ауданы 15, Панфилов, Көксу, Жамбыл аудандарынан 11, Сарқан, Ақсу, Кеген аудандарынан 9, Қапшағай қаласы 8, Қаратал, Ұйғыр, аудандарынан 6, Райымбек, Көксу аудандарынан 5, Ескелді ауданынан 4, Балқаш ауданынан 3, Кербұлақ ауданынан 2 кәсіпкер ие болыпты. Әрине, көш басындағы үш орында Талдықорған қаласы мен Талғар, Қарасай аудандары тұрса, соңғы үштікті Ескелді, Балқаш, Кербұлақ аудандары құрайды. 
Салыстырмалы түрде осының өзінен аудан-қалалардағы кәсіпкерлік саласының қандай деңгейде өркендеп жатқанын білуге болады. Көріп тұрғандарыңыздай гранттың тең жартысы облыс орталығы Талдықорған қаласы мен Алматы қаласының маңындағы аудандардан келген үміткерлердің еншісіне тиген. Зерделеп көрсек, олар Алматы қаласында жұмысын жүргізіп,  бизнес субъектісін қала маңындағы аудан, ауылдардан тіркеуден өткізгенін байқауға болады. Демек, мегаполис қалада жүзеге асқан жобаның ауылды жерлердегі бәсекелестерінен мойны озық көрінетіні анық. Бірақ олар грантты алғаннан кейін өз арманын сол тіркелген елдімекенде жүзеге асырмай, Алматыдағы өнімін есепке енгізіп, жобаны атқарып шығуы әбден мүмкін. Демек, бұл қолдаудың лебі шалғай елдімекендерге жетпей тұрғанының бірден-бір себебі осы. 
Екіншіден, аудан, қалалардағы кәсіпкерлікті дамытумен айналысатын құзырлы мекеме және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдары кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлмейтінін де білдіреді.  Өйтпесе, ауылдарда темір мен ағаштан түйін түйіп, мал өсіріп, оның сүті мен етін, терісі мен жүнін кәсіптің көзіне айналдыра алмай жүрген адамдар көп. Қолы ісмер болғанымен, кәсібін дөңгелентіп әкететін заманауи құрылғыларға қол жеткізе алмай жүргендері қаншама? Оларға жергілікті жерлерде ешқандай кәсіби қолдау жоқ. Осы мақаланы дайындау барысында жоғарыдағы көрсеткіші төмен аудан, қалалардың кәсіпкерлік бөлімдері мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы филиалдарының әлеуметтік желідегі парақшаларын қарап шықтық. Өкінішке қарай, кейбір аудан, қаланың әлеуметтік желілеріндегі акаунтын таба алмадық. Сол аудан, қала әкімінің ресми сайтында айына бір немесе екі рет қана кәсіпкерлікке қолдау тақырыбындағы ақпараттар салынғаны болмаса, көңіл көншітетін дүние жоқ. Демек, аудан, қалалардағы кәсіпкерлікті ақпараттандыру жағы нөлге тең. 
Бұрынғы жылдары қолға тиген грантты бизнесін дамыту мақсатында емес, қымбат тон немесе көлік сатып алуға, банктердегі кредитін өтеуге жұмсаған деректердің болғанын естігенбіз. Әлі де грантты кәсібін дамыту үшін емес, басқа мақсаттарға жұмсайтындар жоқ дей алмаймыз. Грантқа ие болған жобалардың қаншалықты қадағаланып жатқанын да білмейміз. Сондықтан қадағалауды күшейту керек. 

Қажет АНДАС