ЗАМАНАУИ КІТАПХАНА

Уақыты: 08.07.2022
Оқылды: 959
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кітапхана саласын модернизациялау, интеллектуалды ортаны қалыптастыру бағытына бет бұру – бүгінгі күннің талабы. Заман ағымына қарай біздің кітапханадағы қызмет түрі де жандану үстінде. 

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетіндегі Ғали Орманов атындағы кітапхана – университеттің жетекші бөлімшесі. Ол оқу-тәрбие процесін әдебиетпен және ақпаратпен қамтамасыз етеді. Биыл Жетісу университетіне 50 жыл толып отыр. Кітапхана қоры 50 жылда жаңа әдебиеттермен сапалы толықтырылып, түскен оқулықтар, ғылыми және көркем әдебиеттер саны жылдан-жылға артуда.
Қарқынды цифрландыру жағдайында біздің кітапхана технологиялық тұрғыдан да, оқырмандармен жұмыс істеудің жаңа әдістерімен де жаңа жағдайларға бейімделген. Кітапханада электронды кітаптар қоры бар, сондықтан оқырмандар кітаптарға қашықтан қол жеткізе алады. Университет оқырмандарына электронды кітапханаға онлайн қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы ақпараттық және кітапханалық кеңістікті кеңейтеді.
Кітапханада отандық деректер – республикалық ЖОО аралық электронды кітапхана (ҚР ЖОО қауымдастығы), "Эпиграф" баспасы, "Ақнұр-пресс" баспасы, бірыңғай электронды кітапхана, ҚазҰЭК, сондай-ақ, Thomson Reuters, Elsevier, Scopus сияқты халықаралық деректер қоры қолжетімді. Кітапхананың жеке электронды базасы бар. Әрбір студент пен оқытушы осы базадағы жеке кабинетке кіре алады. Бұл базада толықмәтінді түрде ашылатын 5760-тан астам кітап жинақталған. Білім алушы жеке кабинетінде кітаптың электрондық нұсқасына өтінім жасай алады. 
Осының барлығы университет оқытушылары мен студенттерге қазақстандық жоғары оқу орындарының, халықаралық базалардың, университеттің кітапхана қорының оқу-әдістемелік әдебиетін қолжетімді етеді.

А. ҚАРАСАЕВА,
Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің  
Ғ. Орманов атындағы кітапхана директоры
Сурет ғаламтордан алынды