«БАР ҚАЗАҚ – БІР ҚАЗАҚ» ЕМЕС ПЕ?

Уақыты: 08.07.2022
Оқылды: 767
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазір елімізде рулық басқосулар өткізу белең алды. Бұл терең тамыр жайып бара жатыр десек болады. Әсіресе, көшіп келген қандас бауырларымыз, жер-жерге бөлініп, жиі кездесу өткізеді. 

Мәселен, Көксу ауданында Қытайдың Манас деген жерінен көшіп келгендер өздерінше бөлініп, мейрамханаларда жиі бас қосады. Мұның бәрін жеке мақсаты үшін ұйымдастырып отырған адамдар бар. Неге олай десеңіз, ішіп-жегенге деп адам басынан 12 мың теңгеден жинап, оның артында өз қалтасын қампайтуды ойлайды. Бұл – артық нәрсе, даңғазылық, орынсыз ақша шашу, рулық, жікшілдік бөліну.
«Еліміз», «жеріміз» деп сағынып, аңсап, армандап, сонау Қытайдан көшіп келдік. Сондағы мақсатымыз – бөлініп, топ құру ма? Осы рушылдық салдарынан қазақ аз зиян шеккен жоқ. Орысқа да, қытайға да бодан болды, азып-тозды. Ендігі жерде «бар қазақ – бір қазақ» болып, рушылдық деген мәселені қоятын кез келді емес пе? Атамекенге көшіп келгенімізге 20 жылдай болды. Содан бері осында тамыр жайып жатырмыз. Бөлінетіндей, атамекенімізге сыймай жатырмыз ба? Әлде жамандық көрдік пе? Құдайға шүкір, бала-шағамыз оқып, жұмыс істеп, малымызды бағып, егінімізді егіп, кәсібімізді ашып, ел қатарлы тіршілік кешіп жатырмыз. Осыған тәубе деудің орнына топ құрып, жікшілдік, рушылдығымызды асқындырып отырмыз.
Кешегі қаңтар оқиғасы да осы алауыздықтан, бөлшектенуден туындады емес пе? Басымызға осындай қасірет төнген жылы той жасап, даңғазаланудың өзі артық. Бәріне бас болатын – көпті көрген қария, дана ақсақалдар. Халықтың алдында жүрген қариялар топ құрып бөлшектенсе, ақша жинап, халықтың қалтасын қақса басқалар не істемейді? 
Бұл бір аудандағы жайт емес, мемлекеттік деңгейдегі мәселе. Қазір еліміз бойынша етек алып кетті бұл жағдай. Бұрынғы ақсақалдарымыз халықтың қамын ойлайтын. Солардың жоғын жоқтап, мұңын ортаға салушы еді. Қазіргі қарттарымыз басқосу өткізіп, бір-бірін мақтап-мадақтағанына, көтермелегеніне ғана мәз. Онымен ешқандай атақ-абыройға жете алмаймыз. Жастарға көрсетіп жатқан үлгі-өнегеміз осы ма? Сондықтан жөнсіз басқосу, даңғаза думан дегеннен тыйылу керек. Мұның бәрі – ешкімге пайдасы жоқ, басты ауыртатын шаруа. «Той тойлама» демейміз, бірақ әр нәрсе лайықты, орынды болуы керек. Рушылдықты, жікшілдікті қояйық, ағайын! 

Мағызам Мажен
            Көксу ауданы
            Жетісу облысы
Сурет ғаламтордан алынды