Тарихтағы айтыс арқылы дау шешкен алғашқы және ең соңғы жағдай

Уақыты: 08.07.2022
Оқылды: 1301
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақтың айтыс өнерінің өкілі ретінде аты аталып, жыры жатталып жүрген тұлғалар жетерлік. Десе де, еңбегі елге жетпегендер де көп. Соның бірі – Одаман ақын. 

Ежелден қазақ халқында жер мен жесір дауы бітпеген, барымта мен сырымта тоқтамаған. 1882 жылы Ресей-Қытай арасындағы «Іле шекараны ажыратып, бекіту» келісімі жасалғаннан кейін де шекараны жағалай қоныстанған рулар арасында келіспеушілік жиі орын алып тұрды. Осыған орай, екі елдің өкілдері әр екі жылда бір рет съезд ашып, ел арасындағы дау-шарды шешіп отыруға келіседі. 
Сол съездердің ішіндегі ең іргелісі – албан, суан, қызай рулары арасындағы 1889 жылы өткен «Кеген съезі» еді. Съезде дау ұзаққа созылып, екі жағы да жеңістік бермейді. Осы тұста орыстың ояздары мен қытай тарабының мансаптылары дауды қазақтың дәстүрлі ақындар айтысы арқылы шешуді ұйғарады. Қай жақтың ақыны жеңсе, сол жаққа жеңісті бермек болады. Сонымен Ұлы жүз, Орта жүз руларына бұл бекімді жеткізіп, жаушы аттандырады. Албан, суан жағы Одаманды алдырады. Одаман – адамның сөзгері, асқан ақын, «алысқанын алмай қоймайтын арыстан» деген дақпырты бар, тек үйсін еліне ғана емес, арғын, найман, меркіт, қоңырат, қыпшақ, тобықты елдеріне аты кең таралған ақын. Одаманның атақ-даңқынан хабардар қызайдың атқамінерлері онымен айтыстыратын ақын таппай қиналады. Осы кезде Оразәлі Жанпейісұлы Одаманмен айтысуға өзі сұранады. 

Ақынның шөбересі, танымал әнші, сазгер    Бақберген Асқарбеков былай дейді: 
– Одаман атамды көрмесем де, жиі еститінмін. Әкем Нұршабек, атам Асқарбек, ары қарай Одаман болып жалғаса береді. Үлкендердің айтуынша, бұл кісі суырыпсалма ақын, шебер күйші болған екен. Атам жайлы бала кезімізде үлкендер: «Төрде отырып күй шерткенде бөксесімен сырғып, далаға шығып кететінін білмей қалатын» деп жиі айтатын. Дүние күйіп бара жатса да күй біткенше басқаға назар аудармайды деседі. Әбілхақ Шапахатов атамыз тірлігінде Одаманның шығарған әнін, 98 күйін біледі екен. Құнттамай жүріп, қайран қазынадан айырылып қалдық.  
Әлі есімде, 1983 жылы   Дәнеш аға, Төлепбай Байысов, Білісбек Қонысбаев бар, 7-8 әртіс Кербұлақ ауданының Қызылжар ауылына концерттік сапармен бардық. Ол кезде кешке үй-үйге бөлініп, қонып шығамыз. «Дәнеш аға келді» десе, елдің бәрі елеңдеп тұрады ғой. Біз қонатын үйдің ауласына адам толып алыпты. Бір кезде ақ самайлы әже Дәнеш ағаға келіп амандасып, бәріміздің аты-жөнімізді  шетімізден сұрай бастады. Маған жақындап келді де:  «Мынау  ұзын  шаш  бала  кім?»  – деп сұрады. «Асқарбектің немересі» деп жатты біреулер.  «Е, онда Одаманның шөбересі екен ғой», – деп арғы атамның атын атады да, жаныма келіп жайланып отырып, әңгімесін бастады:
– 1928 жылы атаң Одаман Жаркент-Арасанда 19 жасар қызбен айтысып еді. Сол айтыс ел арасында біраз жылға дейін тарап жүрді. 
Жылқының тоқтағаны аңырғаны,
Ақынның тоқтағаны жаңылғаны. 
Шырағым, жап-жас қана   бала екенсің,
Арасанға келіп едің  не қылғалы.

Кел, қашалық, қашалық қашар болсаң,
Арқама сап көтерейін нашар болсаң.
Алтын-Емел асқанша көтерейін,
Одан ары қарай аяғыңды  басар болсаң, – 
деп басталатын айтысты толығымен айтып шықты. Ол кезде сөзді таспалап алатын құрылғы жоқ. Есімде осы жолдары ғана жатталып қалыпты...

Сол тұста өзін мақтап, қарсы жағын даттау, шым-байына  батар шындығын дәл тауып айту, сол арқылы қарсыласын сүріндіру айтыстың басты шарты болып есептелетін. Сөз сайысында Оразалы сол жылы Одаманның әкесі Кезеңқара бұрын жайлауға көшкенін естіп, соны алға тартып, жүйеден ұтады. Өйткені, Қытай қазақтарының арасында «Кезеңқараның көші» деген көш осы күнге дейін айтылады. Кезеңқара – Одаманның әкесі, ал атақты Мұқа болыс та осы ауылдан шыққан. Кезеңқара ауылы көшкенде аттарына таққан алтын-күмістен айнала жалт-жұлт еткен сағымға оранып жүреді екен. Оның салтанатынан именген басқа ел Кезеңқара ауылы жайлауға көшпей, көшті қозғамайтын болған. Сол жылы Одаман әкесінің үйінен бұрын жайлауға көшіп шығып алған екен. 
Жүйеге жығылған Одаман жеңілгенін мойындап, азаматтар Оразәліні ақ киізге көтеріп, жеңісін тойлайды. Ең бастысы, бұл айтыс қазақ тарихында ақындар айтысы арқылы елдің дауын шешкен алғашқы және ең соңғы жағдай ретінде аңыз болып қалды. 

Одаман ақын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тұсында арғы бетке өтіп, мәңгілік мекені сол жақтан бұйырды. Қазір ҚХР Қорғас ауданы Кеген ауылының тұсындағы Шөлжота деген дөңеске жерленген. Бүгінде жұрт оны «Одаманның бейіті» деп атайды. Халқымызда: «Ат аунаған жерде түк қалады» деген нақыл бар. Шындап кіріссек, ел ішінде әлі де талай қазына жатыр. Оны елеп-екшеп, тәптіштеп іздесек, мол байлыққа жолығарымыз анық.

Қажет АНДАС
Сурет ғаламтордан алынды