«МАМАНИЯ» МЕКТЕБІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРДЫ

Уақыты: 08.07.2022
Оқылды: 743
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Алтын адам» Жетісу шеберлер орталығы» қоғамдық бірлестігі Текелі қаласындағы Орталық Азия университетінің ғимаратынан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оқыту орталығын ашты. Оны «Мамания» шеберлік орталығы деп атады.

«Мамания» мектебінің негізін 1889 жылы ағартушы, меценат Тұрысбек Маманов қалаған. Қазақ даласына білім шырағын жаққан оқу ордасының бірі. Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы Жетісу жерінен түлеген ұлт көшбасшыларының дені осы мектепте білім алған. Орталықтың атын «Мамания» деп атаудың да мәні тереңде.
– Мақсатымыз – «Мамания» мектебінің игі істерін қайта жаңғырту. Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивті білім береміз. Болашақта ауқымын кеңейтіп, шеберлер мектебіне айналдыру  ойымызда  бар, – дейді   «Алтын адам» Жетісу шеберлері орталығы» ҚБ төрайымы Дина Бакирова.
Қамкөңіл жандарға жасалған осындай қамқорлық қала басшылары мен тұрғындарын да бейжай қалдырмағаны анық. Ашылу салтанатына Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов арнайы қатысып, ізгі ниетін білдірді. 
Орталықта мүмкіндігі шектеулі балалар тегін білім алып, өнерін өрістетеді. Ондағы  мүмкіндігі шектеулі 38 балаға     4 шебер кескіндеме, сурет салу, безендіру, моделдеу, киіз басу, бесмер тігу, сабын жасау сияқты үйірмелерде қолөнерден сабақ береді. Олардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалғаны көрініп тұр.
–  Орталықты ашар алдында мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін кіріп-шығуына көңіл бөлдік. Ғимараттың кіріп-шығу құрылғылары, есік, үстел, орындыққа дейін еуропалық стандарт бойынша орналастырылды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс істеуде тәжірибеміз мол. Осы жерге келген әр адам жақсы білім алып, шеберлігін шыңдап, ешкімге жалтақтамай, жеке кәсібін ашуға керекті біліктілік жинап қайтса, қуанар едік, – дейді Орталық Азия университетінің әкімшілік өкілі Райхан Сейсекенова.
Орталық аталған бірлестіктің жеке қаржысымен ашылды. Алдағы уақытта басқа аудан, қалалардан да осындай игілікті жұмыс қолға алынбақ.

Қ. ОМАРАҚЫН  
Текелі қаласы
Жетісу облысы