БҮГІН МАҒАН САҒЫНЫШ... ӨТКЕН ӨМІР...

Уақыты: 08.07.2022
Оқылды: 906
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ей, Замандас!
Сен де, мен де 
Періште емес, 
Пендеміз.
Қателесіп, сүрінгенбіз,
Бірде алдап, бірде алданып,
Тоналып та, оңалып та көргенбіз.
Иә, біз де періште емес, пендеміз,
Тағдыр сынын, өмір сырын көргеміз.
Басқа түскен сынақтарға көнгеміз.
Есті адамның өсиетін ескермей,
Кей суайттың айтқанына сенгеміз...
Кешір, Алла!
Біз осындай пендеміз.

          * * * 
Ашынып, тасынып, 
Құбылған заманды,
Байлыққа бас ұрып,
Жұлынған адамды,
Иманнан адасып,
Кірленген санамды,
Бүлінген ғаламды,
Ойлап бір, мұңданам.
Қоғамға, адамға ой салу – 
Шын парыз бұл маған.
Адам  аз дәл қазір,
Естінің айтқанын тыңдаған.

              * * *
Кемшілік сенде де бар, менде де бар.
Адам жоқ «пенделіктен» кенде қалар.
Өмірдің соқпақтары – бұлың-бұлың,
Жолында шыңырау құз, өр де болар.
Өзгерген адамзаттың сан жасағы, 
Күн мен түн, өмір... өлім... алмасады.
Қара жерді ақ мамық қар басады.
Тіршілік 
үзіледі...
жалғасады...

                          * * *
Өткен бір дәуірлер мен замандарда,
Өмірде қиналмаған адам бар ма?
Сен қателік жібердің... ол сүрінді,
Енді соны түзеуге шамаң бар ма?
Иә,сондай замандар өткен, кеткен,
«Бұлбұл» болып сайраған жаман қарға.
Өкпе айтпа қоғамға да, заманға да,
Ойланғын, бәлкім кінә адамда ма?
Оқыс келген қасірет көпке ортақ,
 Батпайды ол сенімен маған ғана.

                         * * *
Басымды тауға да ұрдым,
              тасқа да ұрдым.
Білсем деп жұмбақ сырын қас-қағымның
Сенің ойың – ақша мен байлық шығар 
Ал мендегі – басқа арман,
            басқа-а-аа-а бір мұң.

            * * * 
Не болады күні ертең?..
Болжап білу мүмкін бе?..
Ұрлап жиған байлығың,
Бақытым деп жүрсің бе?
Бүгін маған сағыныш... өткен өмір,
Оралса ғой жастық шақ, көктем-өмір.
Қартаң шақ қызығы аз, мұңы басым,
Суық күздей сұрықсыз неткен өмір?..

Айтақын Әбдіқал,
Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтыңлауреаты