«БИЗНЕСТЕ ҰСАҚ-ТҮЙЕК ДЕГЕН НӘРСЕ БОЛМАЙДЫ»

Уақыты: 08.07.2022
Оқылды: 1920
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткен жылдың қараша айынан бастап еліміздің барлық аймағында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары ашыла бастады. 

Осындай орталық Алматы облысында да жұмыс істейді. Биылғы сәуір айынан бастап кәсіпкер әйелдер менторға жүгініп, өз ісін сүйемелдеу бойынша көмек алу мүмкіндігіне ие болды. Ментор деген кім және кәсіпкер әйелдерге  ол қандай көмек береді? Осы және басқа да сұрақтарға Алматы облысы  Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менторы Светлана Оңғарбаева жауап берді. 
– Светлана Серікбайқызы, алдымен ментордың қызметі және кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсететіні жөнінде айтсаңыз?
–    Ментор немесе тәлімгер – кәсіпкер үшін нағыз Google. Сәуір айында Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының кеңесшілерімен бірге әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, үнемді технологиялар, краудфандинг және краудинвестинг негіздері, сондай-ақ, аймақтардағы жобаларды қолдау ерекшеліктері бойынша тағылымдамадан өттік. Іскер жандар өз бизнесін дамыту, жеке және кәсіби өсуін жетілдіру бойынша кез келген сұрақпен  менторға жүгінуіне болады. Бір реттік кеңес бере аламыз немесе 3-6 ай көлемінде жобасын сүйемелдеумен айналысамыз. Кеңес беріп қана қоймай, кәсібінің артықшылықтары мен мәселелерін көрсете отырып, бизнесті сараптауға ынталандырып, бағыттаймыз.
– Оқыту жағы қалай болады?
–    Оқыту – жұмысымыздың ажырамас бөлігі. Күн сайын орталыққа келетін әйел азаматтар кәсіпкерлікті дамыту, ілгерілету бойынша білім беруді немесе семинар өткізуді сұрайды. Егер сіз көпбалалы ана болсаңыз немесе баланы жалғыз қалдыруға мүмкіндігіңіз келмесе, күтушімен қамтамасыз етуге көмектесеміз. Осылайша білім алуға кедергі болмайды. Семинар, түсіндіру жұмыстарымен Көксу, Ескелді, Ақсу, Қаратал және Кербұлақ аудандарында болдық. Алдағы уақытта аталмыш орталық арқылы Талдықорған қаласы мен Жамбыл аудандарында оқыту жоспарлануда. 
– Қолдауға мұқтаж бизнес-жобалардағы негізгі кемшіліктер қандай?
– Негізі мына мәселені айтқым келеді. Ол – қаржылық және құқықтық сұрақтар. Өтініш білдірген әйелдердің бизнес-жобаларын сараптау барысында байқағаным, олардың көбі өз компанияларының қызметін бүге-шігесіне дейін біле бермейді. Штатта бухгалтер немесе заңгер болса да, кәсіптің негізін қалаушы ретінде сіз бәрін білуге тиіссіз. Бизнесте ұсақ-түйек нәрсе деген болмайды. Компанияңыз шағын болса, онда тегін бухгалтер мен заңгер қызметін «Атамекенге» барып ала аласыз немесе өзіңізге қажет маманды кез келген онлайн-платформаға жүгіну арқылы жалдауға болады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айгүл БАЙБОСЫНОВА