ҚОЖАЙЫН

Уақыты: 13.01.2023
Оқылды: 1345
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жасқадірдің айлығы шайлығынан артылмаса да, Құдайға шүкір, жетеді. Тек жанын тарықтыратыны – тар баспана. Жұмыстан шаршап келгенде кең үйде көсіліп жатқысы-ақ келеді, бірақ ол қалауы бүгін-ертең орындалуы неғайбыл. Бастысы, жары Айнагүл, ұлы Арман мен қызы Қарлыға қалаға келгендеріне дән риза. Өзекті өртейтін өкініш – «Неге осы тас мекенге ерте келмегені?». Сосын әйелінің: «Айттым ғой, тыңдамадың мені, бізден бұрын көшіп кеткен Тұрарды көрмейсің бе? Хан сарайындай коттеджде тұрады, орталықта жалға беріп отырған пәтерлері бар, әр баласы бір-бір кәсіптің басын ұстаған. Ал сен жүк көтеруші болып әлі жүрсің» деген сөзі онсыз да сыздап тұрған жүрегін езердей күй кештіреді.
***
Менің қуанышым Кеңес одағының тарағаны емес, көрші ауылдағы ғашығым Айнагүлдің бүгінгі би кешіне келетіні. Шіркін, тас қылып құшақтаған күйі ешкім іздеп келмейтін, адам аяғы баспайтын аралға алып кетсе ғой. Таңның атысы, кештің батысы тек екеуміз ғана ертегідей ғұмыр кешеміз. Қып-қызыл ернін өбіп, тал шыбықтай майысқан белінен құшып 100 жыл, жоқ 1000 жыл өмір сүруге бармын.
– Жасқадір, кешке не киесің? Екеуміз бір одеколон жақсақ, білініп қалады, ә? Жауап берсеңші, осымен үшінші рет сұрап тұрмын, – деп Биғали нұқып қалды. 
– Ой, сен де, маған бәрібір. Құрттың ғой.... – деп барып тілімді тістей қалдым. Досымның ылғи осындай тәтті қиялымды бұзып жіберетінін иттің етінен жек көрем. Амал қайсы, ол болмаса Айнагүлге хатымды таситын ешкім жоқ. Ғашығыма жақын құдабала болған соң Биғали ол үйге именбей кіріп-шыға береді. Сондықтан оның осындай оспадарлықтарына шыдауға тура келеді.
Кейде Айнагүлдің маған ыңғай білдіргені таңқалдырады. Әйтпесе, соңынан жүгірген қаншама жігіт бар. Жо-жоқ, олардан менің артықшылығым – оңтайлы әзілдерім, той-думанды қыздырып, гитарамен әуелете ән салғаным. Көше әндерін айтқандағы көзқарасын-ай. Тұла бойыңды шымырлатып, жүрегіңе бөлекше дүрсіл қосылып, қанат бітсе ұшатындай әсерде қаласың. Абай айтпақшы, «Ғашықтың тілі  – тілсіз тіл» деген осы шығар.
Ауылдағы клубқа бүгін жастар көп жиналыпты. Оның он шақтысы өзіміздікі болса, қалғандарының бәрі көрші ауылдан келгендер. Біздің ауылда немістер көп тұрады. 6-7 шақты ғана үй қазақтар. Бірақ тәуелсіздік алғалы олар шетінен Германияға көшіп жатыр, тездетіп бәрі де кетіп қалса, осы ауылға көшіп келгісі келетін қазақтар көп.
Маған ұнайтын ең көркем би – вальс. Көп күттірмей оның да кезегі жетті. Бұл мен үшін арманыма жақындастыратын, қиялыма қанат бітіретін ең тәтті сәт. Алақаным Айнагүлдің белінен құшып, ыстық демін тым жақыннан сезу, тез-тез соққан жүрегінің қағысын бақылау, мінекей, өмірдің қызығы осы мен үшін. Би аяқталар сәтте оған осы ауылдағы ең үлкен үйді сатып алатынымызды айттым. «Моншасы ішінде, үй дизель отынымен жылиды, суды да сырттан тасымайсың, колонкадан тартылған, есік алды асфальтталған, нағыз екеумізге арналған» дедім оны да қуантқым келіп. Бір шетінен оған үйленгім келетінін білдірген сыңай еді. 
Ертесі сол үйді алдық та. Ол кезде оның бағасына қаладан жоқ дегенде көпқабатты тұрғын үйден 3-4 пәтер келеді. Тіпті, «Бір бұзауға да айырбастап жатыр» деген сыбыстар жиі естіліп тұратын.
Біз үйленген жылы көршіміз Тұрар бар мал-дүниесін сатып, қалаға қоныс аударды. Кетерінде: «Жасқадір, мені тыңдасаң сен де қалаға көш. Болашақ сонда, балаларың да жақсы білім алады, ауылда малдың соңынан жүріп қандай пайда таппақсың, қазір цивилизованный заман», – деді. Мен болсам: «Тұрар-ау, ол жақта кімім бар? Бар туысым осында емес пе? Ағайынның қасында болам. Қалаға барсақ тентіреп кетеміз, байлықтың бәрі ауылда, ит байласа тұрғысыз мекенге мәжбүрлеп апарса да бармаймын. 2-3 жылдан кейін өзің де қайтып келесің, көр де тұр», – дедім. Сол 2-3 жылдың ішінде жан жарым Айнагүл де көшейік дегенді біраз мәрте айтты. Сөзін құлағыма да ілмедім.
***
Жасқадір мен Айнагүл бақытты ғұмыр кешіп жатты. Құдайдың қалауымен өмірге бір ұл, бір қыз келді. Алайда, 2000 жылдан кейін еккені дұрыс шықпай, малдары көбеймей, бір қиын кезге тап болды. Тіпті, қарызға белшеден батып, ауылдың ішінде еркін жүріп-тұра алмайтын күйге түсті. Қазақта «Әкенің дәулеті – балаға дәулет болмайды» деген сөздің рас екенін шыңдап ұқты. Әкесі өмірден өткен соң Жасқадірді қырсық шалды. Әлде өзіне қалған мұраны дұрыс ұқсата алмады ма, әйтеуір шығынға батты. Елдің арманындағы үйі де ескіре бастады. Бұрынғыша дизельмен жылымайды. Ел қатарлы отын жағып, көмір кіргізіп, күл шығарады. Моншаның пеші тесілгелі көршінікіне түсіп жүр. Қыста құбырына мұз қатып, колонкадан үйге су келмейді.
Ең ақырғы шешім – Жасқадір мен Айнагүлдің буынып-түйініп қалаға көшуі болды. Әрине, Тұрар секілді думандатып қоныс аудармады. Ауылдағы үйді сатқанмен, қаладан оның пұлына жаман лашық та келмейді. 
Қалаға келген бойда қолынан келетін бар жұмысты істей берді. Әйелі асханаға жұмысқа тұрып, әйтеуір, кешке үйге өзімен бірге азын-аулақ тамақ әкеледі. Ең жағымды жаңалықтары, ұлы мен қызының жақсы мектептен білім алып жатқандары. Күн сайын ұстаздарына тамсанып, алған бестіктерімен мақтанып келеді. Кейде: «Мені әкем оқытпады, ал мен сендерді оқытып жатырмын. Сол үшін жақсы білім алып, болашақтарыңды қазірден жасаңдар», – деп ақыл айтып жүр. 
Пәтерақыны төлеуге бір күн қалғанда Айнагүл күтпеген жаңалықпен үйге оралды. Түрінде қорқынышпен қатар қуаныштың белгісі бар.
– Базардан кімді көргенімді білсең ғой, баяғыда ауылдан көшіп кеткен Тұрардың әйелін кезіктірдім. Қала сыртында коттеджде тұрады екен. Осы сенбі үйлеріне қонаққа шақырды. Мені көргеніне қатты қуанып, біраз әңгіменің басын шалды, – деп таңға дейін тоқтамайтындай сыңай танытты. – Көлік жуатын орталықтары бар, биллиярд ойнайтын жерді де ашып қойыпты. Бір баласы шетелден көлік әкелумен айналысады екен. Ал, қызының сұлулық салоны бар. Жақында отбасылық монша ашпақшы. Бұдан бөлек орталықта жалға беретін бірнеше пәтерлері де бар.
– Жә, доғар болды. Ертең жұмыс, кешке үйдің қожайыны келеді. Ақшасын толықтыру қажет. 
Бірақ, сол түні екеуі ертесі кешке үйдің қожайыны пәтерақысына тағы 10 мың теңге қосатыны туралы білмеді. Сол күні ауылға қалың қар түсіп, үйлерінің шатыры қирайтынын да білмей ұйқыдан тұрды. 

Мәулен ӘНЕРБАЙ,
Жетісу облысы