ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚОЗҒАЛДЫ

Уақыты: 16.01.2023
Оқылды: 1092
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Ауыл» ХДПП-ның биылғы іс-шаралар жоспары аясында партияның Жетісу облыстық филиалы «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, аймақ диқандарымен кездесу өткізді. Жиынға «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары, Қазақстан фермерлер қауымдастығы басқармасының төрағасы Жигули Дайрабаев қатысты. 

Алдымен Жетісу облысы фермерлер қауымдастығының төрағасы Асқар Шәріповтың баяндамасы тыңдалды. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамытуды жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеген. Осыған байланысты Асқар Қалиұлы бүгінде аталған саланы дамытуда Қазақстан фермерлер қауымдастығының өткен жылы атқарған жұмыстарын баяндады. Былтырғы жалпы мемлекеттік қолдау көлемі 336 млрд. теңге болса, биыл бөлінген субсидия 500 млрд. теңгеге жетпек. 1 қаңтардан елдегі агроөндірушілерді мемлекеттік қолдаудың жаңа жүйесі жұмысын бастаған. 
Жиында негізінен ауыл шаруашылығы саласы бойынша қордаланған мәселелер қозғалып, оң шешімін табу жолдары қарастырылды. Мәселен, онда фермерлерге шағын несие мен субсидия беру, мал шаруашылығын жемшөп, тыңайтқышпен қамтамасыз ету, тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау, қызылша өсіру, оның тұқымының сапасын көтеру, қант өндіру жұмысын жандандыру, су тапшылығын барынша азайту, ылғал үнемдеу технологиясын енгізу, су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру сияқты мәселелер көтерілді. 
Сонымен бірге елдің азық-түлік қауіпсіздігін  қамтамасыз етудің маңызды рөл атқаратыны, бұл бағытта шаруалардың дала төсінде маңдай терлете сіңірген еңбектерінің зор екені әңгіме өзегіне айналды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының ауыл шаруашылығын қаржыландыру бағытында іске асырып жатқан қызметтері сөз болып, бірқатар шаруашылық иелерінің ұсыныс-тілектері мен ойлары ортаға салынды. Мәселен, қызылша өсірумен айналысатын диқандар балтамырды күтіп-баптаудың қыр-сырын әңгімелеп, оны жетілдіру жөніндегі көкейтесті ойларын алға тартты. 
Өз кезегінде Жигули Молдақалықұлы фермерлерді өз шаруашылықтарының жұмысын жетілдіруге, жаңа, әділ Қазақстанды құру жолында жемісті қызмет етуге шақырды. Сондай-ақ, ол «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы облыстық филиалының жұмысын жандандыруға баса назар аударды. Жетісу облысының аудан, қалаларындағы ауылдық округтердің тұрғындарын қамти отырып, барлық шаруа қожалықтарында бастауыш партия ұйымдарын құруды, парламенттік сайлауға дайындалуды назарға салды.
Соңында ауыл шаруашылығы саласының жандануына үлес қосып жүрген бір топ еңбеккер ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін кеудеге тағып, Құрмет грамотасымен марапатталды.

Айгүл БАЙЖҰМАҚЫЗЫ
 Талдықорған қаласы