МАЛ ҚЫСТАТУ НАУҚАНЫ ОЙДАҒЫДАЙ МА?

Уақыты: 16.01.2023
Оқылды: 1484
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жаркент өңірінің малшылары малын жүдетпей, қыстан шығынсыз шығару үшін табиғи жайылымдарды барынша тиімді пайдаланып, қолдағы жемшөп қорын да үнемдеу жолын қарастыруда. Ауданда қыс пен көктемгі мал төлдету науқанына жалпы 85380 тонна шөп, 23600 тонна жоңышқа, 23000 тонна сүрлем, 28900 тонна сабан, 12900 тонна пішендеме және 39200 тонна жүгері жемі дайындалған.

Өңірде жалпы 470 мал қыстауы бар. Ауданда әзірленген мал азығының 80 пайызы сол қыстауларға жеткізіліп, жиналған.
– Мал қыстату науқанын тұрақты бақылап отыратын ауылдық округ әкімдерінің жанынан арнайы штаб құрылған. Оның құрамына мал және адам дәрігерлері, ІІБ қызметкерлері, округ әкімдерінің мамандары сияқты жауапты тұлғалар енгізілген. Ай сайын кем дегенде екі мәрте штаб мүшелері қыстауларды аралап, мал мен малшылардың жай-күйімен танысып отырамыз, – дейді аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы Ермек Қонақбаев. 
Өңірде соңғы жылдары төрт түлік саны еселеп өсті. Бүгінгі таңда 284 мыңнан астам қой-ешкі, 89 мыңнан астам ірі қара, 20 мыңнан астам жылқы және 350 түйе бар. Осы орайда соңғы жылдары асыл тұқымды мал өсіретін шаруа қожалықтарының саны 10-нан 34-ке көбейгенін айта кеткен жөн. Өткен жылы Талды ауылдық округіндегі Нұрдәулет Найманбаев 100 асыл тұқымды қалмақ сиырын, Басқұншы ауылындағы Бақыт Жақыпбеков 58 «Сементал» асыл тұқымды құнажын сатып алып, қазір өз төлі есебінен көбейтуде. «Көктал агро» ЖШС 1150 сауын сиырға лайықталған сүт фермасын салып, іске қосты. Қазір мұнда Аустралиядан швед тұқымды 473  құнажын  әкелініп, соның бұзаулаған 245-і сауылып, күн сайын 6 тонна сүт Талдықорғандағы сүт өңдеу зауытына жөнелтілуде. Осындай іс-қимыл «Ернар» ЖШҚ-да жасалуда. Мұнда өткен жылы ағылшын тұқымды 523 «Jersi» сүтті сиырын әкеліп, 250-ден астамын сауып, аптасына 8 тоннадан аса сүт өткізуде.
Мал шаруашылығындағы алда тұрған тағы бір маңызды мәселе – көктемгі мал төлдету науқаны. Күзде Жаркент өңірінде 130 мыңнан астам саулық асыл тұқымды қошқардан алынған ұрықпен қолдан қашырылды. Бұл саулықтар алдағы наурыз айында төлдей бастамақ.
Қорыта айтсақ, Жаркент өңіріндегі төрт түліктің қыстан шелді шығарына мамандар мен малшылар сенімді. «Шелді мал – төлді» дегендей, бұл да ел ырысын еселер береке бастауы.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ,
Панфилов ауданы