ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ ҚАРАЛДЫ

Уақыты: 18.02.2024
Оқылды: 359
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстық мәслихаттың ауылшаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария, экология, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құрылыс мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының отырысы өтті.


Алдымен көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысының қалай жүргізіліп жатқаны сөз болды. Әсіресе, жанар-жағармай, су, қант қызылшасы мәселелеріне ден қойылып, техника дайындығына назар аударылды. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бахтияр Шампиков бүгінде көктемгі науқанға әзірліктің ойдағыдай іске асырылып жатқанын сөз етті. Айтуынша, биыл ауыл- шаруашылығы дақылдарының егіс алқабын 528,5 мың гектарға жеткізу көзделуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары. 

Былтырғыға қарағанда, дәнді дақылдар мен картоп егістігі қысқарып, есесіне қант қызылшасы және мал азығы мен майлы дақылдар алқабы ұлғаймақ. Ауылшаруашылығы дақылдары тұқымының сұрыптық, егістік сапасын тексеру ақпан айының 20-нан басталады. Бүгінде шаруашылықтармен 3 873 тонна тыңайтқыш сатып алынған. «Кең дала» бағдарламасы бойынша 700 млн. теңге несие бөлініп, 614,4 млн. теңгеге 46 шаруашылықтан өтінім түсіп, 21 шаруашылыққа 199,5 млн. теңге несие берілген. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның облыстық филиалы тарапынан республикадан қосымша 1,8 млрд. теңге бөлу сұралуда.   

Дала жұмыстарын жүргізуге 4,1 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлініп, өңірлік оператор болып «GASSOIL» ЖШС анықталған. Дизель отынының бағасы жеткізуді қоса алғанда 1 литріне 250 теңге. Науқанға 20 109 техника жұмылдырылмақ. Қазір олар жөндеуден өтіп, дайындық 92 пайызды құрайды. Құрылатын 8 сервистік-даярлау орталығына 28 қант қызылшасын сепкіш алу көзделуде. 

Ал ветеринарлық шараларды ұйымдастыруға биыл 3,7 млрд. теңге қаражат бөлінген. Бұл туралы ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жан-жануарлар арасында инфекциялық және инвизиялық аурулардың таралуының алдын алу, вакциналау бойынша ветеринарлық іс-шараларды жүзеге асыру, ит пен мысықтарды асырау, серуендету, қаңғыбас ит пен мысықтарды аулау және жою қағидаларын сақтау мәселелерін қарау барысында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұрлан Жамаубаев баяндады. Белгілі болғандай, ветеринария саласының инфрақұрылымын дамыту  мақсатында 23 модульдік ветеринарлық пункт салынып, 14 автокөлік, 70 компьютер жиынтығы, 70 принтер, 121 планшет және арнайы трактор сатып алу жоспарланған. 

Қаңғыбас жануарларды аулау, жансыздандыру, вакциналау, стерильдеу және бірдейлендіру бойынша ҚР-дің 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді іске асыру мақсатында, бекітілген 5 бағдарламаны орындау үшін облыстық бюджеттен жалпы 172,4 млн. теңге қаражат бөлініп, оның 98,6 млн. теңгесін ұтып алған мердігерлер анықталған. 

Айта кетейік, оның ішінде бұралқы ит пен мысықтарды аулау, жансыздандыру, қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау, қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды сәйкестендіру, қаңғыбас жануарларды егу және зарарсыздандыру, иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын сәйкестендіруге қарастырылған қаражат бар. 

Сонымен бірге аудан, қалаларда ит ұстау орындарын салуға қажет жер телімдері бөлініп, осы бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда. Ал «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңын орындау мақсатында аудан, қала аумақтарында жыл басынан бері жалпы 703 бұралқы ит ауланып, жойылған. 

Тұрақты комиссия отырысында сондай-ақ, облыстағы қалалар мен елді мекендердегі аумақтарды абаттандыру, газдандыру және су, кәріз жүйелері мен жолдарды, көшелерді жарықтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Данияр Ысқақовтың айтуынша, бүгінде аймақты газдандыру деңгейі 46 пайыз. Биыл тағы 30 елді мекен газдандырылып, республикалық бюджеттен 22 жаңа жобаны іске асыруға 2,7 млрд. теңге қолдау көрсетіліп, қалған қаражат республикалық бюджетті нақтылау кезінде сұралмақ.

2025 жылы 62 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарда бар. 2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі барлық елді мекенді газдандыру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде халықтың 72 пайызы көгілдір отынға қол жеткізбек. Содан кейін Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандары газдандырылады. Осы мақсатта «Талдықорған –Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы бар. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 131,7 млрд. теңгені құрайды. Ал 2028 жылға қарай 124 мыңға жуық тұрғыны бар тағы 66 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізеді деп күтілуде. Осы жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде аймақты газдандыру 100 пайызға жетеді немесе барлық 192 елді мекен қамтылады.

Қазір Талдықорған қаласы бойынша 25 компания жұмыс істейді және газға қосылу құны 170 мың теңгеден аспайды. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау және газдандыру үдерісін жеделдету мақсатында газ қазандықтарын сатып алу үшін артық төлемсіз 10 айға бөліп төлеуді ұсыну бойынша жеңілдікті бағдарлама іске қосылған. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 779,5 млн. теңге бөлініп,   1 600 бірлік қазандық сатып алыныпты. Бүгінде облыстың 100-ден аса тұрғыны пайызсыз бөліп төлеуді пайдаланды. Осылайша, аймақты 100 пайыз газдандыру 2030 жылы аяқталады.
Отырыс барысында аталған тақырыптарға орай депутаттар тарапынан түрлі сұрақ қойылып, салаға жауапты мамандардан жауап алынды. Соңында комиссияның күн тәртібіне енгізілген барлық мәселе бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА