Жетісуда 200-ден астам адам қар құрсауынан құтқарылды

Уақыты: 21.02.2024
Оқылды: 304
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Биыл қыс болмайды деп жүрген жұртты қаңтардың қақаған аязы мен ақпанның ақтүтек бораны әбігерге салғаны белгілі.  Мәселен, соңғы бір аптадан бері ауа райының қолайсыздығынан Жетісу облысындағы «Үшарал-Достық» тас жолы жабылған. Соның салдарынан көрші қытай еліне қатынайтын жүк көліктері қаңтарылып, соңғы бір тәуліктің ішінде тас жолда қар құрсауында қалған оннан астам адам құтқарылған. Ондағы жауған қармен қабаттаса соққан желдің жылдамдығы секундына 30 метрге  дейін жетіп, үскірік аяздың  беті қайтпай тұр.


Облыстық төтенше жағдай департаментінің сөзінше, биыл табиғат тосын мінез тантқалы келіп түскен шақыртуларға сай  аймақтағы күре жолдарда қар құрсауында қалған 200 ден астам адам құтқарылған. Олардың басым көпшілігі ескертуді елемей жолға шығып кеткен автокөлік жүргізушілері.  Ал, ақтүтек боранда арнайы техникамен шығып адасып жолда қалған адамдарды іздеп табу да оңай емес. Сондықтан азаматтар күн райы бұзыла қалған жағдайда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы тиіс. Жолға шыққанда да жылы киім, жарық, тамақ, дәрі-дәрмек  сынды басқа да керекті заттарды қамдап алуы керек.

Қазір аймақта төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен полицейлер өз міндеттерін атқарып,  жолдарды «Қазавтожол»  мекемесінің мамандары тоқтаусыз тазалауда. Бірақ ұйытқыған боранның кесірінен қар қай басуда. Сонымен қатар бірнеше уақытша жылыту пункті жұмыс жасауда.

Өңірдегі «Қазавтожол» филиалыдың жауаптыларының айтуынша, қазір  Жетісу облысы бойынша  60 дана  заманауи техника бар. Олар  жан жаққа бөліп жұмыс жасауда. Ал, Үшарал-Достық тас жолының 122 шақырымында тағы бір жылыту пункті салынып құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Алдағы уақытта ел игілігіне берілмек. Сондай-ақ, биылғы жылы Жетісу облысында үш жылыту пунктін салу жоспарда. Құрастырылмалы бұл нысандар Үшарал, Қабанбай және Жансүгіров ауылдарында тұрғызылмақ.

                                                                              Айдын КӘЛІМХАН.

Фото: adyrna.kz