Болашақтың ойындары: Президент келесі жарысты Қазақстанда өткізуді ұсынды

Уақыты: 22.02.2024
Оқылды: 328
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Татарстан астанасына келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен басқа елдердің президенттері «Болашақтың ойындары» халықаралық мультиспорт турнирінің негізгі шаралары өтетін «Қазан Экспо» кешенін аралап көрді. 

Экскурсия барысында қонақтарға Dota 2 конгресс-залы, арт-нысандар, «фиджитал-зертхана» көрсетілді, сондай-ақ дене шынықтыру мен киберспортты (physical+digital) біріктіретін инновациялық «фиджитал-қозғалыстың» ерекшеліктері таныстырылды.

Алаңдардың бірінде Қазақстан Президенті «Футбол достыққа жол ашады» бағдарламасына қатысатын жас спортшылармен әңгімелесті. 

Халықаралық команданың құрамында «Астана» футбол клубында жаттығатын 10 жасар Жан Әли Ермағамбетов те бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда балалар спортына мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Мұның алдында Қазақстан Президенті турнир қатысушыларына сәттілік тілеген еді. 

– Бұл – бірегей ойын. Дүниежүзінде мұндай ойынның баламасы жоқ. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Келесі ойынды Қазақстанда өткізейік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Фото: Ақорда