САУАЛ КӨП, ЖАУАБЫ ҚАЛАЙ?!

Уақыты: 16.03.2024
Оқылды: 428
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметкерлеріне қойылатын сұрақ көп. Сала мамандары «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына қатысты елдің көкейкінде жүрген сауалдарға тоқталды. Тұшымды жауап беруге тырысты.

«БЖЗҚ» АҚ Жетісу облыстық филиалы директорының орынбасары Әнуар Елеусізов «Бала ақшаны бірден 18 жасында емес, кейінірек – 20 немесе 25 жасында да пайдалана алатынын айтады. Ол ақша АҚШ долларымен аударылады және нысаналы шотта 10 жыл сақталатынын, егер осы мерзім ішінде ол бұл қаражатты пайдаланбаса, қаражат автоматты түрде БЖЗҚ-дағы оның атына автоматты түрде ашылатын жеке ерікті зейнетақы шотына аударылатынын жеткізді. Ерікті зейнетақы жарналары есепке алынатын осы зейнетақы шотынан жинақтарды алу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады», – деді.

Нысаналы жинақтарды 18 жасқа толғанға дейін пайдалануға бола ма деген сауалға «БЖЗҚ» АҚ Жетісу облыстық филиалы директорының орынбасары:

 – Жоқ, мұндай мүмкіндік қолданыстағы заңнамада қарастырылмаған. Балаға есептелген нысаналы ақша Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында болады және бала 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық банк инвестициялауды жалғастыра береді. Бұл баланы қосымша инвестициялық кіріспен қамтамасыз етеді, – деп жауап берді.

Көпшілік көкейіндегі тағы бір сұрақ, бала азаматтығын ауыстырып, басқа елге кетсе, нысаналы жинақтары не болады? Егер бала басқа елде туып, бірақ Қазақстан азаматтығын алса, ол Ұлттық қордан қаражат алуға құқылы ма? Бұл сауалға да берілер жауап айшықты. Қазақстан азаматтығынан шыққан балалар Ұлттық қордан қаражатты пайдалану құқығынан айырылады. Егер 2006 жылы және одан кейін дүниеге келген бала 18 жасқа толғанға дейін Қазақстан Республикасының азаматтығын алса, онда ол автоматты түрде бағдарламаның қатысушысы болады және Ұлттық қордан қаражат алуға құқылы. Бұл ретте оған Ұлттық қордан нысаналы талаптарды есептеу оның туған күнінен емес, Қазақстан азаматтығын алған күнінен бастап жүзеге асырылады.

Әнуар Елеусізов егер қандай да бір жылдағы инвестициялық кіріс теріс сипат алса Ұлттық қордың қаражаты ұзақ мерзімді негізде инвестицияланады және инвестициялау нәтижелері қаржы нарығындағы түрлі нарықтық факторлар әсер ететін жағдайға тәуелді болатынын айтады. Сондықтан Ұлттық қор активтерінің валюталық бөлігінің жекелеген кезеңдердегі табысының ықтимал төмендеуін бейтараптандыру үшін ол есепті жылдың алдындағы он сегіз жыл бойынша орташаланатынын атап өтті.

Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: gov.kz