МЕМЛЕКЕТ УЫҒЫ

Уақыты: 18.03.2024
Оқылды: 381
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Отбасы – мемлекетіміздің уығы, алтын қазығы, тәрбие діңгегі. Отанның өзі отбасынан басталатындығын ескерсек, қоғамдағы әрбір әулеттің еліміз үшін қосар үлесі зор. Осыған орай Наурызнама онкүндігі аясында Салтанат сарайында «Алтын шаңырақ  – күміс кереге» атты мерекелік шара өтті.

Жиында қала әкімі Ернат Бәзіл қоғамдағы отбасы институтын дамытуға үлес қосып жүрген отбасыларды құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

– Наурыз айын Алғыс айту күнімен бастасақ, бүгін, міне, отбасы құндылықтарын насихаттауға жиналып отырмыз. Дана халқымыздың «Отан – отбасынан басталады», «Отбасы – шағын мемлекет» деген ғибратқа толы қанатты сөздерінде терең мән-мағына жатыр. Бір шаңырақ астында бірге өмір сүріп, өнегелі отбасы болып жүрген жандардың өмір жолы көпке өнеге. Ата-баба дәстүрін берік ұстанып, үлгілі отбасы болып жүрген жандарға алғысымды білдіремін, – дей келе шаттығы шалқыған шаңырақ иелеріне сыйлықтар табыстады.

Шара барысында 20 жылдық жұп Алмас Ақылбеков пен Нұрқатипа Нүсіпбекова, «Күміс кереге» иелері Әбілтай Есенгелдинов пен Сая Есенгелдинова, «Інжу той» Ерлан Байханов пен Інжу Байханова, «Лағыл той» Мұратхан Раисов пен Салиха Раисова, «Алтын той» Арыстанбек Бибатыров пен Забира Бибатырова, «Гауһар» той иелері Амангелді Арынов пен Кербез Қуатқызы некелерінің жаңарғандығы туралы құжатқа қол қойды.

Осыдан кейін 60 жыл жұптарын жазбай ғұмыр кешкен «Гауһар той» иелері жас отбасыларға батасын берді.

«Әрбір отбасының бақыты – еліміздің бақыты. Осыған орай отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында елімізде Шаңырақ күні тойлануда. Біз отбасы құрғанымызға 60 жыл толды. Шаңырақтың мықты болуы ең әуелі сыйластыққа байланысты. Жанұяңның амандығы, бірлігі, татулығы өзің үшін де, қоғам үшін де маңызды. Жаңа үйленгендерге үлгі болу үшін мұндай шараны дәстүрлі түрде өткізуіміз керек», – деді Амангелді Шәденұлы.

Мерекелік іс-шарада дәстүрлі ән мен жырдан шашу шашылып, орындалған күй-термелер тыңдарманға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айдар ҚАЛИЕВ