ЗАМАНАУИ ӘУЕЖАЙ САЛЫНАДЫ

Уақыты: 29.03.2024
Оқылды: 326
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағының бірыңғай реестрінде жалпы құны 800 миллиард теңгеден асатын жобалары бар 56 қатысушы тіркелген. Ондағы негізгі элементтің бірі «KTZE-Khorgos Gateway» құрғақ порты. Бұл –  Орталық Азиядағы ең ірі құрғақ порт және Қазақстандағы жеке теміржол инфрақұрылымы бар жалғыз терминал. Енді бұл аймақта болашақта заманауи әуежай салынады. Бұл туралы облыс әкімі  Бейбіт ИСАБАЕВ «SKYHANSA» ЖШС директорымен және шетелдік қонақтармен болған кездесуде айтты. 


Іскерлік кездесуде аймақ басшысы Бейбіт Өксікбайұлы жер жаннаты Жетісу өңірінің транзиттік әлеуеті жоғары екенін ерекше атады. Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан ТМД елдеріне және Еуропаға маңызды бағыттардың географиялық тұрғыдан тиімді болып тұрған «Қорғас – Шығыс қақпасының» жалпы ауданы шамамен 5 мың гектар құрайтын құрғақ портты, логистикалық және индус- триялық аймақтарды қамтитынын тілге тиек етті. 

– «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағының бірыңғай реестрінде өте құнды жобалар бар. «KTZE-Khorgos Gateway» құрғақ порты теңіз логистикалық тораптарына бірегей балама бола алады. Бұл – Орталық Азиядағы ең ірі құрғақ порт екенін де айта кеткен жөн. Құрғақ порт аумағында инвесторлар, оның ішінде шетелдіктер үшін өзіндік тарифтері, жеңілдіктері мен преференциялары бар екенін атап өткім келеді. Халықаралық жүк-жолаушы әуежайының ашылуы транзиттік әлеуетті одан әрі дамытуға оң әсерін тигізеді. Сіздердің жоба сәтті жүзеге асу үшін біз барлық мүмкіндікті істеуге дайынбыз, – деді облыс басшысы.

«SKYMAX TEHNOLOGIES» компаниясының бас директоры Ерік Шортанбаев шетелдік қонақтармен таныстырып, жүзеге асырылатын жоба жайлы толық мәлімет берді. Жалпы, жоба 3 кезеңде жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Егер жоба сәтті орындалса, 250 миллиард теңге инвестиция тартылып, 700 жұмыс орны ашылмақ. Жолаушылар бұл әуежайдан 50 мың тонна жүк тасымалдап қана қоймай,  сағатына 500 адамға дейін өтуге мүмкіндік алады.

Аталмыш жобаға инвестиция салуға ниет білдірген неміс серіктестері сауда, туризм, тамақтану және жолаушыларды орналастыру қызметтерінің ауқымын кеңейтуді ерекше назарға алған. 

Аймақ басшысы Бейбіт Өксікбай- ұлы инвесторларға стратегиялық маңызы бар жобаны сәтті жүзеге асыру үшін, оның ішінде сыртқы инфрақұрылымды қамтамасыз ету мәселелерінде қажетті қолдауды заң жүзінде көрсетуге толық дайын екенін жеткізді. Кездесу соңында қос тарап ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: Жеңіс ЫСҚАБАЙ