ТАБИҒИ ГАЗ ТИІМДІ

Уақыты: 18.09.2018
Оқылды: 956
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   «Ұлы дала қуаты» атты халықаралық автотехникалар шеруіне қатысушылар еліміздің оңтүстік-шығысында орналасқан «Қорғас» кеденіне келіп жетті. Бұл табиғи газбен жүретін техникалардың ең ұзақ автошеруі. Оның ұйымдастырушылары Қазақстан, Қытай және Ресейдің ірі энергетикалық компаниялары – «ҚазМұнайГаз», «CNPC» және «Газпром» АҚ-лары.


   Автошеру жолының жалпы ұзындығы  9881 шақырым.  Оның басым бөлігі Қазақстандағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жаңа халықаралық көлік дәлізі арқылы өтеді. Қорғас шекарасынан қазақ жеріне өткен автокеруен Қытайдың оңтүстік-шығыс аумағындағы Жудун қаласынан үш мың шақырымнан артық жол жүріп келді. Керуенді Панфилов ауданының және отандық компаниялардың басшылары, «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастығы орталығының», «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА өкілдері қарсы алды. 
   Сапар ары қарай Алматы, Тараз, Түркістан, Қызылорда, Арал,  Ақтөбе аймақтары арқылы жалғасып, Ресейдің Орынбор, Альметьевск, Қазан, Нижний Новгород, Владимир, Торжок қалаларынан өтіп, 4 қазанда Санкт-Петербургте сапарын аяқтайды. Автошерудің қазақстандық бөлігінде көліктерге газ құюды «ҚазТрансГаз» АҚ Ұлттық газ операторы қамтамасыз етеді. Автошеру мәреге жеткен күні Петербургта ХІІІ халықаралық газ форумы салтанатты түрде ашылмақ. 
Автошеруде сұйытылған және сығымдалған табиғи газбен жүргізілетін жолаушылар отыратын автобустар, жеңіл машиналар мен жүк таситын көліктер бар. Бұл іс-шараның мақсаты – «ГазТрансГаз» АҚ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансконтинетальдық көлік дәлізінің қазақстандық бөлігінің бойында тиімді газ құю инфрақұрылымын салу жоспарын айқындау. Бұдан басқа, автошеру мотор отыны ретінде табиғи газды пайдаланудың басымдығын көрсетуге арналған.
   «Құрғақ порт» қақпасында жергілікті халықпен кездесу өткізген автошеруге қатысушылар басты мақсаттарын қазақ, орыс және қытай тілдерінде баяндады. Кездесуде «ҚазТрансГазӨнімдері» ЖШС бас директоры Арман Қасенов, ресейлік «Газпром» компаниясының бөлім басшысы Виталий Косковецкий, қытайлық «Куньлунь Энерджи» компаниясының өкілі Ли Вэй, Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Думан Төреханов сөз сөйлеп, ауаны ластамайтын экологиялық және экономикалық жағынан тиімді табиғи газ қуатын пайдаланудың басымдықтарын баяндады. Кездесу соңында «Арғымақ» этно-фольклорлық ансамблі би би-    леп, ән салып, қонақтарға қазақ өнерін көрсетті. 
   Бүгінгі таңда елімізде көлік секторын жаңғырту және оны дизель отынынан табиғи газға ауыстыру мәселесі көзделуде. 2022 жылға қарай көлік секторының табиғи газды тұтынуын он есеге ұлғайту болжануда. Бұл үшін автоматты және криогенді газ толтыру бекеттер желісін кеңейту жобалары іске асырылатын болады. Бұл қоршаған ортада зиянды заттардың шығарылуын тежеп, жұмыс орнын көбейтуге және отын шығындарын неғұрлым үнемдеуге айтарлықтай әсер етпек.
   Қазақстанда мотор отыны ретінде табиғи газды қолдануды дамытуға және автомобиль газ толтыру компрессорлық бекеттерін салуға «ҚазТрансГаз» АҚ еншілес кәсіпорны болып табылатын «ҚазТрансГазӨнімдері» ЖШС жетекшілік етеді.


Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы