ЖЕҢІМПАЗДАР АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 18.09.2018
Оқылды: 850
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Астананың 20 жылдығына орай «Жетісу шабыты» қоғамдық бірлестігі «Екі жұлдыз» республикалық байқауын ұйымдастырды.Байқауға көзі нашар көретін өнерлі жандар қатысты. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткізілген шараға 8 облыстан үміткерлер қатысты. 

 

   Байқауды ұйымдастырудағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық қабілетін шыңдау, өнерпаздардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызу, көзі нашар көретін адамдармен жұмыс жасайтын мамандардың еңбегін бағалау.  
   Өнер сайысына әр облыстан келген үміткерлер тыңғылықты дайындалыпты. Барлығы әнді жүрекке жеткізе орындады. Күнде естіп жүрген әндеріміздің құлпырып, ойнақыланып кеткенін байқадық. Жүрекке жеткендігі сол, залдағы көрермен орындаушылармен бірге ән салып отырды. Қазылар алқасы әр әннен кейін өздерінің пікірлерін айтып, бағаларын берді. Келесі жолы қателеспес үшін кем-кетігін, қай жерден кемшілік жібергенін, нені жетілдіру керектігін айтты. Байқауға қатысудың өзі үлкен жетістік. Бұл орайда аталмыш ән бәйгесін ұйымдастырған «Жетісу шабыты» қоғамдық бірлестігіне рахмет айтқан жөн. 
Сондай-ақ, өнер жарысын өткізуге демеушілік жасаушыларға елдің алғысы зор. Бұл орайда Талдықорған қаласының әкімдігі, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы, «Жас Отан» жастар қанатына деген қоғам мүшелерінің ризашылығы шексіз.  Байқау болған соң міндетті түрде мықтылар анықталады. Мұнда да солай болды. Бас жүлде Алматы қаласынан келген Әсімжан Хапузов пен Айнұр Тайжановаға тиді. Ал бірінші орын шымкенттік Ақмарал Басымбекова мен Айнұр Исмандиярға бұйырды. Талдықорғанның өнерпаздары Алғысбек Дәуен мен Арғын Нұрдана екінші орынды місе тұтты. Семейлік Марат Әлиасқаров пен Ғайша Омарбекова үшінші орынды иеленді. 
   «Екі жұлдыз» байқауы өзіндік мән-мағынасымен ерекшеленді. Мұнда халқымызға кеңінен танымал әндер орындалды.  Денсаулығында ақау болса да өмірдегі орнын ойып алып жүрген өнерпаздардың жігеріне бәрекелді дестік.  Өнерпаздарға өнердегі алар асуларыңыз биік болсын деп тарқастық. 

Гүлжан Мұқашқызы