ЕЛОРДАҒА АРНАЛҒАН КӨРМЕ

Уақыты: 18.09.2018
Оқылды: 1003
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Биыл Елордамыздың 20 жылдық мерейтойы еліміз үшін үлкен қуаныштың көрінісіне айналды. Соған сай өңірімізде Астана қаласының күндері аталып өтілуде. Соның алғышартындай облыстық көркемөнер галереясында «Ақ тілекпен, Астана» атты көрме ашылды. Көрмеге тарихи, заманауи тақырыптағы картиналар мен мүсіндер қойылды

 

   «Ақ тілекпен, Астана» шығармашылық жобасы әлемдегі ең табысты және дамып келе жатқан жас қалалардың бірі ретінде елордамыздың даму сатысын көрсетуге бағытталған. Іс-шараның мақсаты мен мазмұны жайында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қалқабаева:
–  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған рухани құндылықтарды қарапайым тілмен емес, өнер тілімен насихаттауды мақсат тұттық. Барша адамзатқа ортақ өнер тілімен жеткізе білу – үлкен жауапкершілік. Көрме Астананың 20 жылдығына арналады. Көпшілік назарына кейінгі 5-6 жыл көлемінде салынған картиналар, мүсіндерді ұсындық. Сурет, мүсін өнерінің әр бағытын қамтыдық. Бірі Астананың көріністерін, енді бірі Елбасының бет-бейнесін арқау етті. Өнер өз заманымен бірге дамиды. Астана – заманауи сәулет үлгісі ғана емес, сонымен қатар, үнемі жаңа идеялар мен үрдістер іздеу үстіндегі жаңашыл қала. Оны осындағы картиналардан-ақ байқауға болатындай, – деді.
   Көрмеге Тәуелсіздік сарайының қорынан қазақстандық суретшілердің 100-ге жуық жұмысы ұсынылған. Соның ішінде  А. Ақанаев, Е. Айтуаров,  Р. Күлбатыров, А. Смағұлова, М. Бекеев, Қ. Каржасов, Р. Слекенов, А. Қазығұлов, Қ. Базарғалиев,  А. Сыдыханов, Ж. Мүсәпір, Е. Сидоркин, К. Каметов, Е. Оспанұлы, К. Муллашев, М. Байбосынов,  Ө. Тлеулиев және мүсіншілер Тоқтар Ермеков пен Сембіғали Смағұловтың жұмыстары қамтылған.
   Суретшілердің бір бөлігі қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен мәдениеті, оның дәстүрлер сабақтастығын сақтап, өз жұмыстарында бейнелесе, басқа бөлігі абстракция және модерн тұрғысынан өз ойларын білдірген. Олар айналамыздағы әлемнің ұлттық философиялық және психологиялық көзқарасын көрсетеді. Ал басқалары, керісінше, әлемдік өнердегі жаңа сөзді айтуға ұмтылады. 
Көрмедегі ең көрнекті тақырыптық туындының бірі – «Елбасы» картинасы. Суретші Ерлан Айтуаров картинада бүгінгі кезеңді ғана емес, келешекті бейнелеген. 
– Картинада тәуелсіз ел өмірінің ең жарқын сәттерін қамтуға тырыстым. Өткен тарихпен қатар Елбасының болашақ үшін жасаған жоспарларын да бейнеледім. Келешек ұрпақ үшін жасалған жұмыстарды насихаттасам деймін. Тәуелсіздіктің әрбір жылы – тарих. Мақсатым – Елбасының тұлғасын жан-жақты етіп насихаттау. Сондықтан картинаның атауын «Елбасы» деп атадым. Президент бейнесінің төңірегіне Астананың ең сәулетті ғимараттарының бәрін  сыйдыру, әрине, мүмкін емес, – дейді «Елбасы» картинасының авторы.
Шынында бұл көрмеге тек кәсіби суретшілердің шығармалары қойылған. Олардың жеке стильдерінің ерекшелігі мен шығармашылық ізденістерін бірден байқауға болады.
Шара соңында өнерді бағалаушылар үшін нағыз тосынсый жасалды. Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Ғ. Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің «Ұлы дала әуендері» атты концерті өтті. Бағдарлама аясында Шуберттің, Гайднның, Бродиннің, Жұбановтың, Жайымовтың, Тәттімбет пен Құрманғазының шығармалары орындалды. Атап айтқанда, «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы, эстрадалық би, «Шалқыма» би ансамбльдері, сондай-ақ, классикалық, эстрадалық вокал және халық ән бөлімі солистері өз өнерлерін көрсетті.
Алдағы уақытта қаламызда Астана күндері аясында Мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі және халық ән бөлімі солистерінің қатысуымен «Жыр атасы – Қабан жырау» атты әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының сахнасында жас көрерменге   А. Анатольевтің «Снежная королева» ертегісі көрсетіледі.

Қабыл ИСА