СУЫ ШИПА, ДӘНІ АЛТЫН, ҚҰМЫ ШЕКЕР

Уақыты: 18.09.2018
Оқылды: 1919
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Алакөлдіктер ауданның 90 жылдығын өз деңгейінде атқару үшін алдымен 20 тамыз бен 20 қыркүйек аралығын қамтитын бір айлық мерейтойлық шаралар жоспарын құрыпты. Оған ауданның экономикалық, әлеуметтік, білім беру, спорт, туризм, мәдениет, өнер саласындағы жетістігін көрсететін іс-шаралар жоспары енгізілді.  Соған орай түрлі тақырыпта кездесу өткізіліп, конференция ұйымдастырылды. «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағдарламалары аясында өлкетануға арналған экспедиция қолға алынып, игілікті істер атқарылды. Қысқасы, мерейтойға дейінгі 30 күн есте қалар керемет жетістіктерімен өріліп, өңірдің бұдан кейінгі дамуын саралап, алдағы өркендеуіне жол салды.

 

ЖЫЛЫ
ЖҮЗДЕСУЛЕР

   Мерейтой қарсаңындағы іс-шаралар ең алдымен Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжі білімгерлерінің «Алакөл алыптары» атты зиялы қауым өкілдерімен кездесуінен басталды. Шараны Алакөл аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Алакөл жастар дарабозы» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Мұның да өзіндік себебі бар. Ұйымдастырушылар ең алдымен ауданның 90 жылдық тарихын, ауданнан шыққан танымал азаматтарды, осы өңірде кешегі-бүгінгі кезеңде атқарылған игілікті істерді сараптап алуды жөн көріпті. Өйткені, өңір тоқсан жылдың өркендеу басқышында сан сынаққа дөп келді, сан қиыншылықты бастан өткерді. Алайда соның көбін бүгінгі жастар біле бермейді. «Өткенін білмеген елдің болашағы бұлыңғыр» дегендей, ауданның 90 жылдық мерейтойын жасаудың да мақсаты осы. Сондықтан кездесуде сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М. Сүлейменов, ақын, жазушы Т. Садиев, ауданның Құрметті азаматтары Ж. Жұманов, М. Арапов, облыстық ІІД ардагерлер кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Б. Құсбеков осы өңірде атқарылған игілікті істерден сыр өрбітіп, кешегі жетістіктер мен тұлғалардың бүгінгі жарқын өмірге қосқан еңбектерін екшеп берді. Бұл өз кезегінде жастарға үлкен шабыт болды. 
Ауданның экономикалық дамуымен таныстыру, танымал азаматтардың өмірбаяны арқылы өскелең ұрпақтың болашаққа деген ұмтылыстарын арттыру мақсатында «Алакөл ауданының тарихы және теориясы» атты конференция ұйымдастырылды. Шараға аудандық ішкі саясат, Алакөл гуманитарлық – техникалық колледжінің қызметкерлері мен білімгерлері, ауданның зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты. Конференцияда «Алакөл ауданының төңірегінде табылған ерте ортағасырлық қалашықтар» тақырыбында Үшарал қазақ гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі       Т. Қанапьянова, «Алакөл ауданының құрылуы және Ұлы Отан соғысына дейінгі тарихы» тақырыбында Қабанбай батыр атындағы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Б. Жайлаубай, «1945-1991 жылдардағы Алакөл» тақырыбында №14  Бескөл мектебінің тарих пәні мұғалімі Р. Мархаева, «Тәуелсіздік жылдарындағы Алакөл» тақырыбында Лепсі орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі А. Оразов баяндама жасап, ауданның арғы-бергі тарихынан сөз қозғады. Тағылымды шараға атсалысқандарға Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды. 
   Қабанбай ауылдық Мәдениет үйінде жерлестеріміз, 200-ден астам ғылыми-танымдық мақала, бірнеше монографиялық еңбек, көптеген оқу құралының авторы Қанипаш Қайсақызы мен еліміздің филология ғылымына сүбелі үлес қосқан тіл жанашыры, филология ғылымының докторы,           І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры Мұратбек Иманғазиновпен «Ғылымдағы ғұмыр: тағылым, тәжірибе және дәстүр жалғастығы» атты жастармен кездесуі өтті. Кездесуге ауданымыздағы мектеп оқушылары, колледж студенттері және ұстаздар қатысты. Кеш соңында келген қонақтарымызға шапан жауып, сыйлықтар табысталды. 

КИЕЛІ ЖЕРГЕ
ТАҒЗЫМ 

   Ауданның мерейтойы қарсаңында «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» бағдарламасы аясында жұмыс жүргізіліп, өңірдегі мәлім және беймәлім біраз қасиетті мекен анықталды. Туған жердің тарихын білу, сакралды орындарды насихаттау, оларды көпшілікке кеңінен танымал етуді мақсат еткен «Киелі жерге тағзым – ұрпаққа ұлағат» атты танымдық экспедиция аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту, білім бөлімдерінің қызметкерлері, қала, округ әкімі аппараттарының мамандары мен жастар ісі жөніндегі әдіскерлері, тарихшы мамандар мен мұражай қызметкерлері және баспасөз өкілдері тартылды.
Алакөл – тек қана Жетісу жерінің емес, қазақ елінің қадір тұтып, қастерлейтін өңірі. Оның жағалауын түрлі құстардың өзі мың түрлі үнімен, сиқырлы сазымен салтанатқа бөлеп жатады. Айдынында қаз-үйрегі қалқып, шағаласы шалқыған Алакөл бұл күндері талайға таңдай қақтыратын мекенге айналған. Сарқан ауданымен шекаралас жатқан Қабанбай ауылы тарих бетінде Үйгентас деп аталып қалды. Бұл атау сол бір жылдардағы жоңғар басқыншыларының қазақ жерін жаулап, өзінің атамекені етпекші болған тұста болған оқиғаға байланысты қойылған. Сондықтан да экспедиция өз жұмысын алдымен «Тоқта» тауында орналасқан Аңырақай шайқасының 270 жылдығына арналған ескерткішке гүл шоғын қойып, перзенттік парызын өтеді. Өйткені, ел басына екі талай күн туғанда етігімен су кешіп, ел мен жер үшін жанын қиған батырларға құрмет ету – бүгінгі ұрпақтың борышы. Ол ертеңгі күнге деген сенімділік. Өйткені, ата-бабаларымыз аманаттап кеткен ұлан-ғайыр даланы болашаққа жеткізу осы жастардың міндеті. Шарада Достық округі әкімінің орынбасары Е. Енсебаев, «Алакөл жастар дарабозы» ЖҚБ жетекшісі А. Арнай, Достық орта мектебінің тарих пәнінің ұстазы Ш. Насыровтар киелі тарихқа шолу жасап, экспедиция жұмысын үйлестіруге ықпал еткен аудан, ауыл азаматтарына алғысын білдірді. Одан ары көпшілік Алакөл ойпатындағы ортағасырлық қалаларды аралады. Атап айтсақ, «Асусай» ерте ортағасырлық қалашығына Ырғайты ауылдық округінің қызметкерлері, Көктұма орта мектебінің ұстаздары және оқушылары қатысты. Сондай-ақ, экспедиция өз жұмысын «Жайпақ» ерте ортағасырлық қалашығында жалғастырды. Бұл жерде Жайпақ округі әкімдігінің қызметкерлері, М. Төлебаев атындағы орта мектеп ұжымы мен жастары қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археолог мамандармен кездесіп, орта ғасырдың керуенге арналған қалашық екені сұхбат барысында белгілі болды. Әрі қарай экспедиция мүшелері Қызылащы ауылдық округіне қарасты «Кейкі батыр» бейітіне зиярат етті. Бұл жерде Қызылащы округі әкімдігінің қызметкерлері,  Қызылащы орта мектебі ұжымы мен жастары қариялар айтқан аңыз-әңгімелерді тыңдап, Кейкі батырға қатысты тарихи деректер мен ақиқаттарға қанықты. «Қабанбай батыр» атындағы тарихи-өлкетану музейінде де ойда қалатындай кездесу болды. Музейдің директоры Ж. Қожахметова музейде орналасқан құнды жәдігерлерді экспедиция мүшелеріне таныстырды. Жыланды ауылдық округіне қарасты «Есім төре» кесенесіне зиярат еткен экспедицияға ішкі саясат бөлімінің басшысы   М. Сүлейменов жетекшілік етті. Шарада Есім төренің өмірбаяны мен халыққа жасаған қайырымдылығы туралы сыр шертіліп, рухына Құран бағышталды. 
   Осы жолғы экспедицияның бір табысы, Лепсі ауылдық округінде орналасқан Жасыл көлге барып қайтқаны болды. Тіпті, экспедиция мүшелері осы жерде  Жасыл көлді көруге арнайы келген шетел азаматтарымен кездесіп, олардың Алакөл ауданының қайталанбас табиғаты туралы пікірін бейнетаспаға жазып алды. Төменгі Жасылкөл көлінен он үш шақырым жоғарыда «Жоғары Жасылкөл» деп аталатын тағы да бір сұлу көл бар. 2200 шақырым биіктіктегі көл Кикөзенінің бүйір тармағы Қызылауыз өзенінде орналасқан. Ол да күшті зілзаланың салдарынан пайда болған. Оң жақ беткейдің құлауынан жартас кесектері шатқалды бөгеп тастаған. Көлдің ұзындығы 3,3 шақырым, орташа көлденеңі 300 метр. Көл өзінің пішіні жағынан жетісулық тістібақаны (Жетісу Алатауында ғана мекендейтін жойылып бара жатқан құйрықты қосмекенді) еске салады. Көл жағалауындағы алпілік шалғындар және сирек аласа бұталы тоғай көмкерген жап-жасыл баурайдың түсімен астасып, көк-жасыл түспен құбылып жатады. Экспедиция ауданның 90 жылдық мерейтойына осындай үлкен сыйлық жасады. 

МӘДЕНИЕТ –
ҰЛТ МӘЙЕГІ

   Зейнеп Қойшыбаева атындағы аудандық Мәдениет үйінде «Туған күніңмен, Алакөл» атты мереке қарсаңындағы іс-шаралардың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аудан әкімінің орынбасары А. Аханов қатысып, мерейлі іске береке тіледі. Шараның соңы «Туған жерге туыңды тік» атты Алакөл ауданынан шыққан кәсіби суретшілердің көрмесіне ұласты. Көрмеге ҚР Суретшілер одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы         Е. Жүнісхан, Суретшілер одағының мүшелері М. Әбділдаев, С. Қазиевтердің қолдарынан шыққан туындылары қойылды. Салтанатты шараны аудан әкімінің орынбасары Алмас Абдинов ашып, «Жетісу өңірінің суретшілері» атты кітаптың тұсауын кесті. 
   Аудандық Мәдениет үйінде жерлесіміз, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, ауданның Құрметті азаматы Сәуле Қажыбайқызы «Ақ айдынды, ақиық Алакөлім» атты шығармашылық концертін ұсынды. Концерт Құрманғазы оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. Оркестрге Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Жексен Айсын дирижерлік етті. Сәуле Қажыбайқызы барлық саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз. Кенжемұрат  Дүкенбаев ағамызбен отау құрып, екі баланың шешесі, алты немеренің әжесі атанып, 70 жасқа толып отыр. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы Алакөл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Көкебаев, «Қонаев шыңы» ұлттық журналының басқарма төрағасы Ербол Ақшолақов құттықтау сөз сөйлеп, шапан жапты. Сәуле Қажыбайқызы көрермендерге бейнетаспаға жазылған кітабын тарту етті.
  Мерейтойға орай ақын, әнші, композитор, ҚР мәдениет саласының үздігі, бірнеше кітаптың авторы, жерлесіміз Е. Әлікеевтің «Алакөл, ару мекенім» атты шығармашылық кеші өтті. Естай Әлікеевтің әндері Отан, туған ел, өскен орта, ата-ана және сезім мен сырға толы, лирикалық тақырыптарды қамтыды. Тәуелсіз еліміздің мәдениетін дамытуға, ұлттық құндылықтарды насихатталуға өзіндік үлес қосып жүрген азаматтың  жаңадан жарыққа шыққан «Иірім» атты  жыр жинағының тұсауы кесілді.  Аталған туындының тұсауын кесу құрметі  «Нұр Отан» партиясы Алакөл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ. Көкебаев, аудандық мәслихаттың депутаты   Қ. Қатықбаев, Ақтүбек ауылының әкімі  Қ. Берікбайұлына бұйырды. «Алакөлден ұшқан аққулар» атты ақын, сазгер Жангелді Немеребаевтың шығармашылық кеші де жұртқа үлгі болатындай өтті. «Сағынышым – Алакөл» атты әнші, композитор, сатирик, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Ұлттық «Астана – Бәйтерек» сыйлығының лауреаты, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алакөл ауданының Құрметті азаматы Аймұханбет Бейсенбековтің  шығармашылық кешіне  белгілі әнші Махмұт Тойкенов бастаған  әншінің шәкірттері қатысып, өңірді сұлу саз, сағынышты әуенмен тербеп қайтты. 
   Ақши ауылының көл жағалауында «Киелі мекен, Алакөл» атты ақындар мүшәйрасы өтті. «Еркін тақырып» және «Киелі мекен, Алакөл» атты  2 кезеңнен өткен сайысқа ауылдық округтерден келген 14 ақын қатысты. Жас ақындарды сөйлеу мәнерін, сөз шеберліктерін, ой ұшқырлығын салыстыра отырып М. Әубәкіров атындағы және Көктұма орта мектептерінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімдері, ақын  М. Шотамбекова, А. Рахимова әділқазылық етсе, адуынды ақындар Ғ. Жиенбай мен     Қ. Нүсіпхандар бағалады.
   «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деген Ілияс ақынның нақыл сөзін бойына жиған алакөлдіктер  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Алматы облысының және Алакөл ауданының Құрметті азаматы, Ахмет Кендірбекұлының «Армысың, асыл ағайын» атты туған аудандағы тұңғыш шығармашылық кешін өткізуді де жоспарлап отыр. Кеш тізгінін танымал журналист Бейсен Құранбек ұстаса, айтыс өнерінің жетісулық ақтаңгері Айтақын Бұлғақов, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ақын Ерлан Жүніс, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның музыкалық редакторы Жангелді Немеребаев, белгілі әнші, ақын, сатирик, Шәкәрім университетінің профессоры, Қазақстан мәдениет қайраткері, жерлесіміз Аймұханбет Бейсенбеков қатысады деп күтілуде. Осы кеште ауданның 90 жылдық мерекесіне тарту ретінде «Менің асыл ағаларым» атты кітаптың тұсаукесері де өтеді.
Мерейтойға орай жоспарланған мәдени шаралардың түйіні Қазақстан Республикасының өнер қайраткері, көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар  одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Алматы облысының және Алакөл ауданы мен Үшарал қаласының Құрметті азаматы, жерлесіміз Сәкен Иманасовтың туғанына 80 жыл толуына арналған «Алакөлім – ана көлім, ертегіден жаралған» атты әдеби кешпен қорытындыланбақ.  
   Ауданның мерейтойына кітапханашылар да үлкен үлес қосты. Сол қатарда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Ғұсман Жандыбаевтың «Дәні  алтын, құмы шекер, қаймағы бал» тақырыбында өткен кітап көрмесі мен «Оқы да өзгеге ұсын» атты Буккроссинг жобасын ерекше атап айтуға болады. Ауданның барлық кітапханаларында «Айдынды Алакөлім» атты бұрыш ашылып, аудан тарихы жайлы жазылған  кітаптар мен баспа материалдары жинақталды.  
   Мерейтойға аудандағы білім беру мекемелері де өз деңгейінде атсалысуда. Айталық, айлық аясында «Туған күніңмен, Алакөл» атты концерттік бағдарлама, оқушылар арасында  спорттың бірнеше түрінен жарыс,  «Алакөлден ұшқан аққулар» тақырыбында шығарма байқауы, «Айдынды Алакөлім» мектеп оқушылары арасында плакат, фотосурет байқауы, «Жырым, саған арналады» аудандық жас ақындар мүшәйрасы, «Мен өз өңірімді сүйемін» акциясы, «Өлең-жырдың арқауы сенсің, Алакөлім» поэзия сағаты, «Екі тумас ер ақын» С. Иманасовтың 80 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция,  8-11-сынып оқушылары арасында «Алакөл, қымбатсың сен маған!» тақырыбында аудандық мәнерлеп оқу, шығарма, сурет байқауы өтіп, жеңімпаздар марапатталды.  Сонымен қатар, «Халық ойындары спартакиадасы» ұйымдастырылып, спартакиада      10-11 қыркүйек күндері спорттың 7 түрінен жарыс өткізді. Атап айтсақ, аудан жастары арасында Үшарал №1 орта мектебінде волейболдан  ойын өткізіліп, шараға 15 команда қатысты. Бұқараларық спорт түрлерін дамыту және қазақ ұлттық ойындарын насихаттау мақсатында жастар мен ересектер арасында Үшарал қаласы М. Мыңбаев атындағы орта мектебінде шахмат, тоғызқұмалақ жарысы ұйымдастырылды. Үшарал қаласының орталық «Сымбат» стадионында жеңіл атлетикадан  жарыс  өтіп, оған 60 спортшы қатысып, жеңімпаздар анықталды. Сондай-ақ, мишеньді дәлдеу және мылтық, тапанша  атудан турнир де өтті. «Дәні алтын, құмы шекер, қаймағы бал – Алакөл» тақырыбында М. Әубәкіров атындағы орта мектебінде М. Әубәкіровтің туған күніне орай салтанатты жиын өткізіліп, «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды.

   Бүгінде Алакөлге келіп демалушылардың саны 1 миллион адамнан асып кетті. 1500 орынға арналған 18 демалыс орны қолданысқа беріліп, 1300-ден астам адам маусымдық жұмыспен қамтылды. Туризм саласындағы табыс 5 млрд. 811 млн. теңгені құрады. Бұған ең алдымен Алакөлге арнайы сапармен келіп, туризмді дамыту жөнінде тапсырма берген Елбасы сапары да түрткі болды. Елбасының Алакөлді дамыту тапсырмасының аясында курорттық аймаққа ішкі және ресейлік туристердің легін арттыру мақсатында қос елдің ғарышкерлері көл жағалауына келіп тоқтады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған бұл сапарда Қазақстанның Халық Қаһарманы, авиация генерал-лейтенанты, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ғарышкер Талғат Мұсабаев, Кеңес одағының Батыры Анатолий Арцебарский, Қазақстан мен Ресейдің ғарышкері, қос мемлекеттің Халық Қаһарманы Юрий Маленченко, Ресей Федерациясының ғарышкері, заң ғылымдарының докторы, профессор Юрий Батурин сынды белді, белгілі азаматтар киелі өңіріміздің топырағына табан тіреді. Сонымен қатар, киелі өңірге Мәжіліс депутаты Қ. Сұлтанов, Сенат депутаттары А. Мұсаханов, Т. Мұқашев, Н. Қылышбаев секілді белгілі тұлғалар мейман болып қайтты. 
   Жергілікті меценат, Алакөлдің атымтайы Бауыржан Оспановтың бастамасымен Лепсі ауылдық округінде экотуризм саласына қан жүгірді. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы келіп, «Салт аттылар сапарының» ашылу салтанатына қатысып, Ойжайлау атшабарынан Жамантас жайлауына дейін жүріп өтті. Туризм саласының әлеуетін көтеру мақсатында биыл осымен екінші мәрте Ақши ауылында дуатлон додасынан республикалық дәрежеде сайыс ұйымдастырылып, оған әр төрт жылдықтың тұғырлы бәсекесі саналатын Олимпиада жүлдегерлері қатысты. Аталмыш жарыста спортшылармен қатар ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен облыс басшысы Амандық Баталов та велосипед тізгінін ұстап, 20 шақырымға созылған жарыс жолын бағындырды.
   Осы жетістіктің бәрі де Алакөл ауданың 90 жылдық мерейтойының құрметіне атқарылды. Бұл жетістік ауданның бұдан кейінгі даму бағдарына серпін беріп, ел жігерін жани түсетіні сөзсіз.
Қажет АНДАС.