ҚАЛА КҮНІН ТОЙЛАДЫ

Уақыты: 20.09.2018
Оқылды: 1169
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Күздің мамыражай күнінде Қапшағай қаласы өзінің 48 жылдық тойын ерекше атап өтті. Мереке «Тарихы терең киелі өлке – Жетісу өңірі» атты фестивальмен «Көшпенділер» қалашығында басталды. Іле жазығына тігілген ақшаңқан үйлер, қорғанның есігінен қарсы алған батырлар, салт-дәстүрімізге тән жөн-жоралғылар, шығыс базарындағы сауда-саттық, қолөнер шеберлерінің көрмесі көне тарихтан сыр шертіп, мерекенің мәнін ашты.

 

   Қала басшысы Талғат Қайнарбеков пен аталмыш мерекеге арнайы келген қонақтар, Ресей мен Түркия елінің өкілдері әдет-ғұрпымызды көріп, қошеметке бөленіп, төрге озды. Осы орайда айта кету керек, Қапшағай қаласының делегациясы биыл Түркия елінің  Бурса қаласына іссапармен барып, екі тарап бауырмал қалалар турасындағы ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын. Енді, міне, түбі бір ағайындар, Ресейден келген меймандар Қапшағай қаласының туған күнінде үлкен қуанышқа ортақтасты. Қапшағай өнерпаздары ашық аспан астында ежелгі хандық дәуірден театрландырылған көрініс көрсетіп, ұлттық би көрсетіліп, терме-толғау, әсем әндер әуелеп, домбырадан күй ағылды. Одан басқа спорттың сан түрінен жастар арасында балуандар жарысы, «Бауырсақ пати» ұйымдастырылып, палау асы даярланып, халыққа таратылды.
   Мереке келесі күні қаланың орталық алаңында жалғасты. Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев пен қаланың алғашқы құрылысшыларының ескерткіштеріне тағзыммен гүл шоқтары қойылып, салтанатты кешке ұласты. Талғат Қанатұлы қала халқын айтулы мерекемен құттықтап, ынтымағы жарасқан елдің жылдан-жылға көркейіп келе жатқан жетістіктерін айтып, бұл жолда еңбек сіңіріп жүрген азаматтарға қаланың Құрметті азаматы атағын беріп, төсбелгісін тақты. Балалар шығармашылық орталығының суретшілер көрмесі, «Сударушки», «Нұр қамқор», «Әжелер», «Алатау әуендері» ансамбльдерінің концерттік бағдарламасы ұсынылып, мерекелік кеш отшашумен аяқталды.

Мақпал МЫСА.