КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 20.09.2018
Оқылды: 1117
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   Астана қаласының жиырма жылдық мерейтойы аясында Елордадан арнайы келген делегаттар облыс орталығы Талдықорған шаһарына табан тіреді. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовтың төрағалығымен облыстық әкімдікте бизнес-форум өткізілді. 

 

   Онда астаналықтар Елордада қолға алынып, тәжірибеден өткен, сондай-ақ, оң нәтиже беріп үлгерген жаңа жобалармен  таныстырды. Өзара ынтымақтастық турасында бірнеше меморандумға қол қойылып, ортақ ойлар ортаға салынды.  
Жиырма жылда Елорданың талай дүниеге қол жеткізгендігі мен даму жолында зор тәжірибе жинап үлгергендігін айтқан Астана қаласының инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Ермолдина астаналықтардың облысқа ат басын бұрудағы мақсатын былай деп түсіндірді. 
– Өңірлерді аралап жиырма жылда жинаған тәжірибемізбен бөліспекпіз. Біздің Алматы облысына келгендегі мақсат та сол – Астана қолға алып үлгерген жаңа бастамалармен бөлісу, оның қандай нәтиже бергендігін жеткізу. Бизнес-форум аясында өзара ынтымақтастық турасындағы бірнеше меморандумға қол қойылды. Астана Алматы облысымен сауда-экономикалық байланыс орнатуға толығымен дайын. Қазір біз Ұлт жоспарында тапсырылғандай, Астананы туристік орталық ретінде дамыту жолында қарқынды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Туристерді қабылдап алудың негізгі орталығын Астана деп алып, оларды аудандарға жіберу жағын қарастырғанда бұл меморандум бізге аса маңызды. Астанада туристік және іскерлік орталыққа айналудың барлық әлеуеті бар, – деді ол. 

М. Серікқызы