ЖҮРЕК ТОЛҚЫТҚАН ЖҮЗДЕСУ

Уақыты: 20.09.2018
Оқылды: 1294
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

   «Рухани керуен» жобасы осымен екінші мәрте аудандарға жол тартты. Құрамында республикамызға танымал ғалымдар, өнер тарландары бар керуен бұл жолғы сапарын табиғаты көрген жанды тамсандырған, жүректеріне ән салдырған әйгілі Аспантаулар өлкесінен бастады. Шашақты найзаның ұшындай зеңгір көкпен сырласып, бұлттармен тілдесіп тұратын Хантәңірі шыңы керуенге қатысушылардың көңілін өрлетіп, айбындарын асырса, Мұқағалидың ізі, үні мен жыры қалған Қарасаз, Айғайтас өңірі, сұлу Шалкөде, Нарынқол мен Байынқол жер мерейлерін өсіріп, қуаныштарын одан әрі тасыта түскендей әдемі сезімге бөледі. 

 

   Осынау өлкеге алғаш келгендер ғажайып сезімде қалғандарын жасырған жоқ. Айналайын ауылдарын алтын бесік, өмірлік несіп етіп отырған қыр қазағының сүттей ұйыған береке-бірліктері, саф алтындай салт-дәстүрлері, жөн-жоралғылары, тыңдасаң шөлің қанбас дәстүрлі ән-жырлары, ең бастысы, кең даласы, тұнық ауасындай қонақжай қалпы әркімнің жанын ұйытты, сарайын кеңітті, ризашылықтарын арттырды. 
   Өз алдына тірлік жасап, болашақтары үшін шаруаларын қамдап, баурайында егінін, төскейінде малын өсіріп жатқан Нарынқол ауылындағы Мәдениет үйінен басталған әсерлі сапар, шырайлы жүздесу Кеген ауданына қарасты Жалаңашта жалғасты. Тәуелсіздігіміздің қиын-қыстаулы кезеңдерінде-ақ осы бір ауылдағы ел-жұртқа керек жер, басын қосып тұрар киелі орны деп Амангелді Ермегияевтай ағамыз қол ұшын беріп, қамқорлығына алып, жөндеуден өткізіп беріп қойған ауылдық Мәдениет үйінде Рухани жаңғыру аясындағы кездесу ашық-жарқын әңгімелесуге ұласты. Бүгінгі таңда өз алдына бұрынғы тарихи атауымен түтіндерін түтетіп, тірліктерін жасап жатқан, шырайлы жері, ақ баталы жұрты бар Кеген ауданы басшысының орынбасары Кеңес Қабылбеков «Рухани керуен» жобасы аясында сапарға қатысушы қадірменді қонақтардың атына: «Келген қадамдарыңыз құтты болсын», деп сөз басын бастады. «Бұрыннан қойы қоралас, өрісі аралас  Райымбек пен Кеген аудандары халқының Елбасымыздың арнайы Жарлығымен қос аудан болып құрылған қуанышы ұзағынан сүйіндірсін» деген облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, облысымыздың Құрметті азаматы Шырақбай Жылқайдаров талбесігімізден, түп-тарихымыздан басталып, ғасырлармен бірге жасасып, осы күнге жеткен ұлттық құндылықтарымызды сақтау, аялау, өрістете-өркендету тұрғысында орнықты пікірін ортаға салды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мәдениеттану және дінтану кафедрасының доценті, философия ғылымының докторы Бағдат Бейсенов адамдардың жүрегіне ізгілік пен имандылық ұйытып, Жер-ана төсіне жақсылықтың шуағын төгіп келе жатқан Ислам дінін құрметтеу, қадірі мен қасиетін одан әрі қолымыздан келгенінше жақсарта беру туралы кеңінен ой қозғады. Көп назарын аударатын жағдайларға тоқталды. Дін саласы бойынша республика көлемінде жүргізіліп жатқан істерді саралап, салмақтады. Кездесуге қатысушыларға ойы бұзық, пиғылы бөтен жат ағымдағы дін ұстанушылардан сақтану туралы орнықты сөзін жеткізді. 
   «Рухани керуенге» қатысушы жандар арасынан кең жүректі асыл аналардың бірегейі, Қазақстанның Халық әртісі, таулы өлкенің бір перзенті Алмахан Кенжебекова да ойлана, толғана сөз айтты. Аналық ақ жүрегінің ып-ыстық лүпілімен бүгінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жақсы жүрісін, баянды болашағын, кемел келешегін әңгіме арқауы етті. Көзімен көріп жүрген кейбір жастарымыздың жат қылығына алаңдаушылығын білдірді. Таулы өлкенің тағы бір дарынды ұлы, талантты азаматы, өне бойы қазағымның тамаша өнеріне толы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, ақын, журналист Жұматай Әміреев қалың қазағының мақтанышты ұлдарының біріне айналып кеткен ақын досы Жанарбек Әшімжанның «Жалаңашым» атты өлеңімен сөзін сабақтап, көптің көңілінде жүрген, елім-жерім дегендерді алаңдатып келе жатқан, қоғам мен заманның ащы мұңына айналып кеткен түрлі жайттарды көз алдыға келтірді. Таулы өлкенің дара тұлғаларының бірі, аты, ісі мен еңбегі, әні мен жыры тарихқа жатталып қалған Қапез Байғабылұлының ұмытылмас әнімен жүректерді толқыта, басымызға бас, жасымызға жас қосылсын, ұлтына тірек, халқына жүрек болар ұлағатты ұрпақтарының өрісі ұзарсын деген жақсы сөзін сәтімен жеткізді. 
   Ел ішінде игі шаралардан тыс қалмайтын, Мәдениет үйінің жарығы жанып, құшағынан бір дүбір естіліп жатса, сырт қалмайтын ауылдың қадірменді қарияларының бірі, ауданның Құрметті азаматы, бір қожалықтың жетекшісі Мұхтар Тоқтыманов сахна төріне шығып, алыстан ат арытып келіп, Елбасы мақаласы аясында түрлі тақырыпта сөз айтып жатқан мәртебелі, қадірменді қонақтарға ыстық ықыласын білдірді. Әр айтылған әңгімеден алған әсерін бөлісті. Ауылдың аты мен абыройын көтеріп, жұрттың рухын асқақтата түсер, ұрпағына ғибрат болар мұндай тағылымды басқосулар көп, уайым-қайғымыз жоқ, халқымыз тоқ болсын деген баталы сөзін айтты. Жалаңаш ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Әріп Сыбанбаев Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында шалғай аудандарда атқарылып, жүзеге асырылып келе жатқан игіліктерге назарын аударды. 
– Басқаны айтпағанның өзінде, Жалаңаш ауылдық округіне қарасты  Тоғызбұлақ, Жайдақбұлақ секілді үш ауылда өзгеріс көп. Игілік жетіп-артылады. Соның бәрі өркенің өскір жастардың арқасы. Түсінігі мол азаматтардың бір жеңнен қол шығара, бірліктерін асыра жүргізіп жатқан еңбектерінің арқасы, – деді ол. С. Бейсенбетов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Айтолқын Рақымның шығармасы көп көңілін бір серпілтті. Осынау шараны ұйымдастырушылардың бірі, облыстық дін істері басқармасына қарасты «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» директорының орынбасары Айгүл Манапқызы, Талдықорған қаласындағы «Аналар алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Аян Ақашқызы қос аудан табиғатының ғажайып көрінісі мен соған жарасқан халқының қонақжай пейіліне жүрекжарды алғыстарын айтып, ел өміріне бақыт, ісіне жеміс, шаңырақтарына шаттық тіледі.
   Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков «Рухани керуен» сапарын қорытындылап, аудан тұрғындарының атынан жылы ниетін білдірді. Жүздесу адам жаны нұрланып, жадырай түсер жақсы әндермен, әсем күйлермен өріле, ажарлана түсті.

Қанат БІРЖАНСАЛ.