АУЫЛ ТЫНЫСЫН АҢДАДЫ

Уақыты: 03.09.2019
Оқылды: 705
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Омархан Өксікбаев Ескелді ауданына арнайы ат басын бұрды.


Халық қалаулысы алдымен аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен қызметкерлерін және тұрғындарды қабылдап, өзекті мәселелер бойынша өтініштерін тыңдады.

Қабылдауда болған ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы А. Бейісбаев, архитектура және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ғ. Алпысбаев, ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Н. Керікбаев және аудандық «Nur Otan» партиясы филиалының эксперті Т. Медетбекова өздерін толғандырып жүрген мәселелер төңірегінде әңгіме қозғады. Атап айтқанда, олар жас мамандарға баспана мәселесі, үйдің жоспарын жасау, үйдің техникалық төлқұжатын рәсімдеу кезінде жекеменшік қызмет көрсету, ауылшаруашылығына қажетті кейбір дәнді дақылдардың субсидияланбауы жөнінде сұрақтарын қойды. Өз кезегінде Омархан Нұртайұлы көкейкесті мәселелер туралы  Үкіметке жеткізетінін мәлімдеді.

Қабылдаудан соң халық қалаулысы  ауданның тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп, көңіліне тоқу мақсатында Қарабұлақ ауылдық округінің бірсыпыра нысандарын аралап, жай-күйімен жақынырақ танысты.  Ал, аудан орталығында  жаңадан салынып жатқан 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысында болып, техникалық базасымен танысып шыққан соң «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан көпқабатты үйдің жертөлесіне болашақта спорт залын жабдықтау жөніндегі өзінің  ұсынысын білдірді.

Шора БАТЫРБАЕВ
Ескелді ауданы