ТҮЛЕК СӨЗІ: "МЕКТЕБІМДІ ҚИМАЙМЫН"

Уақыты: 14.06.2021
Оқылды: 1401
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Былтыр  Қытайда  басталған «COVID-19» эпидемиясының  таралуы   адамзат  баласына, әлемдік экономикаға, қоғамға көптеген  өзгерістер әкелді. Соның  бір  ұшқыны – білім саласына да тиді.


Оқушылардың онлайн форматта білім алуы, сыныптастарымен  арқа-жарқа  болып  араласа  алмауы ата-аналар мен оқушылар,  ұстаздар  үшін  де қиындық туғызды. Соған қарамастан, ұстаздарымыз біліміміз ақсап қалмаса екен деп қашықтан болса да барын салып, оқытты. Ол үшін мұғалімдерге айтар алғысымыз шексіз. 

Биылғы мектеп түлегі болғандықтан мен үшін соңғы оқу  жылының орны бөлек.  Оның естен кетпестей әрдайым жадымда сақталатыны да анық. Өйткені, 11 жыл білім берген ұстаздарымыз бен алтын ұя мектебіміз туған үйіміздей ыстық. Мектебімізден қалай кетеміз деп қимай жүргенде былтырғы  оқу  жылының  ІV тоқсанын, осы жылғы 11-сыныптың жартысынан көбін онлайн форматта оқуымыз қынжылтқаны рас. Соңғы оқу жылында ұстаздарымыздың қасында болып, сыныптастарымызбен балалық шақтың бал күндерін бірге өткізе алмағанымызға әттең-ай дейміз. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші,  санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап, денсаулықты бірінші орынға қойғанымыз да дұрыс, әрине. 

Әрбір қиыншылықтан кейін жақсылықтың болатыны сөзсіз. Өз қатарластарыма ҰБТ-дан  жоғары балл жинап, қалаған оқу орнына түсіп, мықты маман болып шығуына тілектеспін. Алдағы күннен үмітіміз зор. Барлық жақсылық әлі алда екеніне кәміл сенемін.

Санжар Сұлтанғазы,
 М. Жұмабаев  атындағы №19 
орта мектеп-гимназиясының
11-сынып  оқушысы