Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ХАЛЫҚ ҮШІН ЖҰМЫСТЫҢ СТАТИСТИКАСЫ ЕМЕС, НАҚТЫ НӘТИЖЕСІ МАҢЫЗДЫ

Уақыты: 22.01.2022
Оқылды: 713
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысындағы баяндамасында: «Реформаның формасы емес, мазмұны басымдыққа айналуы қажет. Есеп үшін есеп беру, бақылау үшін бақылау жүргізу тәсілдері өткеннің еншісінде қалуға тиіс. Түпкі нәтиже процестен маңыздырақ. Өзін-өзі ақтамайтындай күрделендірілген және нақты шешімді баяулататын үдерістің бәрі жойылуы керек. Бүгінде мемлекеттік органдар тапсырмалардың мазмұнды іске асырылуына емес, бюрократиялық орындалуына бағдарланған. Формасы бойынша үлгілі, бірақ мазмұны жағынан нашар құжаттар әзірленіп жатыр», – деп көрсеткен мәселесі өте орынды.

Шын мәнінде, соңғы кездері көбінесе меморгандардың түпкі жеткен нәтижені емес, жасалған үрдістердің статистикасы мен есебін байқаймыз. Негізінде, шешім қабылдағанда және есептерді құрағанда басты назарды бөлінген субсидиялар немесе жүргізілген тексерулер саны сияқты министрліктер мен ведомстволардың көлемді көрсеткіштерін өсіруге емес, халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін жоғарылату, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың қажеттіліктерін толық қанағаттандыру сияқты қызметтерінің нәтижелеріне аудару керек.

Түпкі нәтижелер – бұл, шын мәнінде, нақты қол жеткізілген нәтижелердің жиынтығы және олардың қоғамдағы әсері. Дегенмен, түпкі нәтижеге жету процестерсіз мүмкін емес. Бізде көбінесе жіберілетін қателіктер сол процестердің түпкі мақсатын түсінбеуінде, яғни, түпкі нәтижемен процестің үйлесімдік байланысының толыққанды болмауында. Бұл деген – сол процестің өзіне ғана бағдарлану, оның түпкі нәтижесін ескермеу.

Бұл жерден байқайтынымыз – процеске бағдарлану жасалған жұмыстың тікелей нәтижесін ғана береді де, түпкі нәтижесімен байланыс орнатылмай қалады. Мысалы, процестің тікелей нәтижесі – бұл түрлі тәсілдермен ұсынылуы мүмкін бағдарлама бойынша қызметтің тікелей өнімі (орындалған жұмыстың көлемі, оқытылған топтардың саны, жүргізілген консультациялардың саны, тұтынушылардың белгілі бір қызметін алғандағы саны, жолдың асфальттанған километрлерінің саны, қаралған шағымдардың саны).

Түпкі әлеуметтік маңызы бар нәтижелер – ұлттық басымдықтарды іске асыру нәтижесінде қоғам алатын игіліктер. Адамзаттың дамуына байланысты ұлттық жобалар үшін – бұл халықтың өмірі мен қызметінің қандай да бір оң өзгерісі; қоршаған ортаны қорғау үшін – бұл оның сипаттамаларындағы өзгерістер; көлік бағдарламасы үшін – бұл тауарлар мен адамдардың қозғалу тәсілдеріндегі өзгерістер; экономикалық даму бағыттары үшін – бұл қандай да бір экономикалық аумақтағы өзгерістер. Бастысы – бағдарламадан туындаған өзгерістерді, қоғамдық әл-ауқатты арттыруына оның үлесін көрсету болып табылады.

Бұдан көретініміз – халық кез-келген бағдарлама, жобалар бойынша жасалған жұмыстарының статистикасы емес, оның қоғамға берген оң өзгерісті нәтижелерін сезінуі маңыздырақ. Мемлекет тарапынан жасалған түпкі нәтижелердің оң өзгерістері өз кезегінде халықтың билікке деген сенімділігін арттырып, мемлекеттік аппараттың оң имиджін қалыптастыратыны сөзсіз.

Асқар АДАМОВ,

Мәриям НЫҒМЕТЖАНОВА,

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Алматы облысы бойынша филиалының аға оқытушылары