АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ КҮРТ ӨСУІ МҮМКІН БЕ? БРИФИНГ

Уақыты: 27.01.2022
Оқылды: 1355
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

“Jetіsý media” ақпарат алаңында Алматы облысындағы азық-түлік қауіпсіздігі және азық-түлікпен қамтамасыз ету жайында брифинг өтті. Онда ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Коюмчан ОМАРОВ, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының сауданы дамыту және баға мониторингі бөлімінің басшысы Айгүл ИДРИСОВА, «Жетісу «ӘКК» ӨДИ» АҚ мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру департаментінің директоры Бахтияр СЕМБЕКОВ бүгінгі таңдағы азық-түлік қоры мен бағаны тұрақтандыру бағытында атқарылған шараларды түсіндіріп берді.

Олардың айтуынша, облыста күнделікті қажетті азық-түлік бойынша 2-3 айға, ал кейбір тауарлар бойынша 6-8 айға жететін азық-түлік қоры бар. Ал әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру  Үкімет және облыстық әкімдік тарапынан тұрақты бақылауға алынған. Бұл мақсатта бірқатар жұмыс атқарылуда.  Бүгінгі таңда осы мақсатта бюджеттен 5,7 млрд. теңге, оның ішінде тұрақтандыру қорына тауарлар сатып алуға 1,1 млрд. теңге және жеңілдікпен несиелендіруге 4,6 млрд. теңге бөлінген.

Ағымдағы күнге тұрақтандыру қорында 385 млн.теңге сомасына 1 330 тонна көлемінде қор бар, оның ішінде ұн, күнбағыс майы, қант, күріш, кеспе сияқты тауарлар жеткілікті. Қосымша 800 тонна әлеуметтік маңызды азық-түлік сатып алынатын болады. Тұрақтандыру қорының өнімі «Тоймарт» желісінде «әлеуметтік маңызды өнім» деген арнайы жазумен, "Жерұйық" коммуналдық базарында аптасына үш рет және қаланың екі шағын маркетінде, сондай-ақ, ауылшаруашылығы жәрмеңкелерінде сатылады. Мекенжайлар бойынша ақпарат корпорация сайтында және әлеуметтік желілерде бар.

Қазіргі уақытта жеке инвестициялар есебінен шамамен 10 нүктеден тұратын сауда павильоны желісін салу бойынша жоба әзірленуде. Құрылысқа арналған жер учаскелері мемлекеттік органдармен келісу рәсімінен өтуде. Алдағы уақытта аталмыш сауда нүктелерін барлық ауданда ашу жоспарланған.

Бағаны тұрақтандыру бойынша бөлінген қаражаттың 3 млрд.теңгесі игерілген. 20 субъектіге, оның ішінде Ақсу қант зауыты, "Когер" және "Сарыбұлақ" құс фабрикасы, "Ләззат-2016" сүт зауыты, "Сардар" нан комбинаты және 8 сауда субъектісіне, оның ішінде «Тоймарт» желісі сияқты 12 ірі тауар өндірушілерге жылдық 0,01%-бен жеңілдетілген несие берілген. Бүгінде несие алған кәсіпкерлік субъектісінде 4800 тонна өнім, оның ішінде картоп, сәбіз, пияз, ұн бар. Сондай-ақ, тәулігіне жарты миллионға жуық жұмыртқа өндіретін құс фабрикалары, сүт зауыты, сондай-ақ, тәулігіне 15000-нан астам әлеуметтік нан пісіретін наубайхана жұмыс істеуде. Сонымен қатар, айналым кестесі бойынша тауар өндірушілерге 8000 тоннадан астам әлеуметтік маңызды өнім  өндіру үшін жалпы сомасы 1,6 млрд.теңгеге қосымша несие бөлінетін болады. Осылайша, әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің 16 түрі бойынша қор қалыптастырылды.

Бұл ретте елімізде болған соңғы оқиғаларға байланысты бағаны тұрақтандыру аясында тұрақтандыру қоры мен айналым кестесін пайдалану есебінен кешенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн. Осыған орай, бағаның күрт көтерілуінің алдын алу үшін "Magnum", "Smаll" және "Тоймарт" сынды ірі сауда желілерінде күнделікті мониторинг жүргізіледі. Осы желілердің басшылығымен өткен жылғы желтоқсан деңгейінде бағаларды бекіту туралы уағдаластыққа қол жеткізілген. Қазір жұмыртқа, нан, күріш, күнбағыс майының бағасы 5-7 пайызға төмендеді.

Аудан орталықтарында да тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Әлеуметтік тауарлар бағасының өсуі тіркелген жағдайда тұрақтандыру қорынан және тауар өндірушілерден жеткізуді ұйымдастыру бойынша жедел шаралар қабылданады. Тауарларды жеткізу бойынша барлық өтінім жедел қол режимінде өңделеді. Сонымен қатар, тиісті мекемелер тауар өндіруші және кәсіпкерлермен бағаны тұрақтандыру мәселесіне қатысу туралы келісімге келіп, жеңілдікті несие беру мәселесі пысықталуда. Сонымен қатар, «Magnum» және «Small» желілеріне өз өнімдерін жеткізетін бірқатар сауда компаниялары мен әлеуметтік маңызды азық-түлік өндірушілері ынтымақтастыққа дайын екендерін мәлімдеді.

Бір сөзбен айтқанда, аймақта азық-түлік қоры жеткілікті және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру ісі ойдағыдай жүргізілуде.

Қажет АНДАС

Алматы облысы