АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ ҚОНЫСТОЙ КӨП. "НҰРЛЫ ЖЕРДІҢ" АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Уақыты: 01.02.2022
Оқылды: 1647
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Jetisy-media» ақпараттық алаңында Алматы облысында жалға берілетін тұрғын үй құрылысы жұмысының қарқыны жайында облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ерке-Бұлан Османбаев баяндады.

2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй коммуналдық даму бағдарламасы жүзеге асырылуда. Биылғы жылға бюджет қаражаты есебінен 304,4 мың шаршы метр тұрғын үй, 3869 пәтер салу жоспарланған. Соның ішінде 3109 пәтерлі 350 тұрғын үйді жыл соңына дейін пайдалануға беруді көздеп отыр.

Нақтырақ айтар болсақ, қаржыландырудың барлық көздері есебінен 3836 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, жалға берілетін тұрғын үй бойынша әлеуметтік осал топтар  үшін 639 пәтер, аз қамтылған көп балалы отбасылары үшін 818 пәтер салу жүзеге аспақ. Мұнымен қоса кредиттік тұрғын үй бойынша 1652 пәтерлік 38 тұрғын үй бой көтереді. Бұл жұмыстардың барлығы облыс әкімінің тұрақты бақылауында.

Облыста «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша атқарылатын жұмыстар көлемінің жыл сайын артпаса кемімейтіні айтылды. Жыл басынан бері халықтың әл-ауқатын, тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша көптеген жаңа бағдарламалар іске асып жатыр. Соның біріне тоқталар болсақ, бүгінгі уақытта әлеуметтік осал топтар үшін мемлекет жалға алған үйдің қаржысын төлеуге арнайы субсидия бөліп отыр. Мұнда ең бірінші кезекте арнайы топқа жататын отбасыға тұрғын үй ұсынылып, бес жылға дейін жалға беріледі. Оған төленетін қаржы арнайы талаптар бойынша есептеліп, сексен пайызын мемлекет өтеп тұрады.

Егер бес жылдан кейін аталған отбасының табысы артып, аталған осал топтан шығарылатын болса, онда ол отбасымен келісімшарт бұзылады. Ал, ондай мүмкіндікке қол жеткізілмеген жағдайда келісімшарт ары қарай ұзартылады.

Жалға берілетін тұрғын үй болмаған кезде отбасы өз тарапынан жалға берілетін үйді өзі табады. Ол тапқан тұрғын үйі мемлекеттің бекіткен талаптарына сәйкес болуы керек.

Міне, осындай жаңалықтарды жіктеп айтып берген құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ерке-Бұлан Османбаев тілшілердің сауалына тұшымды жауап беріп, маңызды мәселелердің түйінін тарқатты.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы