БҮЛІНГЕН "АЛТЫН ОРДА" МЕН "АПОРТ" ІСІ БОЙЫНША АРНАЙЫ КОМИССИЯ ҚҰРЫЛҒАН

Уақыты: 20.02.2022
Оқылды: 1453
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Қасіретті қаңтар» деп ат беріп, айдар тағылған оқиғалар кезінде Алматы қаласымен бірге алып мегаполиске жақын орналасқан аудандар да зардап шеккені белгілі. Әсіресе, Қарасай ауданының қалаға қапталдас «Алтын орда» көтерме сауда орталығы мен «Апорт» сауда, ойын-сауық кешені бейбіт шерудің берекесін кетірген бұзақылардың тонауына ұшырады. Бүгінге анықталған мәлімет бойынша бұл күндері ауданға қарасты 106 шағын және орта бизнес нысаны мен 3 жанар-жағармай құю стансылары бүлінген.

Біз айтып отырған екі нысан Алматыны былай қойып, бүкіл Қазақстанға кеңінен танымал десек, артық айтқандық бола қоймас. «Алтын ордада» елімізге келетін көкөніс пен азық-түлік тауарларының негізгі бөлігі саудаға салынады. Ал, «Апорт» болса Орта Азияда теңдесі жоқ бассейндері бар, қала жұртшылығы мен жақын аудандардың халқы отбасымен тынығатын алып кешен. Елдегі тәртіпсіздіктерді пайдаланған ашкөз адамдар осы екі нысанға шабуыл жасауының себебі де осында жатса керек.

Бүлік басылғаннан кейін бүлінген дүниелерді қалпына келтіру жұмыстары басталғаны белгілі. Бұл жолы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен жаңадан жасақталған Үкімет мәселенің маңыздылығын сезіне отырып, шұғыл шешімдер қабылдады. Қалпына келтіру шараларын реттейтін тиісті құжаттар жасалып, жергілікті жерлерде арнайы комиссиялар құрылып, жұмысты бастап жіберді.

Бұл жерде, ең алдымен, зардап шеккен нысандарды анықтап алу маңызды. Яғни, бизнес нысандарының зардап шеккендігі жайында құқық қорғау органдары мен комиссия келіп түскен арыз бойынша залалдың мөлшерін анықтап, соңынан тәртіп бойынша шығын өтелетін болады. Қолды болған мүлік сақтандыру мекемелеріне тіркелмеген жағдайда өтемақы мемлекет бюджетінен немесе «Күшіміз – бірлікте!», «Жаңа Алатау» қоғамдық қорлары арқылы жүзеге асырылмақшы.

– Барлық жұмыс бекітілген тәртіп бойынша арнайы құрылған облыстық комиссияның бақылауымен жүзеге асырылады, – дейді Қарасай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ғазиз Малдыбаев. – Алайда «Алтын орда» көтерме сауда орталығы мен «Апорт» ойын-сауық кешені бүлінген дүниелерін өз күштерімен қалпына келтіріп, бүгіндері толыққанды жұмыс жасауға көшкен. Қазір осы нысандарда орналасқан шағын және орта бизнес нысандарына келтірілген залалдың мөлшері анықталуда.

Халықтың бейбіт шеруін өз мақсаттарына пайдаланып, тәртіпсіздіктер кезінде бүлінгеннен бүлдіргі алғандарды ақтап алар себеп жоқ екені белгілі. Ал енді осындай жағдайда табыс тауып қалсам деген ниеті түзу емес кәсіпкерлердің болуы да мүмкін. Біз Ғазиз Кенжекенұлынан осы жайлы да анықтап сұраған едік.

– Мұндай оқиғалардың орын алуы мүмкін екені белгілі. Мысалы, кейбір деректерге қарағанда бұзақылық басталғанда өз тауарларын басқа жаққа алып кеткен кәсіпкерлер болғаны жайлы мәліметтер келіп түсуде. Немесе болмаған тауарларын болды деп көрсететін адамдар табылып қалуы да ғажап емес. Алайда мұның бәрін анықтап алу онша қиынға соға қоймайды. Сондықтан мемлекет пен қоғамдық қорлардың қаржысы қолды болады деп күдіктенуге себеп жоқ. Тіпті, зардап шеккеніне қарамастан өзгеге алақан жаймай, бүлінген дүниелерін өз күштерімен жөндеп, азаматтық танытып жатқан жандардың бар екені қуантады, - дейді кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.

Иә, халқымыздың қашанда қиындықта бір-біріне көмек қолын ұсынып, тығырыққа тірелгенде көп болып жол табатын қасиеті бар емес пе?! Бұл жолы да ел басына түскен ауыртпалықты жұмыла көтеріп, ауызбірлік танытады деп сенеміз.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы