ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ? ОНЫҢ АҚШАСЫ КІМГЕ ТӨЛЕНЕДІ?

Уақыты: 27.03.2022
Оқылды: 1881
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бас директоры Алмас ҚҰРМАНОВПЕН қор қызметі, олардың осыған дейінгі істеген істерінің нәтижесі турасында сұхбаттасқан едік.

– Егемендік алғаннан кейін еліміз халықты әлеуметтік қорғаудың өзіндік жүйесін құрды. Міндетті әлеуметтік сақтандырудың жалпы рөлі қандай?

– Ел дамуының әрбір кезеңіндегі әлеуметтік қамсыздандыру деңгейі оның экономикалық және қаржылық мүмкіндіктерімен айқындалды. Мемлекет халықтың әлеуметтік қорғалуына адамның туғанынан бастап өмірінің барлық кезеңдерінде кепілдік береді. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев айқындаған Қазақстанның стратегиялық даму бағытының іс жүзінде іске асуына сәтті реформалар септігін тигізді.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің нарықтық экономика қағидаттарына сәйкес келетін, мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасындағы әлеуметтік қамсыздандыру жауапкершілігін негізгі, міндетті және ерікті деңгейде бөлуді көздейтін көп деңгейлі моделін құрды.

Базалық деңгейде Қазақстан азаматтарының еңбек етуіне қарамастан, әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік көмек алады.

Әлеуметтік қамсыздандырудың жаңа стан-дарттарына көшу халықаралық тәжірибеге сәйкес 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап Республикамызда жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейі ретінде міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілді.

Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық ресурстары жұмыс берушілер, кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын тұлғалар төлейтін әлеуметтік ау-дарымдар есебінен қарастырылады.

Ай сайынғы әлеуметтік аударымдарды жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне ең төменгі жалақының жеті есе мөлшері шегіндегі табысынан төлейді. Бұл ретте әлеуметтік аударымдар міндетті зейнетақы жарналары сияқты жұмыскердің жалақысынан ұсталмайды, жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтитындар есебінен төленеді.

Әлеуметтiк қауiп туындаған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтiк төлемді тек жұмыскер, ал қайтыс болған жағдайда оның асырауында болған отбасы мүшелерi ғана алады.

2005 жылдан 2021 жылдың қазан айын қосқанда шамамен 6 млн.адам 1,8 трлн.теңге сомасында МӘСҚ-нан әлеуметтік төлем алды. Осы соманың 86,3% жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырауға, сондай-ақ, баланы бір жасқа толғанға дейін күтуге байланысты табысынан айырылған жағдайына, 6,6% еңбекке қабылеттіліктен айырылу жағдайына, 4,3% асыраушысынан айырылу жағдайына және 2,7% жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлемдер төленген.

– Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілген 17 жыл ішінде қандай өзгерістер болды?

– 2005 жылдан бастап МӘСҚ-нан үш әлеуметтік тәуекел: еңбекке қабілеттіліктен айырылу, асыраушысын  жоғалту және жұмыссыз қалу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдер жүргізілуде.

2008 жылдан бастап Елбасының 2007 жылғы 28 ақпандағы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауы аясында жұмыс істейтін әйелдердің мүдделерін қорғау мақсатында жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырауына, сондай-ақ бала бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайларға әлеуметтік төлемдер енгізілді.

Жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қамтамасыз етілуін және еңбек ынтасын арттыру мақсатында міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жетілдірілуде. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбек өтілі мен әлеуметтік төлемдер мөлшері арасындағы байланысты күшейтуді, сондай-ақ төлемдерді тағайындау кезінде қолданылатын әртүрлі коэффициенттердің ұлғаюын көздейтін жаңа редакцияда «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңы енгізілді.

Нәтижесінде МӘСҚ-нан төленетін әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері еңбекке қабілеттіліктен айырылу бойынша – 68%-ға, асыраушысын  жоғалту бойынша – 43%-ға және жұмыссыз қалу бойынша – 88%-ға өсті.

Осылайша, жұмыс берушiлер ай сайынғы әлеуметтiк аударымдарды уақтылы және толық төлеуi жұмыскерлерді әлеуметтiк тәуекел туындаған жағдайда әлеуметтiк төлемдермен қамта-масыз етедi.

Айта кету керек, еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайына әлеуметтік төлем адам еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіргенге дейін немесе зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін жүзеге асырылады. Ал асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем – асырауындағы балалары кәмелет жасына толғанға дейін немесе олар күндізгі бөлімде оқитын болса 23 жасқа дейін төленеді.

Осы ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің инфляциялық процестерге байланысты құнсыз-данбауын қамтамасыз ету үшін олардың мөлшері МӘСҚ активтерінен жыл сайын ұлғайып отырады. 2022 жылдан бастап бұл ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдер 5% өседі.

– Міндетті әлеуметтік сақтандырудың артықшылықтары мен перспективалары қандай?

– Халыққа қолжетімді және ыңғайлы мем-лекеттік қызметтерді көрсету – әлеуметтік қам-сыздандырудың басты басымдығы. Егер бұрын әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде тиісті әлеуметтік көмек алу үшін тұрғындар әртүрлі анықтамалар жинауға мәжбүр болса, цифрлық технологиялардың дамуымен төлемдерді «бір терезе» қағидаты негізінде жүзеге асыруға болады, яғни бір мемлекеттік органға хабарласу арқылы басқа тиісті органға әлеуметтік төлем алуға өтініш бере аласыз.

Мысалы, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерінде мүгедектік дәрежесін белгілеу кезінде бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мен МӘСҚ-нан төленетін еңбекке қабылеттіліктен айырылу жағдайына әлеуметтік төлемге де өтініш беруге болады.

Егер адам жұмыссыз қалған болса, онда Жұмыспен қамту орталығына немесе «Электрондық еңбек биржасына» жүгінген кезде ол жұмыссыз ретінде тіркеледі және осы жерде жұмысынан айырылу жағдайына әлеуметтік төлемді МӘСҚ-нан алу үшін құжаттарды рәсімдей алады.

Электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болса, 1 жасқа дейінгі баланы күту және жұмысынан босатылу бойынша әлеуметтік төлемдерді та-ғайындау үшін үйден шықпай-ақ «электрондық үкімет» веб-порталы (egov.kz) арқылы өтініш бере аласыз.

Әлеуметтік төлемдерді тағайындау бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдері айтарлықтай қысқартылды.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2019 жылдың 2 қыркүйегінен «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстандағы тұрақтылық пен өркендеудің негізі» атты Жолдауындағы маңызды міндеттердің бірі – «Естуші мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру. Ол азаматтардың барлық сындарлы өтініштеріне тез және тиімді жауап беруді көздейді.

Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінің дамуымен қазіргі уақытта МӘСҚ-нан әлеуметтік төлемдер тағайындау  қыз-меттері ұялы байланыстың абоненттік құрылғысымен SMS хабарламаны растау арқылы өтініш берушінің келісімін алумен проактивті нысанда да көрсетіледі.

Ұзақ мерзімді перспективада әлеуметтік қауіп туындаған кезде азаматтар әлеуметтік көмекке жүгінбейді, мемлекеттік органдар мен ұйымдар қажетті қызметтерді автоматты түрде көрсетеді. Осылайша, азаматтар әлеуметтік қолдауға құқық-тарын дәлелдемейді.

Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру Қазақстанның жұмыспен қамтылған халқын қосымша әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ететін әлеуметтік-экономикалық қатынастардың ең маңызды және қажетті элементіне айналды.

Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтары адами капиталды дамыту, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруға негізделген.

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан - Серік ҚАНТАЙ