ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ КЕЗЕКТІ ІССАПАРЫ. КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Уақыты: 11.05.2022
Оқылды: 1713
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВТЫҢ бұл жолғы халықпен кездесуі Кербұлақ ауданында жалғасты. Сарыөзек ауылындағы Мәдениет үйінде өткен жүздесуде аймақ басшысы алдымен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндады. Бұдан соң жергілікті тұрғындар тарапынан жолданған сауалдарға құлақ асып, тұщымды жауап қайтарды. Жұртшылық қойған сұрақтардың басым бөлігі көбіне әлеуметтік мәселелерге арналды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Облыс әкімінің айтуынша, биылдың бірінші тоқсанында барлық салада оң өзгеріс бар. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,5 пайыз, ауыл шаруашылығы 2,2 пайыз, сауда 5,3 пайыз, құрылыс 5,4 пайызға ұлғайған. Барлығы 229 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, облыс экономикасына 97 млрд. теңге инвестиция тартылған. Жергілікті бюджетке түсетін түсімдер 31 пайызға өсіп, 102 млрд. теңгені құраған. Бұл көрсеткіштер жыл соңына дейін сақталмақ. Сонымен бірге, Қанат Бозымбаев Алматы облысын бөлу бойынша жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын айтты. Және аймақты екі дербес облысқа бөлу, мемлекеттік басқару үрдісі мен ішкі көші-қон мәселелерін реттейтінін, әлеуметтік-экономикалық дамуды жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететінін, ол үшін 2025 жылға дейін 14 мың жұмыс орнын құрумен 1,8 трлн. теңгеге 316 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылатынын, оның ішінде Талдықорған өңірінде 6,6 мың жұмыс орнын құрумен, жалпы сомасы 1 трлн. теңге болатын 186 жобаны іске асыру көзделіп отырғанын жеткізді.

Аймақ басшысы сондай-ақ, облыс экономикасының дамуына Кербұлақ ауданының да қосып отырған үлесінің қомақты екенін тілге тиек етті. Мәселен, аудан ауыл шаруашылығы дақылдарын егу бойынша бірінші орында. Биыл оның егіс алқабы 113 мың гектарға жеткен, оның ішінде дәнді дақылдар 99 мың гектар немесе облыстың жалпы егістігінің 20,5 пайызын құрайды. Десек те, биыл жүгерінің егіс алқабы 12 пайыз, майлы дақылдар 23 пайыз, көкөністер 35,5 пайызға төмендеген. Суармалы су, техника тапшылығына байланысты егілмеген дақылдардың орнына қант қызылшасы, қарақұмық, арпа себіліпті. Кезінде Қоғалының картобы бүкіл кеңес елдеріне әйгілі болды. Бүгінде Кербұлақ ауданында картоп алқабы 60 пайызға төмендеген. Бұл ретте аудан әкіміне картоп өндірісін жандандыру үшін шаруашылықтарды анықтап, тұқым, техникамен қамтамасыз ету үшін арнайы сервистік дайындау орталығын ашу қажет. 2020 жылы суармалы алаңы үш мың гектар болатын «Еңкөл» және «Аралтөбе» су қоймаларын күрделі жөндеу жұмыстары басталып, жергілікті бюджеттен 1,3 млрд. теңге бөлінген. Жұмыстар 65 пайызға ғана аяқталып, 848 млн. теңге игерілген. Тоқтап тұрған жөндеу жұмысын қайта бастау үшін шаралар қабылдануда, су қоймалары жыл аяғына дейін қолданысқа берілмек.

Аудандағы ең ірі ет өнімдерін шығаратын «Майтөбе-Ет»  кәсіпорны жыл басынан бір тонна ғана ет өнімін шығарған. Сонымен қатар, 6 мың ірі қараға арналған 10  бордақылау алаңында небары 454 мал басы бар немесе 7,5 пайызға жүктелген. Аудандағы жеті тауарлы-сүт фермасы 200 басқа дейінгі ұсақ тауарлы ферма болып табылады. Бүгінгі күні аудан аумағында ірі тауарлы-сүт кешенін ашу мәселесі қарастырылуда. «United Green» компаниясы «Самрұқ Қазына», «Байтерек» холдингтарының қатысуымен 10 мың бас сиырға арналған тауарлы-сүт кешенін салуды жоспарлауда. Жоба құны 185 млн. АҚШ долларын құрайды.

Қанат Бозымбаев бүгінде жайылымдық жердің жетіспеушілігі де ауыл тұрғындарының наразылығын тудырып отырған мәселенің біріне айналғанын назарға алды. Ауданда 71 мың бас ірі қара мал, 302 мың бас қой-ешкі, 21,5 мың бас жылқы бар. Бірақ оларды бағатын жер жетіспейді. Бұл ретте, қосалқы жерлер құрамынан жайылымдық жерлерді 13 мың гектарға кеңейтіп, олардың жалпы алаңы 103,5 мың гектарға жеткізілген. Сонымен қатар, 6 мың гектар жайылым жерлерді халықтың пайдалануына беру үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару рәсімі басталған.

Өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі бойынша аудан он екінші орында. Ауданда жиырма кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың негізгілері – «Алацем» цемент зауыты, электр энергиясын тарататын «СОРЭС» АҚ, Жоламан қиыршықтас зауыты және табиғи цеолит сүзгі материалын шығаратын елдегі жалғыз кәсіпорын «Таза СУ» компаниясы. Бірінші тоқсанда аталған кәсіпорындардың өндіріс көлемі 3,3 млрд. теңгені немесе ауданның өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінің 85 пайызын  құраған. Инвестициялар тарту бойынша аудан екі пайыз үлеспен облыста оныншы орында. Қаңтар-наурыз айларында 2 млрд. теңге инвестиция тартылған. Осы жылы агроөнеркәсіп кешенінде төрт жобаны іске қосу жоспарлануда. Оған 723 млн. теңге инвестиция тартылып, 123 жұмыс орны ашылмақ.

Бұдан басқа, Көксай мыс-кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысын жүргізу үшін «Консолидацияланған құрылыс тау-кен компаниясы» техникалық-экономикалық негіздеме құжаттарын  дайындауда. Бұл ірі жобаны іске асыру барысында 1,5 млрд. доллар инвестиция тартылып, мың жарым жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жылына жиырма мың тонна мыс шығаратын комбинат 2026 жылы іске қосылады.

Экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды факторларының бірі – шағын және орта бизнесті дамыту. Облыс бойынша 134 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Оның ішінде Кербұлақ ауданында 3,3 мың немесе облыстың 2,4 пайызы, онда 5,7 мың адам жұмыспен қамтылған. Алайда, өткен жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылғандар саны 5,8 пайызға төмендеген. Жыл басынан салық түсімдері 15 пайызға азайып, 202 млн. теңгені құраған. Биыл Бизнестің жол картасы аясында сегіз жобаға мемлекеттік қолдау көрсету жоспарлануда. Гранттарды 50,8 млн. теңгеге сексен үш адам алады. Осы ретте облыс әкімі әкімдік инвесторларды тарту бойынша жұмысты күшейтіп, Ұлттық жоба мен «Бизнестің жол картасы» аясында кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге тиіс екенін және жоғарыда айтылған іске асырылатын екі ірі жоба он мың бас сиырға арналған тауарлы-сүт кешені мен тау-кен байыту комбинаты аудан экономикасына оң серпін беріп, халықты тұрақты жұмыс орындармен қамтамасыз етіп, әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік беретінін айтты.

Бүгінде негізгі міндеттердің бірі – халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Қанат Бозымбаев бұл мәселеге де назар аударды. Белгілі болғандай, аудан бойынша тұрғын үй алу кезегінде мың үш жүзге жуық адам тұр, өткен жылмен салыстырғанда олардың саны жүз қырық алты адамға артқан. Былтыр Сарыөзек ауылында қырық пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілген. Айта кетейік, биыл облыс бойынша 1048 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған, оның ішінде Кербұлақ ауданында 12 мың шаршы метр. Сарыөзек ауылында 809 млн.теңгеге елу жеке тұрғын үйдің құрылысы аяқталуда. Биыл 90 отбасы пәтер алмақ, оның ішінде 88 пәтер көпбалалы және әлеуметтік осал отбасыларға беріледі.

Ауданда халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Кербұлақ ауданында 63 елді мекеннің 93,7 пайызы орталық су жүйесімен қамтылған. Ағымдағы жылы 966 млн. теңгеге Сарыөзек ауылында су жүйесі құрылысының төртінші кезеңін аяқтау жоспарлануда. Жобада 16,8 шақырым су құбыры желісін, 6 резервуарды, сутартқы мен сорғы стансысын қайта жаңарту және салу, қолданыстағы резервуарларды демонтаждау көзделген. Талдыбұлақ ауылын сумен қамту жобасы бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде, оған 684,5 млн.теңге бөлінген. Қосағаш және Қарымсақ ауылдарын сумен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттама жыл сонына дейін әзірленбек. Шаған, Шилісу ауылдары бойынша жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптаманың қарауында. Облыстың қырық екі елді мекенінде, соның ішінде Кербұлақ ауданында – Ақбастау, Тастыөзек, Қосағаш ауылдарында жер асты су қорларын бекіту бойынша жұмыстар жыл соңына дейін аяқталмақ. Бүгінгі күні Сарыөзек ауылының кәріз жүйесін қайта жаңарту бойынша екінші кезеңінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Аудандағы алпыс 63 мекеннің жиырма төрті газдандырылуға жатады. 2018 жылы «Сарыөзек» автоматты газ-тарату стансысы мен жоғарғы қысымды жеткізуші газ құбыры салынған. Жоба құны 5 млрд.теңгені құрады. Өткен жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында Сарыөзек ауылында 1,8 млрд. теңгеге газ тарату желілерінің құрылысы аяқталған. Алайда, құрылыс барысында бірқатар кемшілікке жол беріліп, салынған газ-тарату стансысы мен газ құбырының сапасы төмен болған. Сәуір айында өткен облыстық мәслихат сессиясында Бақанас, Сарыөзек, Үштөбе газ-тарату стансыларындағы кемшіліктерді жою үшін 178,5 млн. теңге қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жылыту маусымына дейін аяқталып, газ берілмек. Сонымен қатар, жалпы сомасы 113 млн. теңгеге Жоламан, Қоғалы, Қызылжар, Шоқан, Амангелді ауылдарының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Кербұлақ ауданында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың деңгейі 66 пайыз. Облыс бойынша бұл көрсеткіш 89 пайызға жеткен. Ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 33,5 шақырым аудан көшелерін жөндеуге 1,7 млрд. теңге бөлінген.

Жиын барысында облыс басшысы сондай-ақ, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімет беріп, ондағы проблемалы мәселелердің оң шешемін табу жолдарын қарастырды. Осыған байланысты әр салаға жауапты орынбасарларына тапсырма жүктеп, орындалуы бақылауда болатынын айтты. Баяндамадан соң әкім күреңбелдіктерің көкейінде жүрген сауалдарына құлақ асып, мұң-мұқтаждарын тыңдады.

Халық тарапынан қойылған сұрақтардың басым бөлігі ауызсу, жер, тұрғын үй, жол, жарықтандыру, тозығы жеткен білім ошақтарын жаңалау, спорт кешендерін салу, сондай-ақ су құбырлары сияқты мәселелерді шешуге арналды. Тәртіп, ұрлық мәселесі де шет қалған жоқ.

Мәселен, Басши, Шилісу, Алтынемел, Шанханай, Малайсары, Сарыбастау, тағы басқа ауыл тұрғындары қойған сұрақтарға әкім тарапынан жауаптар қайтарылды. Сарыөзек ауылындағы сонау 1936 жылдары салынған екі қабатты тұрғын үйлердің әбден тозығы жеткені, қазір бұл үйлерде тұрудың мүмкін болмай бара жатқаны айтылды. Әкім өз сөзінде бұл үйлердің тексерілетінін және апатты жағдайда деп танылса, сол үй тұрғындарының жаңа үйге қоныстанатынын жеткізді. Бүгінде Сарыөзек ауылының 70 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілсе, жыл соңына дейін 30 пайызы қосылмақ. Қазір бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп, көп ұзамай бұл мәселе де оң шешімін табатын болады. Өз кезегінде электр жарығы жоқ Сарыбұлақ ауылдық округінің бөлімшесі мен Малайсары ауылындағы орта мектептердің электр жарығымен қамтылатыны да айтылды.

Ауыл тұрғындарының бірі «Сарыөзек-Көктал» республикалық маңызы бар автожолының жағдайы туралы мәселені көтерді. Белгілі болғандай, автожолдың 0-45 шақырым учаскесі «Алацем» компаниясына қосалқы мердігерлік қызмет көрсетуге берілген. Осы ретте әкім ауыр жүк таситын көліктердің жүруіне байланысты қазіргі жолмен қатар қосымша технологиялық жол салынатынын жеткізді. Басши ауылдық округіне қарасты Нұрым ауылындағы 2015 жылы салынған мектептің сапасыз салынып, бүгінде сын көтермей тұрғаны, интернет тарту деңгейінің төмен екені жеткізілді. Әкім бұл мәселе бойынша да тексеру жұмыстары жүргізіліп, қажетті шешімдердің қабылданатынын назарға салды. Енді бірқатар ауыл тұрғыны балалар үшін спорттық кешендер салудың маңызына тоқталып, әкім тарапынан тұщымды жауап алды.

Аймақ басшысы аудан әкімі аталған проблемалық мәселелерді ерекше бақылауға алып, оларды шешу және өңірді одан әрі дамыту жөнінде нақты шаралар қабылдау қажеттігі  туралы тапсырмалар жүктеді.

Кездесу соңында облыс әкімі азаматтармен жеке қабылдау өткізді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы