ТУРИСТЕРГЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН БА? АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ КӨЛСАЙДЫ ЖАЯУ АРАЛАДЫ

Уақыты: 04.08.2022
Оқылды: 1386
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ өзінің Кеген ауданына жасаған жұмыс сапары барысында «Көлсай көлдері» ұлттық паркіне барды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мұнда облыс басшысы аймақтағы туристік кластерді дамытуға қатысты жоспармен танысты. Күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі ретінде Қайыңды көлін сақтап қалу ісі тұр. Соңғы жылдары аталмыш су қоймасында су деңгейі айтарлықтай төмендеді, оны сақтау үшін бөгет салу қажет. Бөгетті орнатпас бұрын ең алдымен Экология министрлігімен бірлесе бірқатар мәселелерді пысықтау керек.

Дей тұрғанмен жақын арада көлге апаратын жолдың құрылысы басталып, электр желісі тартылатын болады. Одан кейін Кеген ауданының әкімі облыс әкіміне сүзу алаңдарындағы жұмыстың басталғаны жайлы хабарлады.

«Аудандағы таулы аймақтар кәріз желілерін тартуға мүмкіндік бермейді. Біз сүзу алаңдарын салатын орынды белгіледік. Осы жұмысты іске асыру үшін бізге қолдау қажет», - деді Талғат Байеділов.

Баяндамашылардың сөзін тыңдаған Марат Сұлтанғазиев Қайыңды көліне апарар жолды ретке келтіру керектігін айтты. Дегенмен, салынатын жол көлдің өзіне дейін төсемеу керектігін ескеру қажет деді. Ұлттық саябаққа кіретін барлық көлдерде санитарлық аймақ сақталуы тиіс. Бөгет салу мәселесі облыс әкімдігі арқылы министрлікпен бірге пысықталады.

Артынша Марат Сұлтанғазиев ұлттық парктің директоры Ержан Қалматаевпен бірге Көлсай көліне дейін жаяу барды. Айта кетеу керек, жаяу жүргіншілер жолына көп көңіл бөлу қажет.

«Мұнда келуші туристер таудың таза ауасымен тыныстағылары келеді. Оның орнына демалушы жұрт көңнің иісімен демалуға мәжбүр. Бұл мәселе ұлттық парктің басшылығымен шешімін табуы тиіс», - деді облыс әкімі.

Ұлттық парк директорының айтуынша, қазіргі таңда атты және жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жобасы әзірленіп жатыр және жергілікті әкімдік пен өз қаражаттары есебінен биоәжетханалар сатып алынатын болады.

Марат Сұлтанғазиев туристерге арналған логистиканы да қайта қарауды тапсырды.

Қазіргі таңда саяхатшылар арнайы туристік автобустармен, я болмаса өздерінің көліктерімен Көлсай көліне дейін барады. Демалыс күндері келушілердің саны артқандықтан автокөлік тұрағы лық толады, сәйкесінше ауа ластанады. Оның үстіне санитарлық талаптарға сай келмейтін қоғамдық тамақтану орындары автотұрақ аймағында орналасқан.

Облыс әкімі іштен жану қозғалтқышы бар көліктердің барлығы Саты ауылында қалу үшін логистиканы қайта қарап шығуды тапсырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін туристік полиция бөлімшелері мен фельдшерлік-акушерлік пункт салу мәселелерін де қолдады.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"