ҮЗДІКТЕРГЕ "ЗАҢҒАР" ЖАСТАР СЫЙЛЫҒЫ ТАБЫС ЕТІЛДІ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 19.12.2022
Оқылды: 3227
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде бір топ жас Алматы облысы әкімінің «Заңғар» сыйлығын иеленді. Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен салтанатты шарада Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз сөйлеп, марапатталғандарды құттықтады.

– Алматы облысында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінеді. Аймақта 280 мың жасқа қолдау көрсетудің түрлі форматы қарастырылған. Жалпы, жастар саясатын жүзеге асыру үшін биыл жергілікті бюджеттен 1 млрд.теңгеден аса қаржы бөлінді. Мемлекеттік саясаттың басым бағыттары – жастардың сапалы білім алуына, салауатты өмір салтын ұстануына, мәдени-рухани дамуына жағдай жасап, үй және жұмыспен қамтамасыз етуге ықпал ету. Бүгінде жастар арасында жұмыссыздық, қылмыс деңгейін төмендету, тәлім-тәрбие беру бағытында кешенді жұмыстар жүріп жатыр. Биыл облыс тарихында тұңғыш рет жергілікті жастарды баспанамен қамтамасыз етуге қолдау көрсету үшін «Алатау жастары» тұрғын-үй бағдарламасы бастау алды. Бастапқы жарнасыз 60 пәтер алу үшін 600 млн.теңге бөлінді. Осы тың жобаға қатысу үшін 1374 өтінім түсті. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Сол себепті, келесі жылы «Алатау жастары» бағдарламасын жүзеге асыруға қаражат көлемі 3,6 млрд. теңгеге дейін көбейтілді. Бұл қаржы 200 пәтер алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, осы жылы алғаш рет жастардың бизнес, ғылым, ақпараттық технологиялар, медиа, мәдениет салаларындағы бастамаларын қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасын іске асыру үшін облыстық бюджеттен 15 млн. теңге бөлініп, 15 грант тағайындалды, – деді Марат Елеусізұлы.

Облыс басшысы, сондай-ақ, биыл 97 мектеп түлегіне қажетті мамандықтар бойынша білім алу үшін арнайы гранттар берілгенін, студент жастарға мол мүмкіндік жасалғанын, жаз кезінде студенттер «Жасыл ел» жасақтарында жұмыс істеп, елді көгалдандыруға атсалысатынын және биыл «Жасыл ел» қатарында 1 мың сарбаз жұмыс істегенін сөз етті. Таяу уақытта Алматы облысы студенттері ең көп аймаққа айналуы мүмкін. Осыған байланысты аймақ басшысы: «ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа сапары кезінде Қонаев қаласында «Академиялық қалашық» құру идеясын ұсынған болатын. Мемлекет басшысы бұл орайда «Қонаев студенттер үшін өте ыңғайлы қала болар еді деп ойлаймын. Құзырлы министрлік Қонаев қаласында Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждердің бөлімшесін ашу мәселесін қарастыруы керек. Сондай-ақ, жаңа заманауи университет ашу жайын ойластыруы қажет», – деп Үкіметке тапсырма берген болатын. Сондықтан Қонаев қаласы – нағыз жастар қаласы болары анық», – деді.

Бұған қоса, оқу орындары түлектерін қолдау мақсатында елде «Дипломмен – ауыл­ға» бағдарламасы жүзеге асырылып, осының аясында биыл аймақта 631 жас маманға 193 млн. теңгеге көтерме жәрдемақы төленіп, 319 маман тұрғын үй сатып алу үшін 1,5 млрд.теңгеге жеңілдетілген несие алғаны, жас мамандарды кәсіби еңбек жолына даярлауды көздейтін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына 902 жас азамат қатысқаны, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту масқатында 2500 адам «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, 382-сі грант алғаны тілге тиек етілді. Сонымен бірге, жыл сайын халықаралық, республикалық жарыстарда топ жарып, жүлделі орындарға ие болып, облыс мәртебесін көтеріп жүрген жастардың есімдері аталып өтті.

«Ертеңіміздің еңселі, болашағымыздың баянды болуы – сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан, сіздерді халыққа, қоғамға қызмет етуге, қай салада болсын Отанымыздың абыройын арттыруға үлес қосуға шақырамын», – деді Марат Елеусізұлы.

Шара соңында «Үздік жас мемлекеттік қызметші», «Үздік жас дәрігер», «Үздік жас ұстаз», «Үздік жас спортшы», «Үздік жас кәсіпкер», «Үздік студент», «Үздік волонтер», «Үздік жас әдебиетші», «Үздік жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы» аталымдары бойынша марапатталған жастарға ақшалай сыйлықтар табысталды. Оның ішінде, әріптесіміз, «Жетісу» телеарнасынан Меруерт Қыдырбайқызы «Үздік жас журналист» аталымына ие болды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы