1 желтоқсаннан бастап жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылды: кімдер өтініш бере алады?

Уақыты: 13.12.2023
Оқылды: 825
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақстанда 1 желтоқсанда басталған жаңа бағдарлама бойынша кімдер ипотека ала алады? "Отбасы банк" басшысы Ләззат Ибрагимова айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, жаңа тұрғын үй бағдарламасы академиялық ғылыммен айналысатын жастарға бағытталған. Қатысушыларды жұмыс беруші белгілейді.

"Отбасы Банк" мәліметінше, ғылыми ұйымдардың бірінші басшылары қол қойған жолдаманы алған бағдарламаға қатысушы төлем қабілеттілігін бағалаудан өту үшін банкке баруы керек.

Биыл қазанда Ғылым және жоғары білім министрлігі мен "Отбасы банк" арасында жас ғалымдарға арналған 2023-2027 жылдарға кредиттеу бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Келісімге сәйкес, Отбасы банк жас ғалымдарды кредиттеу үшін 5 жылға шамамен 16,6 млрд теңге қаржы бөледі.

Министрлікпен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісін аккредиттеу туралы куәлігі бар 29 ЖОО-дан тұратын және 24 ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдар енген тиісті тізбе жасалып "Отбасы банкі" АҚ-на ұсынылды.

"Отбасы Банк" орталық филиалының директоры Жансұлтан Матай бағдарламаға қатысатын жас ғалымдарға қойылатын талаптар туралы айтты.

"Келісімге сәйкес 40 жасқа дейінгі жас ғалымдардың магистр дәрежесіндегі атағы болуы керек. Гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында ғылыми жобалар мен бағдарламаларға қатысып жүрген ғалымдар қатыса алады. Ғылыми-зерттеу жұмыс өтілі кемінде 3 жыл болуы тиіс. Бұл жерде ешқандай кезек жоқ. Университеттер мен инстиут басшылығы зерттеумен айналысып жүрген ғалымдарына жолдама беріп, банкке жібереді. Шартқа сәйкес олардың 20 миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндігі бар", - дейді ол ОКҚ-да өткен брифингте.

Оның айтуынша, ғалым банкке келіп, өзінің төлем қабілетін растағаннан кейін үш айдың ішінде пәтер алуға болады.

"Басты шарт - ғалымның өз атында немесе отбасы мүшелерінің атында үй болмауы керек. Бұл үй сатып алуға берілген алғашқы көмек деуге болады", - дейді Жансұлтан Матай.

Фото:depositphotos.com