«Жетісу – кітап керуені» Астанаға жетті

Уақыты: 08.02.2024
Оқылды: 919
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Бүгін «Жетісу – кітап керуені» жобасы аясында Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Талдықорғандағы С. Сейфуллин атындағы облыстық орталық кітапханадан жолданған Жетісу қаламгергерлерінің кітаптарын, атап айтқанда 500 дана кітапты салтанатты түрде қабылдап алды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Салтанатты шараға ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева, Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов, сонымен қатар бүгінде Астана қаласында тұратын жетісулық қаламгерлер, оқырман қауым қатысты.

Рухани басқосу барысында өткен жылы Жетісу облысы әкімінің қолдауымен жарыққа шыққан жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанат Елшібек пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қаламгер Қадыр Әлімқұловтың кітаптарының тұсауы кесілді.

Осы жиында Ғазиза Нұрғалиев Бас кітапханының атынан Жетісу облыстық С. Сейфуллин атындағы орталық кітапхананың кітап қорын толықтыру үшін 1 мың дана түрлі бағыттағы кітаптарды сыйға тартты.  

Жалпы Жетісу өңірінде облыс әкімінің қолдауымен кітаптар 2006 жылдан бері шығарылуда. Бұл игі үрдіс бүгінгі күні де жалғасын тауып, жергілікті қаламгерлердің шығармашылығын қолдаудың жарқын үлгісі болып келеді.

Тақырыпқа орай: ЖЕТІСУ ЖАУҺАРЛАРЫ ЖОЛ ТАРТТЫ.

Фото: gov.kz