КЕЙІНГІ ЖАСТАР ТОҚСАНЫНШЫ ЖЫЛДАРДЫҢ ТАРИХИ ОҚИҒАЛАРЫН БІЛЕ МЕ?

Уақыты: 06.04.2021
Оқылды: 1111
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ел еңсесі тіктеліп, талай жылдар бойы арманға айналған тәуелсіздікке қол жеткізгелі 30 жыл толады. Осы уақыт аралығында талай сыннан сүрінбей өтіп, әлем елдері көз тіккен мемлекет құрдық. Экономикамыз өрістеп, халықтың әл-ауқаты көтерілді. Ұлттық болмысымызға сай бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, береке-бірліктің арқасында айбынымыз асқақтады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қиындыққа толы болды. Жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта кәсіпті дамыту, өнеркәсіп орындарын құру секілді аса жауапты қадамдар күтіп тұрған еді. Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қыруар жұмыстар қолға алынып, нәтижесін берді. Елорданы Алматыдан Астанаға көшірудің өзі үлкен жауапкершілікті жүктеді. Жаңадан салынған қаланың қарыштап дамуы, заманауи ғимараттардың бой көтеруі Қазақстанның атын әлемге әйгілі етті. Еліміздің түкпір-түкпірінен көшіп барған халық туған жерлеріндей қадір тұтып, қазір сол жерде өсіп-өнуде. Нұрсұлтан Әбішұлының: «Тәуелсіздік – біздің маңдайға басқан бағымыз»  деген сөзі әр қазақтың жүрегінен орын алды. Өйткені қандай да бір шыңға  шығып, алып белестерді бағындыруымыз тәуелсіздіктің жемісі.

Қазақстанның отыз жыл ішінде жеткен жетістігіне ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақалада жан-жақты тоқталған болатын.

– «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді халқымыз. Кешегі өткен хандар мен қағандардың дәуірі ғана емес, соңғы отыз жылдағы жасампаздық жолымыз да бүгінде тарихқа айналып, күн сайын алыстап барады. Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді. Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Шын мәніндегі ахуал олай емес. Елбасы сол кездегі саяси-экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және басқа да жағдайларға байланысты жеті рет емес, жетпіс рет өлшеп, бір рет кесуге мәжбүр болды, – деген Президент сөзінен-ақ тәуелсіздік атты қасиетті ұғымның тереңіне бойлауға болады.

Ендігі кезекте бір атаның баласындай еңбек етіп, ата-бабадан қалған мол мұраны келешек ұрпаққа аманаттау барлығымызға жүктелген асыл міндет. Осы жолда аянбай еңбек етейік!

Дәурен ДОЛАМБЕКОВ,

Д.Қонаев атындағы №1 қазақ орта мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі

Қапшағай қаласы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды