МАТЕМАТИКА ПӘНІН ОҚЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ ӘДІСІ ҚАНДАЙ? МҰҒАЛІМ МІНБЕРІ

Уақыты: 09.04.2021
Оқылды: 1063
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әрбір мұғалімнің негізгі мақсаты – сабақ сапасын көтеру, онда пайдаланылатын цифлық технологияларды қолдануды жетілдіру, оқушылардың оқуға деген қызығушылығын арттыру, олардың нәтижелі білім алуына жол ашу.

Қазіргі таңда әлемде орын алып отырған пандемияға байланысты біздің де мақсатымыз өзгеріп, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері және интербелсенді құралдардың көмегімен сабақты қызықты өткізіп, мұғалімнің де, оқушының да шығармашылықпен жұмыс істеуіне жол ашылып отыр. Сондықтан, оқу-тәрбие үдерісінде үнемі жаңа оқыту құралдарының мүмкіндіктерін ұтымды пайдалану – әр педагогтың міндеті.

Жаңа цифрлы технологияларды пайдалану арқылы дамыта оқыту, қашықтан оқыту, дара тұлғаға бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асырудамын. Математика пәнінде цифрлық технологияларды қолдану оқушының ойын дамытып, өзіне қажетті мәліметті ақпарат көзінен таңдап өз бетінше ойланып, шешім қабылдауына мүмкіндік ашады. Сондай-ақ, сабақ өтуде интерактивті тақтаны пайдалану оқу тиімділігін арттырады.

Ғаламтордағы қызықты ақпараттарды да сабақ тақырыбына қарай таңдап қолдануға болады. Математика сабағында ақпараттық технологияны тиімді пайдалану – білім сапасының артуына әкеледі.

Жаңа ақпараттық технологияны математика сабағында пайдалану арқылы оқушылардың білім, білік дағдыларын қалыптастыруға, қызығушылығын арттырып, түрлі деңгейдегі есептерді шығарып, оны талдай білуге баулуға болады. Логикалық ойлау қабілеттерін дамытып, ғаламтор желісінен сабаққа қажетті деректерді өз бетімен ізденуге, компьютерлік сауаттылықтарына жол ашылады. Сабақта алған білімдерін өмірде қолдана білуге тәрбиеленеді.

Математика сабағында ақпараттық-технологияны жаңа тақырыпты өткенде, қорытынды, қайталау сабақтарында қолдану өте тиімді. Сабақ барысында слайд-фильмдерді, электрондық оқулықтар, ғаламтор желісінің ақпараттарын пайдалану сабақтың маңызын арттырады. Алайда біздің мақсатымыз тек ақпаратпен жұмыс жасау емес сол арқылы оқушылардың компьютерлік сауаттылығын арттыру және жетілдіру. Бұл тұста оқушылардың өздерінің ақпараттармен жұмыс жасай білу және оларды іріктеп алу дағдыларын жетілдіру қажет.

Интерактивті тақта оқытудың түрлі тәсілдерін қолдануға мүмкіндік береді. Балалар естігеннен гөрі көзбен көрген нәрсені жақсы қабылдайтынын ескерсек, мұндай сабақтың нәтижесі де зор болмақ.

«Білім алу – батылдық, оны толықтыру – даналық, ал шебер қолдана білу – өнер» деген нақыл сөзге сүйенсек, түрлі әдіс-тәсілдерді жүйелі түрде сабақта қолдану жеке тұлғаның дамуына, нәтижелі білім алуына, жаңа ақпараттарды меңгеруіне септігі тиері сөзсіз.

М.БЕРТІСОВА,

М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы,

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан