БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫСЫ ЖАЗЫЛМАҒАН ТАҚТА СЕКІЛДІ: МҰҒАЛІМ МІНБЕРІ

Уақыты: 02.05.2021
Оқылды: 2487
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бастауыш – білім берудің негізгі әрі алғашқы сатысы. Баланың алдағы оқу, үлгерім, жетістігі бастауыш сыныпта алған білім, тәрбиеге тікелей байланысты. Бастауыш сыныпта баланың жеке қабілеттерін анықтап, білімін ашу, айнала қоршаған орта туралы дұрыс түсінік қалыптастыруына мән беріледі.

Мұғалім үшін бастауыш сынып оқушысы жазылмаған тақта, ашылмаған арал секілді. Сол баланың бойындағы қабілет-қарымды ашып, білімге деген ынтасын қалыптастыруда ұстаз шеберлігінің маңызы зор.

Осы орайда әрбір ұстаз «қайткенде терең, тиянақты білім беремін» деген сауалға жауап іздейді. Сапалы білімге қалай қол жеткіземіз дегенде оқытудың жаңа технологиялары көмекке келері анық.

Мен өз тәжірибемде қолданып жүрген «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» технологиясы оқушылардың ойлау қабілетін жан-жақты дамыту мен ауызша, жазбаша шығармашылық ізденіс дағдыларын сыни тұрғыда қалыптастыруға мүмкіндік ашады. Бұл бағдарламаның мақсаты – талдау, саралау, жинақтау, түйінін ашу арқылы баланы сыни тұрғыдан ойлауға бағыттау. Сондай-ақ, оқушылардың топта жұмыс істеу, басқаларды тыңдау, бірін-бірі сыйлау, өз көзқарасын дәлелдеп қорғай білу дағдылары дамытылады. Бұл ретте эссе, Венн диаграммасы, кубизм, семантикалық карта, еркін жазу, түртіп алу жүйесі сынды сабақ мақсатына қызмет ететін, оқушының өз бетімен жұмыс істеуіне мүмкіндік ашатын элементтерді қолданамын. Сабақтың мақсатын қоя отырып: «Мен осы сабақтан не күтемін, менің оқушыларым қандай нәтижеге жетеді? Осы мақсатқа жеткізетін әдіс-тәсілдерді қалай қолданамын?» деген мәселелерге көңіл аударамын.

«Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» жобасының әдістері сыныптағы үйреншікті жағдайды өзгертіп, балаларды жұппен, үлкен және кіші топтарда жұмыс істеуге қызықтыруды көздейді. Сын тұрғысынан ойлау жобасын қолданғанда мұғалімге нақты техникалар мен әдістерді таңдауда және оған шығармашылықпен қарауына ешқандай шектеулер қойылмайды. Мұғалім оқулыққа тәуелді болмай, стратегияларды оқу материалына және оқушылардың ерекшеліктеріне қарай бейімдей алады. Бұл жоба оқу мен жазу арқылы ой тәуелсіздігінің дамуына арналған. Ал, ой тәуелсіздігінің санасы азат, бәсекеге қабілетті жас ұрпақты қалыптастыруда маңызы зор.

Маржан ДОСКЕЛДИНОВА,

М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан