ФОТОКӨРМЕ: ӘРБІР СӘТТЕ БІР СЫР БАР

Уақыты: 14.06.2021
Оқылды: 1518
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорғандағы «Атамекен» кәсіпкерлер ғимаратында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына, облыс орталығының 20 жылдығына орай «Құрмет» орденінің иегері Шүкір Шахай мен Жеңіс Ысқабайдың бірлескен «Тәуелсіздік – ақ арман, Талдықорған – бақ ордам» атты фотокөрмесі өтті. Оған аймақ басшысы Амандық Баталов қатысты.

Әуелі Амандық Ғаббасұлы қаз-қатар тізілген суреттерді көріп, әр фотоға қатысты оқиғаны есіне алып, жылы естеліктерімен бөлісті. Иә, фотокөрмедегі суреттер елдің өтпелі кезеңінде, жаңару мен даму тұсында түсірілген. Талдықорғанның өркендеуіндегі әр сәт фотоаппаратқа ілінген. 
– Суреттерді көргенімде әр ғимараттың тарихы, үлкен оқиғалар есіме түсті. Бұл фотолар келешек үшін құнды болмақ. Біздің қандай аумалы-төкпелі кезеңнен өткенімізді осы суреттер айқындап тұр, – деді облыс әкімі Амандық Баталов. Одан кейін сөз алған Алматы облысының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев «Ең әуелі маңдайшада жазылған сөзге қарайық. «Шүкір мен Жеңістің көрмесі». Осы екі сөздің өзінде ұлтымыздың бір дәстүрі тоғысқан сияқты. Шүкір бар жерде Жеңістің болатындығы белгілі, – деп ақжарма тілегін білдірді. Артынша Талдықорғанның әр кезеңіндегі фотолар топтастырылған кітаптың тұсауы кесілді. Оған облыстағы барлық фотографтардың суреттері жинақталған. 
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің жеке фотографы Шүкір Шахайдан  «ерекше суреті жөнінде» сұрағанымызда: «Әр суретім қымбат. Бірақ Ту мен Елтаңба қабылданған сәттегі тарихи суреттерім ерекше. Негізі тудың алғашқы нұсқасы басқаша. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде туда бейнеленген күн мен қыранды ортаға қойып, шетіндегі өрнектерді қошқармүйізге ауыстыртты. Қызық айтайын, сол кезде келіншегім перзентханада болды да, бір жастан асқан қызымды қарайтын адам болмай, өзіммен бірге Парламент Үйіне ала барғанмын. Сөйттім де, қызымды асханадағы келіншектерге қалдырып, бас-көз болуын өтіндім. Ол бәріміздің есімізді шығарды. Асхана мен мәжіліс залының ортасында жүгіріп жүріп, мемлекеттік рәмізді қабылдаған сәтті түсіріп алғаным Жаратушының маған берген сыйы деп білемін», – деп жауап берді.
Көрмедегі әр суреттің өз тарихы бар, сонысымен құнды. Фотоларды аралап көріп жүрген келуші Асқар Құранбек ел егемендік алған  алғашқы жылдары Санкт-Петербургтан Түркістанға келген алып тайқазанның суретін құшақтап отырған әжелердің суретін көрсетіп «неткен ғажап сурет?!» деп, әр сурет көңілінен шыққанын айтты. 
Амандық Баталов көрменің ашылу салтанатының соңына қарай  қонақ Шүкір Шахайға қазақы дәстүрмен шапан жапты, ал облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен» Жеңіс Ысқабай мен «Жетісу» газетінің фототілшісі Аслан Қажекені, Алғыс хатпен Мұрат Қаспақов, Сергей Щербаков, Руслан Қадыров, Дарын Досербеков, Марат Толқынов, Арлан Әбзелбаев және Ержан Әбішевті марапаттады. 
Жалпы екі жүзге жуық сурет көрмеге қойылған. Ал талдықорғандықтар мен қала  қонақтары көрмені бір ай бойы тамашалауға болады.

Серік ҚАНТАЙ