Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТҮРМЕДЕН КЕЛГЕН ТОСЫНСЫЙ НЕМЕСЕ РАЙЫС МОЛДАНЫҢ АҚЫРҒЫ АМАНАТЫ

Уақыты: 06.10.2021
Оқылды: 2810
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кешегі қылышынан қан тамған Кеңес өкіметінің солақай саясатын мойындамай, халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрі мен наным-сенімін, ділі мен дінін қорғау жолына өмірін құрбан еткен азаматтар Көктеректе де жеткілікті. Солардың бірі және бірегейі – бүгінде тарих тасасында қалып қойған, аты мен қасіретке толы ғұмыры аңызға тұрарлық, Алашордашылармен бірге иық тіресе халқына қызмет атқарған жерлесіміз Райыс молда.

Олай болса, бұл  әңгіме аузынан Алласын тастамай, қасиетті кітабы Құран Кәрімді ұлықтап, ислам діні мен Алаштың азаттығы жолында өмірін тәрк еткен Райыс молда  жайында болмақ. Көнекөз қарттардың бұрынғы айтқаны, артында қалған ұрпақтарының естелігі мен қолда бар деректерге сүйенсек, Райыс молда мөлшермен 1897 жылдары Семиречье облысы, Лепсі уезі, Қысқаш-Садыр болыстығындағы Қанжыға мекенінде өмірге келген. Ол кісінің дін жолына түсуіне отбасындағы тәрбие, яғни әкесі, өлкемізге белгілі қажы Мұхамадидің тікелей ықпалы болған, арабша сауаттылықты да алғаш әкесінен үйренген.

Райыс молда ауылда ислам дінін уағыздап, мұсылмандық парызын бекем ұстап, шариғат заңдарына мойын ұсынып, жерлестерін имандылыққа үндеген зиялы азаматтардың қатарынан еді. Бірақ ол кісінің мұндай асыл қасиеттері мен имандылығы өз басына сор болып жабысып, жарты ғасыр ғұмырын қараңғы қапас түрме мен Кеңес одағының жазалау лагерьлерінде өткізгенін бүгінде біреулер білсе, біреулер мүлде біле бермейді.

Ержетіп, оң мен солын таныған соң, көзі ашық, еті тірі, қалтасы қаржыға толы ширақ жігіт Райыс үйленіп, Алматы қаласына қоныс аударған. Оның өз кіндігінен Ғайникамал (Кәмәш) және Аят атты қос қызы өрбігені аян.

Молданың үлкен қызы Кәмәш: «Өзінің дін әлеміндегі білгірлігі мен белсенділігінің арқасында Райыс әкеміз Алматы  қаласындағы Алашорда үкіметінің дінмен айналысатын басқармасы қызметкерлерінің бірі  болып, қаражат жағын қадағалаған», – деп отырады екен өз балаларына айтқан әңгімесінде.

Осы жерде біраз шегініс жасап, тарихи құжаттарға назар аударсақ. Филология ғылымының докторы Ғарифолла Әнес: «Орынбор қаласында 1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында өткен жалпықазақтың ІІ съезінің қаулысына көз жүгіртсек, ел ішінде дін өкілдері – молда, ишан, қарилердің өте беделді болғаны, Алаш қайраткерлері оларды үнемі төрге оздырып, ел алдындағы олардың беделдеріне сүйенгендігін көреміз», – деп жазады 1918 жылы 25 қаңтарда шыққан «Сарыарқа» газетінің  №29 санына сілтеме жасап.

Бұл  орайда қосымша айта кетсек, 1917-1918 жылдары барлық қазақ облыстарында өткен, әрқайсысы 10 күн мәжіліс құрған съезд-жиындарда дін өкілдері үнемі алдыңғы қатардан көрінген. Жиынды Құран дұғасымен бастаған және аяқтаған, өздерінің пәтуалы сөздерін айтып отырған.

1918 жылғы азамат соғысында жеңіске жеткен Кеңес жүйесі бар билікті қолына алған соң «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметін таратты. Алашордалықтарды Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен аластауда алдау мен арбау әдісін де, қару жұмсап, күштеу жолын, «халық жауы» деп түрмеге тоғыту жазасын да кеңінен қолданды.

Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің Алаш қозғалысына белсене қатысқандардың барлығына амнистия, яғни, кешірім жасағанына қарамастан, олар түгелге дерлік сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбандарына айналды. Кеңес үкіметі өз күшіне енгеннен кейін алашордалықтардың өткенін еш уақытта ұмыта да, кешіре де алған жоқ. Түрлі әдіспен бүркемеленген қудалау ақыры Алаш зиялыларын жаппай қырғынға ұшыратты.

Бұл зобалаңнан Райыс молда да аман қала алмады, көптеген Алаш қозғалысына қатысқан зиялы қазақ қайраткерлерінің кебін киіп, атамыз да тар қапасқа қамалды. Өлкемізге белгілі бай, Қанжығадан шыққан алғашқы қажы, әкесі Мұхамадиден Райысқа қалған мал мен байлық Кеңес өкіметі өкілдерінің көзіне қызыл шүберектей көрініп, мазасын алды.

Райыс молданың байлығы жөнінде бұл маңайда айтылатын аңыз аз емес. Көктеректің көзі тірі көнекөз қариясы Ташболат Сәбитов «Көктерегім – көктегенім» атты кітабында Райыстың мол ақшасы жайлы әңгімені былайша өрбітеді: «1960 жылдардың бірінде Қырыққұдық-Мәмбетбайды қыстаған  малшылардың әр үйі «тегін ақшаға» қарық болып қалды. «Ахмет-Тохмет» базын қыстап отырған Әлдекенов Исатай аға Керенскийдің қос үкіметі тұсында шығарған «көкала» ақшасын «Райыс қажы» қыстауының «бодамы» (үйдің іргесі) астынан қазып алыпты. Түлкі ін қазғанда біраз сыртқа шыққан ақшаны көріп, ертесіне күрек алып келіп, інді ары қарай қазады. Пачка-пачка болып буылған ақша, ораулы күйінде, су болмай, бұзылып-шірімей таза сақталған. Мұндай ақшаны сол кезде көргеніміздің өзі қызық, мен де бір барғанда біреуінің үйінен бір уысын алдым». Басқасын айтпағанда, осы деректің өзі Райыс атамыздың қаржыдан ешқашан қысылмағанын көрсетеді.

1928 жылы 19 қыркүйекте Лепсі уезі Өлкелік комиссиясының Бөрібай ауданы бойынша бекіткен шаруашылықтарды тәркілеу тізімі шығып, арасында бес болыс Садырға билік жүргізген Базарбайдың Тәсібегі және Мұхамади қажы бар, барлығы он бір адам қатты қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеге тоғытылып, жер аударылғанын  архив құжаттары айғақтайды. Уақыт өте келе, НКВД-нің жандайшаптары ендігі жерде қажының ұлы Райыстың соңынан шам алып түседі. Ақыры Райыс молда алғаш рет 1930  жылдардың басында «бай-кулак» ретінде сотталып, Сібірдің  сансыз  лагерьлерінің біріне жер аударылып, қараңғы қапасқа қамалады.

Арада жылдар жылжып өте береді, айдауда жүрген иманжүзді  Райыс атамыздан ешқандай оқыс қылықтар байқалмайды.  Өмірден түйгені көп тәрбиелі де сауатты азамат құлшылығын іштей жасап, бір Алладан үмітін үзбей, болған істің артын үлкен сабырлықпен күтеді. Тағдырдың басына салғанына көнген ол кісінің түрмедегі  үлгілі тәртібі басшылық тарапынан  қағыс қалмайды. Райыс Мұхамадиұлын жіті қадағалап, жеріне жеткізе қазбалаған НКВД  қызметкерлері оның  ісі мен абақтыдағы тірлігінен қылмыскерге  тән қылықтар таппайды.

Райыс молдаға тағылған айыптың негізсіз екенін, мұның бәрі жабылған жала екенін аңғарған түрме басшылығы рақымшылық жасап, ардақты азаматты қамаудан босатады. Туған жері, туысқаны  мен қос қарашығын сағынған Райыс атамыз Көктерекке оралуға қанша оқталғанымен, кезінде әкесі Мұхамади қажыны да жала жауып ұстатқан ауыл «белсенділерінің» өзіне де тыныштық бермейтінін түйсігіне түйіп, анық сезеді.

Уақытында Алматыда жүргенде өзімен қызметтес болып, ұлтының тәуелсіз ел болуын бірге көксеген кейбір алашордалықтардың ішінде большевиктердің құрығынан құтыла білген бірен-саран азаматтар да бар еді. Олардың біразы Алашорда қозғалысының астанасы болған Семей қаласында тұратын. Солармен ақылдаса келе, Райыс  заман түзелгенше, ауылға бірден бармай, Семейде уақытша бола тұруға шешім қабылдайды. Күн артынан күн өтіп, ай артынан ай жылжығанмен Райыстың есінен  туған елі мен ағайын-жұрты, құлындай құлдыраңдаған қыздары бір сәтте шыға қоймайды.

Қос ботақанына деген сағыныш, бабалары мен әкесінің басына барып Құран бағыштау арманына айналды. Осы мақсатын іске асыру үшін, бір қолайлы сәтті пайдаланған ол  Көктерекке бет түзеп, жолға шығады. Алайда арада өткен сан жылдар оның ауылына да үлкен өзгерістер мен жаңалықтар әкелген еді. Кеңес үкіметі қолға алған коллективизация науқаны молданың туған жерін де айналып өтпей, бұрынғы өзі дүние есігін ашқан «Қанжығабұлақ», тай шаптырым жердегі «Борлыбұлақ» ендігі жерде ТОЗ-ға айналып, Лепсі өзенінің ар жақ, бер жағындағы  жерлерде бөлек отырған ағайындардың бәрін  күштеп  қосып, «Ворошилов» ұжымшары құрылған болатын. Ауылға келіп, аз уақыт мауқын басқан Райыс атамыз «Аяқ көлде» мәңгілік мекенін тапқан әкесі Мұхамади қажының басына  барып, Құран бағыштайды.

Коммунистік үлгіде құрылған ұжымшарда адамгершілік арын таптап,  ауылдастарының ығырын шығарып, құтын қашырған, «шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсенділер мен НКВД агенттері де жоқ емес еді. Сондайлардың бірі «Райыс молда ауылға қайтып келіп, ескінің жолын аңсап, жаназа шығарып, Құран оқып, Кеңес үкіметі мен коммунистер саясатына қарсы келіп жүр» деп ауданға домалақ арыз дөңгелетіп жібереді.

Осылайша, 1937 жылдары Райыс атамыз енді екінші мәрте ұсталып, ұзақ мерзімге түрмеге қамалып кете барады. Ол кісі  ұсталып кеткен соң  тағдырдың мына соққысы аз болғандай жан жары өмірден озып, жетім қалған қыздары  Кәмәш пен Аят  балалар үйіне өткізіледі.

Бұл жағдайды кеш естіген Райыс молданың туған қарындасы Самауырын Көктеректен ағасының балаларын  іздеп, Алматыға келеді. Арада өткен екі-үш жылдың ішінде балалар үйіндегі  орысша оқытылған оқу мен тәрбиенің қос қыздың өмірін күрт өзгерткенін, текті апамыз Самауырын бірден аңғарады. Байқап қараса, тұлымы желбіреген қос жетім тек орысша сөйлейтін дәрежеге жеткен. Бұл үрдіс ары қарай жалғаса берсе, жеткіншектердің «шоқындыға» айналатынын бар жан-тәнімен сезген Самауырын апа балалар үйінің басшылығымен келісіп, қос қарлығашының болашағы үшін кепіл болып, оларды алып ауылға қайтады.

Қолда бар деректерге қарағанда, Райыс молда айдауда өзінің жерлесі, бөрлітөбелік 1892 жылы туған Ахметсапа қажымен бірге  болған екен. Азап лагерінің қиыншылықтарын молдамен бірге өткерген Ахметсапа түрмеден  аман-есен оралып, 1940 жылдардың ортасында  «Ворошилов» ұжымшарына қоныс аударады, ол мұнда  1946 жылға дейін  тұрып, Лепсіге көшеді. Діни сауаты өте  мықты болғандықтан, кейін Семейге арнайы шақыртылып, ондағы орталық мешітке имам болып, бар ғұмырын осы  жерде дін жолына арнап  өмірден өтеді.

Ахметсапа қажы жайлы Райыс молданың немересі Жекен аға былайша  естелік айтады: «мен 1967 жылы Семейдің имамы Ахметсапа қажымен арнайы кездесуге бардым. Ондағы мақсатым – қилы заманды басынан өткерген Райыс атамның өміріндегі «ақтаңдақтарды» шамам келгенше ашып, шындықты анықтау болатын. Мені ол кісімен кездесуге қолыма хат ұстатып жұмсаған Самауырын апам еді. Жас болсам да, Ахметсапа қажы  мені үлкен құрметпен қарсы алып, барынша сый-сияпатын көрсетті. Содан бері 54 жыл өтсе де осынау аузы дуалы, бүкіл Семей өңіріне  белгілі  қажының ағынан жарылып: «Шырағым, сенің атаң  Райыс тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы еді. Адамгершілігі жоғары, діни оқуы өте күшті, білімді  азамат болатын.  Алашордалық қайраткерлермен тығыз байланыста болған Райыс молдамен «ит жеккенге» бірге айдалдық. Жас жағынан Райыстан біраз үлкен едім, оның үстіне денсаулығым сыр беріп, қатты әлсіреп жүрген кезім. Этапты айдап бара жатқан НКВД-ның қызметкерлері сәл сүрінген әлсіз тұтқындарды  өздеріне әуре болмасын деп табанда атып тастайды. Менің басыма да осындай қауіп төнді. Райыс болса, өте мығым, денсаулығы күшті, қуатты жігіт. Қауқарым қалмаған мені арқасына салып арқалап, қолымнан жетелеп, қорған болып, барар жерімізге дейін осылайша демеп жеткізіп, өлім аузынан алып қалып еді. Халқының біртуар ұлы еді, амал нешік, Алланың басына салғанына көнгеннен басқа амалы болмады ғой.  Жалпы, бүгінгі мен отырған мына орын Райыс молданың  орны, сол азаматқа лайық еді», – деп көзі жасаурап отырып айтқандары әлі күнге дейін есімде. Бұл факті де Райыстың діни  сауаттылығының өте жоғары дәрежеде болғанын әрі қайраткерлігін айқындаса керек.

1985 жылдың сәуір айының соңы. Орел қаласы. Теміржол вокзалы. Офицерлердің  айқай салған  бұйрықтарына әскерлердің қолын жұлқа тартып, абалап үрген  иттердің даусы қосылып,  пойыз құрамының ең соңындағы «арнайы вагонның» маңайын азан-қазан жасауда. Қос қолдарын арттарына қайыра ұстаған тұтқындар автозактан түскен бетте, автоматпен қақпайлаған солдаттардың екпінімен бүкшең қаға жүгіріп, вагонзакқа қарай өлермендікпен ұмтылуда.

Айнала айғай-шу. Жарқ-жұрқ еткен прожектордың жарығы көз жанарыңды қариды. Кенет бір сәтке тыныштық орнап, осындағылардың барлығы назарларын «автозакқа» аударды. Бәрі тұрған орындарында қатып, тапжылмай қалған. Зембіл үстінде жүрелей отырған мосқал тұтқынды төрт жағынан қаумалай көтерген жолдастары «автозактан» баппен түсіріп, «вагонзакқа» қарай асықпай аяңдады. Жасы сексеннің сеңгірінен әлдеқашан асқан қарт тұтқынның зембіл үстіндегі отырысы құдды бір құрыштан құйған ескерткіш дерсің. Омырауын жапқан аппақ сақалы, мұнтаздай таза қара робасымен астасып, кексе тұтқынға ерекше бір сұс бергендей.

Небір атышулы тұтқындарды күзетіп, түрме аралап, этаппен еріп  жүрген қаншама офицер кәрі арестантқа құрмет көрсеткендей, орындарында қалшиып қатып қалған. Тұтқындар түгелдей тиеліп біткен соң, этапты қабылдаған әскерилер «арнайы вагонның» есігін бекітіп, өздері іштегі жабдықталған орындарына жайғасты. Біршама уақыт өткен соң, орнынан ыңырана қозғалған пойыз Ресейдің орталық өңірі Орелден Сібірдегі  Красноярск қаласын бетке алып, ышқынып жөнеп берді.

Осы вагондағы тұтқындарды этаппен әкетіп бара жатқан әскерилер арасында алыстағы Қазақстанның Талды-Қорған облысы, Бөрлі-Төбе ауданы, М. Горький кеңшарының тумасы Сәрсенбек Сағымбаев та бар еді. Жас жауынгер бұл уақытта әскери борышының бір жарым жылын өткізіп, енді алты айдан соң еліне қайтуға  дайындалып жүрген «сақа» болатын.

Ішкі істер әскерлерінің бұйрығы бойынша, «вагонзактағы» кезекшілікте  тұрған сарбаздар әрбір екі сағат сайын бір-бірін алмастырып тұрады. Түн ортасында кезекшілік уақыты келген Сәрсенбекті қарауыл бастығы тұтқындар жатқан  бөлікке жақын жерге күзетке  орналастырды. Біраз мезгілден соң, тұтқындар тегіс ұйқыға кетіп, мүлгіген тыныштық орнады. Ойы сан-саққа жүгіріп, елегізіп тұрған Сәрсенбекке тұтқындарға тамақ беретін «кормушка» жақтан бір әуезді, мұңды ән естілгендей болды. Демін ішіне тартып әлгі әуенге құлақ салғанда,  іштегі тұтқындардың біреуінің қазақша ыңылдап, өлең айтып отырғанын сезді. Онсыз да елін сағынып, бір жарым жыл бойы қазақша сөйлесетін адам таппай, аласұрып жүрген сарбаз шыдамай, темір тордың ар жағында төмен қарап, ыңылдап отырған тұтқынға барынша жақын келіп, назар аударды. Көзін алмай, тыныш тұрып, телміре қарады.

Қыраудай болып ақ шалған басын асықпай Сәрсенбекке бұрған әлгі тұтқын шал әлден уақытта: «Қазақсың ба?» – деп тосын сауал тастады. «Иә», – деп жауап қатқан одан тұңғиық тартқан мұңлы жанарын алмастан қадала қарап: «Мен де қазақпын, Ворошиловтанмын», – деді көкірегін кере күрсініп. Олар сыбырлай сөйлесіп, бір-бірінен ептеп сыр тарта бастады. Әскери қатал тәртіптің бұлжымас ережесін бұзған сарбаз бен заңға қайшы келіп тұтқынға түскен арестанттың арасы беймәлім бір күштің шырмауына түскендей жақындай түсті. Бірақ екеуара енді басталған әдемі  әңгіме әп-сәтте аяқталды, себебі, бұл кезде сарбаздың кезекшілік өткізіп, тынығатын уақыты таянған еді.

Темір төсек үстінде күміс сақалын тарамдап, көзінен аққан алты тарам жасын білдірмей сүртіп, жүрелей отырған, тоқсан жасқа таянған бұл тұтқын бағанағы «вагонзакқа» аса бір құрмет көрсетіліп зембілмен кірген  көктеректік Райыс молда болатын.

Этаппен келе жатқан тұтқындар аяғынан тік тұрып құрметтейтін ақсақал күндіз жанындағы тағдырластарымен ара-тұра орыс тілінде сөйлесіп әңгіме-дүкен құрса, түн баласы ұйықтамай бірде күңіреніп, бірде ыңылдап, қазақша әуен айтудан жалықпайтын. Онысы кейде кербез даланың мұңлы әніне ұқсаса, енді бірде қасиетті Құран аяттарының мақамы мен әуезіне де келетін.

Жеті күнге созылған сапар барысында Сәрсенбек шамасы келгенше, орнынан өздігінен тұрып, жүре алмайтын ақсақалдың көңілін аулап, қолына түскен шай мен дәмді тамағын аузына тосты. Әйтеуір бір қазақтың баласы ғой деп, бауыр басып, өзіне үйреніп  қалған Сәрсенбекке кезекті әңгіме барысында тұтқын байғұс тұңғиықтан тартып, ішіндегі сырын тұтамдап шығарды. Сағымдай бұлдырап, өмір бойы ақ арманына айналып, қиялына қанат бітірген  алыстағы «Ворошилов» деген жерде кіндік қаны тамған ауылы мен қыздары қалғанын жеткізді.

Өзінің сонау 1937 жылы «халық жауы» деген жала жабылған айыппен сотталып, темір тордың ар жағында елу жыл бойы  жараланған арландай,  санасын сан жаққа жүгіртіп, көп сұраққа әлі де жауап таппай сенделетінін баяндады. Қанша жерден сабыр сақтағанымен, қасиетті Құран аят-тарын оқыған сайын жақындары есіне түсіп, бар ғұмырының елу жылы егілумен өтіп келе жатқанынан хабар берді.

Этап аяқталуға бір күн қалғанда Райыс қажы Сәрсенбекті жанына шақырып, қатпарланып әжім басқан мойнынан бой-тұмарын шешіп, тарамыстанған қолына таспиығын алды. Жарты ғасыр бойы бірде қойнына тығып, енді бірде мойнына салып, қандай қорлық пен адам жаны шыдамайтын азап шексе де мойымай, қашанда сарғайған сағынышын басып, үміт отын жағып, әрдайым өзін мүмкін болар бостандыққа бастаған бойтұмарының қақпағын ашты.

Аса бір шеберлікпен слюдадан жасалған тұмар ішіндегі ұқыптылықпен оралған сарғайған қағаз арасынан шеттері  жырымдалып жыртыла бастаған ескі суретті шығарды. Екі жағына кезек теңселе отырып, көзіне келген жасын іркіп, «суреттегі бүлдіршін қызы тірі болса, «Ворошилов» деген жерден тауып алып, тек қана соның  қолына ұстатуын» өтіне сұрап, аманат тұмарын Сәрсенбекке тапсырды.

Әттең-ай, әттең, не керек, жиырма жастағы алаңғасар жас сарбаздың өзіне қарт тұтқын аманатқа ұсынған суреттегі қыз баланың ауылдағы өз көршісі Аят апа, ал «Ворошилов» болса,  өзінің  туған жері Көктеректің бұрынғы атауы екені қаперіне де кіріп шықпады.

Құдіреті күшті Алла өзінің туған ауылының ескі атауын білдірмей, осы соңғы этаптан қайтысымен қызмет атқаратын әскери бөліміне жетуді ғана ойлап тұрған сарбаз алдында отырған «сапарлас» тұтқынның соңғы аманатын орындауға уәдесін беріп,  қош айтысып, басқа пойызға  ауысуға асығып бара жатты. Мына бес күндік жалған дүниемен араздасатын мезгілінің де жақын қалғанын барлық болмыс-бітімімен, жан дүниесімен түсінген  тоқсанға таянған тұтқын қария болса, көкірегі қарс айырылып,  асыға басып бара жатқан сарбаздың соңынан ойлана қарап, бір сәт үнсіз қалды.

Тағдыры тәлкек болып, саналы ғұмырының тең жартысын айдауда өткізген зарлық тұтқынның сол кезде көңіліне медет тұтар бір-ақ жұбанышы бар болатын. Бұл жұбаныш – осы азап арқалаған жарты ғасыр бойы өзіне үміт отын жағып, өмір сүруге жетелеген бойтұмарының қызы Аятқа тапсырылатынына деген болмашы ғана сенім еді.

Тағдыр тәлейі  осыдан кейін алдағы бұлыңғыр әрі мәнсіз өмірінде Райыстың басына тағы да нендей ауыртпашылық салғаны бір Аллаға ғана аян. Киесіндей сақтаған бойтұмарының тойымсыз қара жерге өзімен бірге кетпей, соңғы аманатына қиянат жасалмай, туған ауылы Көктерегіне жетіп, қызы Аятының қолына тапсырылатынын, қайран әке, әрине, білген жоқ.

Этапты өткізіп, Орел қаласына  қайта оралғанда, Сәрсенбекті жағымсыз хабар қарсы алды. Әскери бөлімше командирі оған туған бауыры Сарқыттың қаза болғанын естіртіп, еліне барып қайтуы үшін демалыс берілетіндігі жайлы құжатты қолына ұстатады.

Ауылына  келіп, ағайынымен көрісіп, мауқын басқан соң, Сәрсенбек өзінің ойынан шықпай  жүрген,  тұтқын ақсақалмен болған кездейсоқ кездесу уақиғасы мен оның аманаты жайлы Шәкен атасына әңгіме айтып, «Ворошилов» деген ауылды Қазақстанның қай түпкірінен іздеу керектігін сұрайды. Терең ойға шомып, жиен немересінің әңгімесін толықтай үнсіз тыңдаған Шәкен атаның «әттеген-айдан» өзегі өртеніп, аузына  айтар сөз түспейді. Сәрсенбекті соңына ертіп, көршісі Аят апаның босағасынан аттаған Шәкен ақсақал Райыс молданың ақырғы аманаты – бойтұмарын қызының қолына тапсырады.

Мына күтпеген хабар төбесінен жай түскендей әсер еткен Аят апа болса, есі кіресілі-шығасылы қалпында әкесінің бойтұмарын бетіне басып, аймалап сүйіп, қатал тағдырдың осынау тосынсыйына сенерін де, сенбесін де білмей, өкси егіліп, ұзақ жылапты.

1953 жылдың 27 наурызында СССР Жоғарғы кеңесі президиумының амнистия жайлы жарлығына сәйкес бір миллион екі жүз мыңнан астам тұтқын бостандыққа шықты. Бұл жарлық адам өлтіргендер, қарақшы-тонаушылар, социалистік меншікті жымқырғандар мен контрреволюциялық қылмыс жасағандардан басқаның бәріне жүрді. Біздіңше, Райыс Мұхамадиұлының ісі контрреволюциялық қылмыс қатарына қосылып, аталмыш бүкілхалықтық амнистияға да ілікпей қалған сияқты.

Имандылық пен мұсылманшылықтың туын көтеріп өткен молда  атамыздың адам өлтіріп, қарақшылықпен айналысып, ел байлығын тонауы да мүмкін емес. Олай болса, Райыс Мұхамадиұлы тек саяси тұтқын. Кеңестер одағының Қылмыстық кодексі бойынша саяси сенімсіз элемент ретінде «он жыл бойы хат-хабар алуға және жазуға құқықсыз» деген баппен қамалған Райыс молданың «кінәсі» тым ауыр саналатын. Сталиннің репрессиясы бойынша да мұндай статьямен сотталған тұтқындар негізінен саяси тұтқындар еді және олардың бәрі өлім жазасына кесіліп, міндетті түрде атылатын. Райыс молданың елу жыл бойы қараңғы қапасқа қамалып, пешенесіне туған елін көру бақыты бұйырмағаны әлі шешілмеген жұмбақ дүние. Сағы сынбаған асыл ерге туған жерінің топырағы бұйырмай, тоқсан жасқа жетіп барып, Красноярскідегі уран кен орындарының бірінде соңғы демінің үзілуі өте өкінішті әрі аянышты жағдай.

Есенай ІҢКӘРБАЕВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «саясаттану және саяси технологиялар» кафедрасының доценті,

саясат ғылымдарының кандидаты

Сурет ғаламтордан алынды