ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ - БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ КЕПІЛІ

Уақыты: 18.02.2022
Оқылды: 1231
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорғандағы Достық үйінде Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Керімбек Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесу өткізіп, еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықтың негізі саналатын жұмыстарды бірлесе атқару жолын қарастырды.

Кездесуді ашып, жүргізіп отырған «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Серік Үпиев Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты құрылымдар мен этномәдени орталықтардың еліміздегі бейбітшілік пен келісімге қосар үлесіне тоқталды.

– Табиғи байлығының молдығымен мақтана алатын Қазақстанда сан түрлі ұлттар бірлесе тірлік кешуде. Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясының бейбітшілік пен тұрақтылыққа қосар үлесі мол, – деген Серік Үпиев кездесудің мақсатын түсіндіріп өтті. – Халқымыздың осындай береке-бірлігін бағалай білуіміз керек. Өйткені, бұл болашақтың жарқын болуына апаратын тура жол есептеледі. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – Жетісу жеріндегі Қоғамдық келісім кеңесі мен Аналар кеңесінің және этномәдени бірлестіктердің жұмыс сапасын арттыруға арналып отыр.

Сөз кезегін алған Болат Керімбек ұлтаралық келісім мен ішкі саясаттағы тұрақтылықты сақтау мемлекеттік саясаттың ең басты бағыттарының бірі екендігіне тоқталды.

– Мұндай құндылықтар тәуелсіз Қазақстандағы барлық табыс пен жетістіктің кепілі саналады, – деген ішкі саясат басқармасының басшысы келешектің кемелдене түсуіне ықпал ететін жастардың үлесін салмақтады. Оның айтуынша, ол үшін өскелең ұрпақ сапалы білім, саналы тәрбие беру керек.

Кездесу осындай нақты тұжырыммен қорытындыланды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"