БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ САЛАСЫНДАҒЫ РЕФОРМАЛАРДЫ ҚАЛАЙ ЖЕДЕЛДЕТЕМІЗ?

Уақыты: 17.03.2022
Оқылды: 1589
Бөлім: РУХАНИЯТ

XXI ғасыр - адамзат өркениетінің және әлем елдерінің заман талабына сай даму жүйесі орын алған жаңа кезеңнің бастауы. Қазақстан Республикасы да көш ағымынан қалмай, бәсекеге қабілетті, әлеуметтік жағдайы жетілген, экономикалық көрсеткіші жоғары мемлекетке айналуы үшін Президентіміз – Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында көптеген өзгерістерді енгізген болатын.

Жыл сайын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақты түрде Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды. Президентіміздің биылғы Жолдауы қос палатаның бірлесе отырып қатысуымен, 16 наурызда өткізілді.

Қ.Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы кезекті Жолдауында еліміздің егемендігі мен бейбітшілігін сақтап қалу мақсатында халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайын және құқықтық-саяси еркіндігін арттыруға бағытталған арнайы тапсырмаларды атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бұл жолдауында жақын арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылауы міндетті іс-шараларды нақты көрсетті. Алдағы уақытта Қазақстанның әрбір мүшесі, яғни, қарапайым халық мемлекет тарапынан берілген артықшылықтар мен мүмкіндіктерді бірдей дәрежеде, тең құқылы түрде қолданатын болады.

Мемлекеттік сатып алу тәртібін жеңілдету үшін ең алдымен бюрократизм мен формализмді жою қажет, сол себепті жуық арада Президентіміз – Қ.Тоқаевтың "Мемлекеттік органдарды бюрократиясыздандыру туралы" Жарлығы әзірленеді.

Біздің көзқарасымыз бойынша, Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы Жолдауында белгіленген барлық міндеттер қоғамның әртүрлі салаларындағы жүйелі өзгерістерді жеделдетуге бағытталған. Ал, өткен жылдың ағымындағы, яғни, қыркүйек айындағы «Халық бірлігі - мемлекет өркендеуінің басты негізі» деп аталатын Жолдауынан Қазақстан халқы көреген көшбасшылық пен сындарлы саясаткерліктің бейнесін байқай алды. Себебі, Президентіміз 2021 жылғы Жолдауында билік басындағы тұлғалар мен қарапайым халықтың тең құқылы екендігін жариялап, екі тарап бірлесе отыра, жұмыс жасаудың нәтижесінде ғана еліміздің гүлденуіне атсалысатынын ашық түрде мәлімдеп, көпшілікті ауызбіршілікке шақырған болатын.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасындағы білім мен ғылым саласына басты назарды аударды, дәл осы тапсырманың арқасында еліміздегі мұғалімдердің жалақысы, студенттердің шәкіртақысы көтерілді және дарынды оқушыларды қадағалап, оларға жоғарғы деңгейдегі жұмыстарды орындатып, дұрыс бағыт-бағдар беру үздіксіз жүргізілді. Ғылым саласында ғылыми-зерттеу институттары техникалық құрал-жабдықтармен және инвестиция жағынан тікелей қаржыландырумен қамтамасыз етілді.

Еліміздегі жоғарғы оқу орындарының білім деңгейі бойынша рейтингте көш бастап тұрған, киелі де қасиетті білім ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті екендігі баршамызға белгілі. Әлемнің екінші ұстазы атанған, ойшыл, ғұлама әл-Фарабидың есімі берілген Қазақ ұлттық университеті – тәуелсіз еліміздің мақтанышы, Қазақстандағы №1 жетекші оқу орны. Президентіміздің тарапынан берілген тапсырмалардың аясында біздің университетеміздің де білім беру жүйесінде біршама өзгерістер орын алып, жаңашыл бағыттағы оқу форматы жасалды.

Мәселен, республикамыздың заң саласына толықтырулар мен өзгерістер енгізілуіне байланысты факультетіміздегі оқу жүйесі де жаңа форматқа ауысты. Ендігі кезекте факультет құрамындағы оқытушылар қауымы студенттерге теорияны және тәжірибелік негіздерді ұштастырып, яғни, қосып оқыту бағдарламасы арқылы түсіндіреді және болашақ білікті заңгерлерді даярлап шығару үшін аянбай еңбек етеді. Біздің университетіміздің бір ерекшелігі, ҚазҰУ аумағында білім алушы әрбір студент басқа мемлекеттің жоғарғы оқу орындарында тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие. Қазіргі таңда факультетімізді тамамдаған сан мыңдаған жас түлектердің басым бөлігі беделі жоғары жұмыс орындарына орналасып, халықаралық аренада шетелдер мен Қазақстан Республикасының сыртқы қарым-қатынастарының жақсаруына өз септігін тигізіп жатқандығы біз үшін - үлкен мақтаныш.

Жаңа Қазақстанның көреген көшбасшысы, ел Президенті Қ.Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында өз тарапынан, атап өткен барлық міндеттер мен тапсырмалардың орындалуын қадағалап, мемлекетіміздің мәртебесін көтеруге уәде берді. Ендеше, бір шаңырақ астында татту-тәтті өмір сүріп жатқан әрбір қазақстандық Мемлекет басшысының жаңа бағыттағы бастамаларына қолдау көрсетіп, еліміздің қарқындап дамуына өз үлестерін қосуы қажет.

Н.КАЛИШЕВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті,

заң ғылымдарының докторы

Д.СЕРІКҚАНОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультеті халықаралық құқық мамандығының 4-курс студенті