АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БІРНЕШЕ МЕКТЕБІ ДАРЫНДЫ ОҚУШЫЛАРДЫ ІЗДЕП ЖАТЫР

Уақыты: 20.03.2022
Оқылды: 2375
Бөлім: РУХАНИЯТ

Елімізде алғаш рет өткен оқу жылында мамандандырылған білім беру ұйымдарына оқушыларды қабылдау шарасы ұйымдастырылған еді. Алматы облысынан былтыр байқауға 5, 6, 7-сыныпқа оқуға түсу үшін 558 оқушы қатысты. Оның ішінде 320 оқушы оқуға қабылданған болатын. Бұл үрдіс биыл да жалғасуда.

Бастаманы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы жүзеге асырады. 2022-2023 оқу жылында Алматы облысы білім басқармасына қарасты 6 мамандандырылған білім беру ұйымы оқуға түсу үшін құжаттар қабылдайды.

Атап айтсақ, Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын №20 арнаулы лицейі, Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Мұхтар Арын атындағы №24 «экономика және бизнес» арнаулы лицейі, Қарасай ауданындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын әл-Фараби атындағы арнаулы гимназиясы, Жамбыл ауданындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Қарғалы №2 арнаулы гимназиясы, Ш.Смағұлов атындағы Алматы облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты, Абай атындағы Алматы облыстық мамандандырылған гимназия-интернаты.

Шәкірттерге оқуға түсу үшін онлайн тіркелу 1 наурыз-1 сәуір аралығында жүргізіледі. Ал құжаттар «Дарын» ғылыми орталығының арнайы сайты (үстінен басыңыз) арқылы қабылданады. Іріктеу конкурсы 15 сәуір-1 мамыр аралығында оффлайн режимде өткізіледі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"