ӨМІР СҮРГІМ КЕЛЕДІ ӨЛЕҢМЕНЕН ЖҰПТАСА. АҚСУДА ҚУАТ ҚАЙРАНБАЕВ ОҚУЛАРЫ ӨТТІ

Уақыты: 17.05.2022
Оқылды: 2103
Бөлім: РУХАНИЯТ

Өлең өлкесіне ерте ат шалдырып, өзінің лирикалық толғамдарымен оқырманын сусындатқан білгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қуат Қайранбаевтың оқулары өтті. Ақынның туған ауылы Егінсудағы орта мектеп қабырғасында өрнек тапқан жыр аламанына Ақсу ауданының жүйріктері қатысып, өзара бақ сынасты.

Жырға іңкәр оқушылар арасында өткен Қуат Қайранбаев оқулары бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Осыныу игі шараның басында Егінсу орта мектебінің қабырғасында өткен жылы ашылған Қ.Қайранбаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинетіне қонақтар ат басын бұрып, ондағы ақынның тапсырған казақ классиктерінің кітаптарымен, қаламгердің жетістіктерін паш ететін бірегей заттармен, мақтау қағаздары, грамтотарлар сынды дүниелермен танысып шықты. Өз кезегінде аталмыш мектеп оқушылары ақын шығармашылығына құрылған қойылымды сахналады.

Өмірді мейлінші шынайы жырлаған, махаббат пен парасат, адамгершілік, ізгілік сынды асыл қасиеттерді көркем бедерлеген, туған ел мен жерге деген ақындық көзқарасын қасиетті сөзбен әбзелдеген Қуат Қайранбаевтың оқуларына аудандық «Сарқан» газетінің бас редакторы, ақын Жомарт Игіман төрағалық етті. Қазылар алқасының құрамында белгілі жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Асыл Сұлтанғазы, Ақсу аудандық «Ақсу өңірі» газетінің бас редакторы Ләззат Қасымбекқызы және Қобызшы Молықбай атындағы Мәдениет үйінің директоры Досмұхамбетов болып, аталған азаматтар оқушылардың өнерін бағалады.

Қарапайым қазақтың қара өлеңіне өзіндік зер салып жүрген Қуат ақынның өлеңдерін аудан мектептерінен келген өрендер тамылжыта оқыды. Үш аталым бойынша өнер көрсеткен жас жеткіншектердің поэзияға деген сүйіспеншілігі өлеңнің маңызын түсініп оқығанынан, тебірене толғағанынан байқалып тұрды.

Байқауға жете дайындықпен келген оқушылар алдымен «Өмір сүргім келеді, өлеңменен жұптаса» аталымында ақынның жырларын жатқа оқыды. Жаттаған өлеңнің саны, сапасы, мәнерлеп оқуы бойынша өзінің жүйрік екенін көрсетсе, «Сезімнің тереңінен лағыл терем» аталымында ақынға арнаған өлеңдерін оқыды. Қара өлеңнің Қуаты атанған қаламгердің өмірі мен өлеңін жырға қосып, ақындығы мен азаматтығын дәріптеді. Ал «Тұңғиық ойым тереңім» аталымында ақынның порзасын оқып, өзара мықтыны анықтады.

Осылайша «Сезімнің тұнығынан лағыл терем» және «Өмір сүргім келеді, өлеңменен жұптаса» аталымдары бойынша Н.Есеболатов атандағы орта мектептің оқушысы Айсұлу Қасым 1-орын иегері атанып, дипломмен және теледидар ұтып алды. «Тұңғиық ойым тереңім» аталымы бойынша І.Жансүгіров атындағы орта мектептің оқушысы Мәлика Күмісбаева 1-орын иегері деп танылды.

Айта кетерлігі осынау жыр додасында өзге де орын алған оқушылар бағалы сыйлықтармен марапатталып, тәрбиешілері Алғыс хат иеленді. Үш аталым бойында өнерін ортаға салған алпысқа жуық өреннің барлығы да құралақан қайтпай, Дәурен Қуат, Жомарт Игіман, Қуат Қайранбаевтың кітаптарын олжалады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"